Жүйеге кіру
ЕЭК COVID-19 таралуына байланысты шаралардың «екінші пакетін» іске асыруға кіріседі

ЕЭК COVID-19 таралуына байланысты шаралардың «екінші пакетін» іске асыруға кіріседі

IMG02732.jpg
31.03.2020

ЕЭК Алқасының 31 наурыздағы отырысының қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін әкетуге уақытша тыйым салуды белгілеуге бағытталған шаралардың «екінші пакетін» енгізу туралы шешім қабылданды. Олардың арасында - түйнек пияз, сарымсақ, шалқан, қара бидай, күріш, қарақұмық, тары, жарма, ірілеп тартылған ұн және дәнді дақылдар дәнінің түйіршіктері, келдекті қарақұмық дәндері, қарақұмықтан жасалған дайын тамақ өнімдері, ұсақталған және ұсақталмаған соя бұршақтары мен күнбағыс тұқымы бар. Оларды әкетуге 30 маусымға дейінгі кезең аралығында тыйым салынады. ЕЭК Алқасының шешімі Еуразиялық экономикалық комиссия сайтында жарияланған күнінен бастап 10 күн өткен соң күшіне енеді. Тыйым салуды енгізу санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың шиеленісуі кезінде халықты осындай тауарлармен жеткілікті шамада қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

Бүгінде ЕЭК COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына жедел ден қою мақсатында бірқатар шараларды қабылдап та үлгерді. Қабылданған шешімдер ЕАЭО-дағы экономикалық жағдаятты тұрақтандыруға көмектеседі, олардың Одақ елдерінің халқы үшін маңызды мәні бар.

 

Мәселен, ЕЭК Кеңесінің 16 наурыздағы отырысында «Кеден одағы Комиссиясының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің 2019-nCoV коронавирустық инфекциясының таралуын алдын ала ескертуге және болдырмауға бағытталған шараларды іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың тізбесін бекіту туралы» № 21 шешімі қабылданды. Ол ЕАЭО аумағында коронавирустық инфекцияның таралуын алдын ала ескерту және болдырмау үшін импортталатын тауарларды кедендік әкелу бажынан босатуды көздейді. Шешім бәрінен бұрын жеке қорғану құралдарына, дезинфекциялау құралдарына, диагностикалық реагенттерге, медициналық жабдықтар мен материалдардың жекелеген түрлеріне қолданылады. Әкелу бажын төлеуден босата отырып тауарларды әкелу денсаулық сақтау саласындағы ұлттық уәкілетті органдардың нысаналы мақсатты растауы негізінде жүзеге асырылады. Бұл арада сөз осы жылғы 16 наурыздан бастап Одаққа әкелінетін медициналық тауарлар туралы болып отыр. Кедендік әкелу баждарын төлеуден босату 30 қыркүйекке дейін қолданылады.

 

24 наурызда ЕЭК Алқасы «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі «Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» № 30 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» № 41 шешім қабылдады. ЕАЭО-дан жеке қорғану құралдарын, қорғану және дезинфекциялау құралдарын, медициналық мақсаттағы өнімдер мен материалдарды әкетуге уақытша тыйым енгізілді. Мұндай тауарлардың арасында - мақта, дәке, бинттер, маскалар, жартылай маскалар, маска-респираторлар, респираторлар, тыныс алу органдарын жеке қорғау құралдарына арналған сүзгілер, қорғаныс көзілдіріктері, дезинфекциялау құралдары, бахилалар, киімнің жекелеген түрлері мен киімнің керек-жарақтары, қолғаптар бар.

 

ЕЭК Кеңесінің 25 наурыздағы кезектен тыс отырысында «СОVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуын болдырмауға бағытталған шараларды іске асыру туралы», осындай шараларды іске асыру кезіндегі мәселелердің кең ауқымы бойынша ЕАЭО елдерінің бірлескен және үйлестірілген іс-қимылы туралы № 11 өкімі қабылданды.

 

Атап айтқанда, тараптар коронавирустық инфекцияның таралуына ден қою мақсатында қабылданып жатқан іс-қимылдар мен қабылданатын ұлттық нормативтік құқықтық актілер бойынша ақпарат алмасып, жедел консультациялар жүргізуге, денсаулық сақтау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығын қамтамасыз ету саласындағы ұлттық уәкілетті органдардың қызметін тұрақты негізде үйлестіріп отыруға уағдаласты.

 

Одақтас мемлекеттердің үкіметтеріне өзара көмек көрсету, соның ішінде тауарлардың тапшылығы туындаған жағдайда бір-біріне гуманитарлық, атаулы коммерциялық жеткізілімдер жасау мәселелерін пысықтау тапсырылды. Бірінші кезекте қажет тауарларды жеткізудің жедел мәселелері бойынша тиісті шешімдер қабылдау жөнінде өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғалар айқындалатын болады.

 

Коронавирустық инфекцияның таралуына ден қою шараларымен байланысты (кедендік-тарифтік, тарифтік емес және кедендік реттеу, көліктік, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, карантиндік фитосанитариялық бақылау, техникалық реттеу және еңбек көші-қоны салаларындағы) шешімдер кезектен тыс тәртіпте талқыланатын болады және ЕЭК сайтында жарияланған күнінен бастап 10 күн мерзімде күшіне енеді. Комиссияның маңызды құжаттарын қабылдау мен қол қоюды жеделдету және олардың күшіне енуі үшін қандай шаралар қабылданатыны туралы қосымша уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

Одаққа бажсыз әкелінетін тауарлардың тізімін толықтыру жұмысы жалғастырылуда. Оларға бірінші кезекте қажет тауарлар, тамақ өнімдері, жекелеген өндірістер үшін тым сындарлы шикізат пен компоненттер кіруі мүмкін. Мұндай қосымша тізбені 3 сәуірде ЕЭК Кеңесінің отырысында талқылау жоспарланып отыр.

 

Бұдан басқа, ЕАЭО мемлекеттерінің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссия коронавирустық инфекцияның таралуын алдын ала ескерту және болдырмау, пандемия жағдайындағы экономикалық дамуға жәрдемдесу жөнінде жаңа бірлескен шаралармен жұмыс істеуді жалғастыру үстінде.​