Жүйеге кіру
ЕЭК пен АХҚО ынтымақтастық перспективаларын талқылады

ЕЭК пен АХҚО ынтымақтастық перспективаларын талқылады

06.07.2018

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) ресми ашылуымен байланысты оның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) институттарымен және Еуразиялық экономикалық комиссиямен  (ЕЭК)  ынтымақтастығы   қаржы нарықтарын дамыту  мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың негізі бола алады. Бұл туралы Astana Finance Days конференциясы шеңберінде  Астанада өткен «ЕЭК – АХҚО: ынтымақтастық көкжиектері» жалпы сессиясы барысында ЕЭК-тің Экономика  және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов мәлімдеді.

Сонымен бірге сессияның модераторы ретінде өзін көрсеткен ЕЭК министрі «АХҚО базасында құрамына ЕАЭО мемлекеттерінің ортақ қаржы нарығының жұмыс істеуі механизмін қалыптастыру саласындағы тәуелсіз сарапшылар кіруі мүмкін  жұмыс тобын» құру туралы да айтып өтті.

Тимур Жақсылықовтың пікірінше, бұл жұмыста Еуропаның ортақ қаржы нарығын құру тәжірибесін пайдаланауға болады. Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығы базасында  арнаулы жұмыс тобын құру ЕАЭО елдерінің ортақ қаржы нарығын құқықтық реттеудің тұжырымдамалық тәсілдемелерін әзірлеуіне ықпал ете алар еді.

Күн тәртібі  ЕАЭО мен Қытайдың  «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ)  бастамасын ұштастыру жөніндегі өзара іс-қимыл мәселелерін қамтиды. Тимур Жақсылықов  осы ұштасу шеңберінде АХҚО инфрақұрылымдық жобаларға арналған инвестициялар тарту институты бола алар еді, деп шамалайды.

ЖЖЭБ жобасын ілгерілету үшін Қытай арнайы қаржы институтын – қытайлық Жібек жолы қорын (ЖЖҚ) құрды, оның  40 млрд. АҚШ долларына жуық капиталы  ҚХР-дың алтын-валюта резервінен (65%), Қытай инвестициялық компаниясының, Қытай экспорт-импорт банкінің және Қытайдың Даму банкінің активтерінен қалыптастырылған. «АХҚО-ның әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қормен ынтымақтастықты дамытқан орынды деп санаймын»,- деген пікір білдірді ЕЭК министрі.

Ол мүше мемлекеттер ЕАЭО туралы шартқа сәйкес жүргізуге тиіс келісілген макроэкономикалық саясат жөнінде және  мемлекеттік борыштың мөлшері,  мемлекеттік бюджеттің жылдық тапшылығы және инфляция көрсеткіштері сияқты базалық макроэкономикалық параметрлерді сақтау туралы айта келіп, «бұл интеграциялық бірлестіктің тұрақтылығы, осы күрделі әрі үлкен жүйенің орнықты экономикалық және қаржылық дамуы үшін маңызды» деп атап өтті.

ЕЭК-тің Интеграция  және макроэкономика жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Татьяна Валовая да белгілі бір салаларда келісілген саясат жүргізудің маңыздылығы туралы айтты. «ЕАЭО туралы шартты әзірлеп  жатқанда  біз  қай салалардағы саясатты келісу керек деп ұзақ пікір алмастық,- деп хабарлады Татьяна Валовая.- Еуропалық тәжірибені мұқият талдай келе,  мысалы, біз егер айту талап етілгеннің өзінде  бірыңғай валюта туралы айтуға әлі ерте екенін түсіндік. Неге? Біз экономикалық құрылымдарымызды қарадық, олар Еуропалық одақтан біршама айырмашылықты. Бізде өзара сауданың үлесі 14,5%-ға жететінін айтсақ та жеткілікті. Мысалы, кейбір Беларусь сияқты елдерде бұл  сауданың жалпы көлемінде 50%-дан астам. Тұтастай алғанда, оның азғантай үлесті құрайтын себебі, атап айтқанда, Ресей де, Қазақстан да  энергия жеткізушілердің әлемдік нарығындағы белсенді ойыншылар болып табылады және  олардың өнімдерінің  үлкен бір үлесі сыртқы нарыққа кетеді. Ал ЕО-да өзара сауда үлесі 66%. Яғни бірыңғай валюта енгізуден, әрине, олардың кәсіпкерлері көп үнемдеді».

Осы ретте валюта бағамдарының  күрт ауытқуы ортақ экономикалық кеңістікке зиянын тигізетін болғандықтан, Еуразиялық одақта  ақша-кредит саясатын да келісу  керектігіне көз жетті. «ЕАЭО-да   борыш, бюджет тапшылығы және инфляция бойынша келісілген көрсеткіштер бар. Өткен жылы  біздің елдеріміздің біреуі де қалмастан инфляция сияқты көрсеткіш бойынша ЕАЭО-да белгіленген критерийлерге кіргеніне  біз қуаныштымыз. Бұл  Одақ жұмыс істеген кезең ішінде біздің макроэкономикалық саясатымыздың  жақындай түскенін бейнелейді.  Енді бізге жаңа, бәлкім, ортақ инфляциялық таргет сияқты нәрселерді талқылау керек болады».

