Жүйеге кіру
ЕЭК-да Мұнай және газ бойынша Консультативтік комитеттің алғашқы отырысы болып өтті

ЕЭК-да Мұнай және газ бойынша Консультативтік комитеттің алғашқы отырысы болып өтті

08.02.2013

2013 жылдың 6 ақпан күні Мәскеу қаласында Энергетика және инфрақұрылым бойынша Алқа Мүшесі (Министр) Даниал Ахметовтың төрағалығымен ЕЭК жанындағы Мұнай және газ бойынша Консультативтік комитеттің алғашқы отырысы болып өтті.

Бұл іс-шараға Беларусь Республикасы Экономика министрлігінің және Энергетика министрлігінің, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, Мұнай және газ министрлігінің әрі Табиғи монополияларды реттеу бойынша Агенттіктің, Ресей Федерациясы Экономикалық даму министрлігінің, Энергетика министрлігінің, Монополияға қарсы Федералдық қызметтің, Тарифтер бойынша Федералдық қызметтің өкілдері, сондай-ақ үш елдің де мұнай-газ салаларындағы компаниялардың өкілдері қатысты.

«Мұнай-газ саласы Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңестің барлық қатысушы үш елінің де жаһандық мүдделері жүйесіне енген сала. Осы саладағы мүмкіншіліктер әлемдік экономикадағы біздің ең үлкен бәсекелестік артықшылығымыз болып табылады», - деп хабарлады Даниал Ахметов, Консультативтік комитеттің отырыс қорытындылары бойынша баспасөзге арналып өткізілген брифингте.

Энергетика және инфрақұрылым бойынша Алқа Мүшесі (Министр) БЭК аясында мұнай мен газдың ортақ нарығы «біршама дәрежеде жұмыс істеп тұр, десек те бұл әзірге үкіметаралық келісімдердің негізінде болып отыр» - деп атап өтті. «2015 жылдың 1 қаңтарына қарай, Біртұтас экономикалық кеңістіктің мұнай және газ ортақ нарығының нормативтік құқықтық базасы толық қалыптасуы мүмкін», - деді Даниал Ахметов.

Отырыстың күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, мұнай-газ тасымалдау жүйелеріне қол жетімдіктің бірыңғай ережелерінің, олардың техникалық мүмкіншіліктерін және бос қуаттылықтарды анықтаудың бірыңғай әдістемесінің, БЭК қатысушы мемлекеттердің энергия ресурстарының индикативтік баланстарын қалыптастыру әдістемесінің әзірленуін қамтыды.

Бұл аталған құжаттардың әзірленуі, БЭК қатысушы мемлекеттердің мұнай-газ саласындағы мемлекетаралық қарым-қатынастарын тиімді түрде реттеу үшін аса маңызды.

Қазіргі уақытта мұнай-газ тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің нақты белгіленген шарттарының, техникалық мүмкіншіліктері мен бос қуаттылықтарын анықтаудың тікелей әрі айқын механизмдерінің болмауы, БЭК қатысушы мемлекеттердегі энергия ресурстары нарықтарының ықпалдасуы жолында кезігетін белгілі бір деңгейде кедергілер туындатып отыр.

БЭК аумағында мұнай-газ саласына қол жетімдіктің ортақ ережелерінің әзірленуі және қабылдануы еуразиялық энергетикалық ықпалдасудың ортақ мақсаттарына сәйкес келеді, әрі энергия ресурстарының ортақ нарығын құрудың негізгі құралы және қажетті алғышарты болып табылады.

БЭК қатысушы мемлекеттердің энергия ресурстарының индикативтік баланстарын қалыптастыру әдістемесін әзірлеудің қажеттілігі қазіргі уақытта баланстарды қалыптастырудың үш ел үшін бірыңғай әдістемелік және терминологиялық базаларының болмауы, мұнай-газ ресурстарын тасымалдау саласында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жетімдікке ие болуда баланстарды есепке алу тәртібінің реттенбегені себепші болып отыр.

Отырыста жоғарыда аталған құжаттарды әзірлеу мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауға арналған техникалық тапсырмалар мақұлданды.

Консультативтік комитеттің мүшелері сонымен қатар, Консультативтік комитеттің жұмыс Регламентін және Комитеттің 2013 жылға арналған Жұмыс жоспарын қабылдады.

Анықтамалық ақпарат: Мұнай және газ бойынша Консультативтік комитет ЕЭК Алқасының 2012 жылғы 28 маусымдағы № 195 Шешімінің негізінде құрылды. Алқаның сол шешімімен Мұнай және газ бойынша Консультативтік комитет туралы Ереже мен Комитеттің құрамы бекітілген. Энергетика және инфрақұрылым бойынша Алқа Мүшесі (Министр) Даниал Ахметов Комитеттің төрағасы болып табылады.

Комитеттің негізгі міндеті – КО мен БЭК мүше мемлекеттердің өкілдерімен консультациялар өткізу және мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыруға бағытталған негізгі қағидаттар мен іс-шаралардың анықталуын қоса алғанда, мұнай және газ саласында саясат жүргізуде бірыңғай көзқарастарды қалыптастыру бойынша БЭК Алқасы үшін ұсыныстар әзірлеу, газ тасымалдау жүйелері арқылы газды тасымалдау саласындағы баға белгілеу мен тарифтік саясаттың негіздерін құру, сондай-ақ сол нарықтарда бәсекелестікті дамыту болып табылады.