Жүйеге кіру
ЕАЭО елдері ветеринариялық және фитосанитариялық мәселелер бойынша электрондық өзара іс-қимылды қалпына келтіруде

ЕАЭО елдері ветеринариялық және фитосанитариялық мәселелер бойынша электрондық өзара іс-қимылды қалпына келтіруде

05.04.2018

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Валерий Корешковтың бастамасымен Еуразиялық экономикалық комиссияда (ЕЭК) өткен жиналыста ветеринариялық бақылау (қадағалау) және өсімдіктер карантині саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) жануарлар өнімдерінен алынатын және өсімдіктен жасалған тауарлардың тасымалдануын электрондық бақылау жүйесін құруды  талқылады.

ЕЭК Министрі ЕАЭО елдерінде электрондық ветеринариялық сертификаттардың пайдаланылуын қоса алғанда, цифрлық өзара іс-қимыл бойынша бірыңғай тәсілдемені әзірлейтін жұмыс тобын Комиссияда қалыптастыруды ұсынды. Ол, негізінен, бірыңғай одақтық ақпараттық жүйенің цифрлық ветеринариялық сегментін «дәлдеумен» айналысады. Соның ішінде электрондық түрде берілген ветеринариялық ілеспе құжаттармен алмасу, сонымен қатар ветеринариялық қызметтің бақылауына жатқызылған жүктерді Одаққа әкелуге (шығаруға, транзитке) рұқсаттар туралы жалпы дерекқорды қалыптастыру, жүргізу және қолдану мәселелерімен айналысады. Жиналысқа қатысушылар бұл ұсынысты қолдады.

«Еуразиялық экономикалық одақтағы тауарлардың тасымалдануы толық ашық болу керек. Қазіргі заманға сай ақпараттық бақылап отыру жүйесін енгізу ветеринариялық және карантиндік фитосанитариялық бақылауға жататын, өнімнің барлық кезеңдегі қозғалысын түсіну мүмкіндігін береді», - деп атап көрсетті Валерий Корешков.

Жиналыста Одақ нарығына әкелінетін және оның нарығында айналысқа түсетін, өнімнің бақыланушылық жүйесін қалыптастыруға байланысты проблемалық мәселелер талқыланды. Тараптар осы саладағы ұлттық ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылын қалпына келтіруге кедергі жасайтын, техникалық сипатты проблемаларды жедел жояды.

2017 жылғы 10 қарашадағы Комиссия Кеңесінің шешіміне сәйкес жақын арада ЕАЭО елдерінде референтті зертханалар (орталықтар) қалыптастырылады. Жиналысқа қатысушылар ЕЭК-ке осындай зертханалар тізбесін, бірінші кезекте - осы шешім 2018 жылғы маусым айында күшіне енгенге дейін сүт пен етті қайта өңдеу өнімінің қауіпсіздік көрсеткіштерін бақылау жөніндегі зертханалар тізбесін ұсынады.

Бұдан бұрын ЕЭК Кеңесі ветеринариялық бақылау (қадағалау) жүргізу кезінде Зертханалық зерттеулердің (сынақтардың) жүргізілуін ұйымдастырудың бірыңғай ережелерін бекіткен болатын. Құжат ветеринария саласында уәкілеттік берілген ұлттық органдардың және зертханалардың (орталықтардың) қызметін реттейді, ЕАЭО кедендік шекарасында және кедендік аумағында ветеринариялық бақылау кезінде зертханалық зерттеуді ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды белгілейді. Осы ережелерді қолданудың арқасында, ветеринариялық-санитариялық қатынаста қауіпті немесе Одақтың бірыңғай талаптарына сәйкес келмейтін тауарлардың әкелінуіне жол бермеу мүмкіндігі беріледі.