ЕЭК министрінің пікірінше,  өзара есептесулерде ұлттық валюталардың үлесін кеңейте түскен маңызды. Міне нақ осы мәселе АХҚО алаңында ойдағыдай талқылана алар еді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО елдерінің Одақ туралы шартты дайындау кезеңінде  2025 жылға қарай  Қазақстанда орналасатын ортақ қаржы нарығының ұлтүсті ретттеушісін құру туралы уағдаласқанын еске салды. Осыны ескере келіп, ортақ ұлттық нарықтарды, атап айтқанда ортақ қаржы нарығын реттейтін тиісті құжаттарды – Ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын және  бірыңғай биржалық кеңістік құру жөніндегі «жол картасын» әзірлеуді жалғастыру қажет.

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі АХҚО-ны  ұлттық реттеуші жүйелер шеңберінде ауқымды түрде қолдану мүмкін болмай отырған аса жаңа қаржылық технологияларды сынақтан өткізуге болатын пилоттық алаңға айналдыруды ұсынды.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы  Қайрат Келімбетов нәтижесі бүгінде анық байқалып отырған Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құру жөнінде үлкен жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Алайда БЭК пен ЕАЭО-ның әлеуеті әлі де толық іске асырылып отырған жоқ.

Ол тәуелсіздікке ие болғаннан кейін іле-шала Қазақстан Президентінің интеграцияға серпіліс бергенін еске салды, «өйткені елде тек бірыңғай экономикалық кеңістік  және  тарихи көршілерімізбен осындай өте тығыз өзара іс-қимыл шын мәнінде біздің экономикалық дамуымызды орнықты ете түсетінін нақты түсіну бар».

Оның пікірінше, Одақ елдерінің ынтымақтастық әлеуеті, бір жағынан, белгілі бір бәсекеде ( ЕАЭО қағидаттарының бірі – юрисдикциялардың жарысы) болса, екінші жағынан – Одақ шеңберіндегі өзара іс-қимыл мен тәжірибеде, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықта жинақталған.

«АХҚО іске қосылғаннан бастап  қатынастарымызды сондай жылдамдықпен дамытып жатқанымыз үшін ЕЭК-ке ризашылығымызды білдіреміз. Және де біз тиісті диалог үшін бұл алаңды әрқашан ұсынуға  дайынбыз»,- деді Қайрат Келімбетов.

АХҚО мақсатына келсек, ол  «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Жібек жолын жаңғыртуды, Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ұштастыру шеңберінде көліктік инфрақұрылымды қаржыландыру үшін хаб бола алар еді.

Бұдан басқа, орталықтың міндеттерінің бірі өз алаңында даму банктерін жинау болып табылады. «Біз барлық даму банктерінің тартылыс орталығы болғымыз келеді,ШЫҰ-да осындай банктердің банкаралық бірлестігі бар. ЕАЭО-да да осыған ұқсас банктер бірлестігін құру іске кедергі келтірмес еді деп ойлаймын. Бәрінен бұрын, даму банктері инфрақұрылымдық жобаларды бірге инвестициялауға тиіс. Қаржыландыру әлеуеті өте үлкен. Біз сараптама және даму банктерін жинауға дайынбыз»,- деді Қайрат Келімбетов.

Басқарушының сөзінше, АХҚО  - соған ұқсас барлық құрылымдармен қарым-қатынас жасаудың алаңы. «Қаржы хабтарының тұтастай бір желісі бола алады деп ойлаймын. Ауқымдырақ қарағанда,  біздің өңір енді ғана жаһандық тізбектер сапына тұра бастады. Біз бәріміз бірлессек, неғұрлым бәсекеге қабілетті бола түсеміз»,- деп қорытты ол.

Анықтама

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 438-V ҚРЗ Конституциялық заңына сәйкес экономикаға инвестиция тарту, сондай-ақ бағалы қағаздар, банк және сақтандыру қызметін көрсету нарықтарын, исламдық қаржыландыруды дамыту, таңдаулы халықаралық практикалар негізінде қаржылық қызметтер көрсетуді дамыту мақсатында құрылды.

АХҚО  Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымының өзегі ретінде жайғастырылған, ал перспективада – Еуропалық одақ пен Оңтүстік Шығыс Азия елдерінің капитал нарықтарын біріктіретін  қаржы хабы, Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасының инфрақұрылымдық жобаларын қаржыландыру орталығы ретінде жайғастырылады.

АХҚО-ның айырмашылықты ерекшелігі – оның шеңберінде арнайы юрисдикция енгізілгені болып табылады,  орталықтың қатысушылары арасындағы қатынастарды реттеу әлемдік қаржы орталықтарының таңдаулы стандарттары, ағылшын құқығының іс жүргізу қағидаттары мен нормалары негізінде жүргізіледі. АХҚО қатысушыларына айрықша салықтық преференциялар беріледі.

АХҚО жанында орталықтың Тәуелсіз соты, Халықаралық төрелік орталық  және  акционерлері  Шанхай қор биржасы (капиталда 25%) мен орталыққа  жоғары технологиялық сауда платформасын берген америкалық NASDAQ (7%) биржасы болып табылатын «Астана» халықаралық биржасы жұмыс істейді.

АХҚО  қатысушыларын тіркеуді, аккредиттеуді және лицензиялауды, олардың қызметін бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын, қатысушылардың тізілімін жүргізетін АХҚО-ның Қаржылық қызметтер көрсету жөніндегі комитеті жұмыс істейді.