Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның өрт қауіпсіздігі мен өрт сөндіру құралдарына арналған техрегламенті 1 қаңтардан қолданыла бастайды

ЕАЭО-ның өрт қауіпсіздігі мен өрт сөндіру құралдарына арналған техрегламенті 1 қаңтардан қолданыла бастайды

30.12.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі (ЕЭК) 2017 жылғы маусымда қабылдаған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы» техникалық регламенті күшіне енеді.

Құжат өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, өрттің алдын алуға және сөндіруге, мүлікті сақтауға, адамдарды оттан және т.б. құтқаруға көмектесетін ерекшелікті тауарларға қолданылады. Техрегламенттің талаптары қолданылатын өнімдердің тізбесі оған қосымшада айқындалған. Бұл, атап айтқанда, өрт сөндіргіштер, өрт шкафтары, құлақтандырғыштар, өрт арынды жеңдері, өрт сөндірушінің арнайы қорғау киімі, өрт сөндіру жабдықтары және тағы басқалар.

Техрегламент бірыңғай міндетті талаптарды, сондай-ақ негізгі ұғымдарды, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын сәйкестендіру қағидаларын және олардың бірыңғай одақтық нарықтағы айналысын, бұдан басқа сәйкестікті бағалау тәртібін белгілейді. Атап айтқанда, бұл қаражат болдырылмайтын тәуекел дәрежесіне байланысты сертификаттау немесе сәйкестікті декларациялау нысандарында техникалық регламентке сәйкестікті бағалауға тиесілі.

«Еуразиялық экономикалық одақтың күшіне енетін техникалық регламенті нарықтың барлық қатысушылары үшін өте маңызды. Өйткені ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын шығару және қауіпсіз айналым қағидаларын айқындайды, –  деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко. –  2020 жылғы 1 қаңтардан бастап біздің елдеріміздің экономикалық интеграциясы жолындағы тағы бір техникалық тосқауылдың алып тасталатыны туралы айтуға болады».

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарының техрегламентке сәйкестігі оның талаптарын тікелей орындаумен немесе оны іске асыру үшін ЕЭК бекітетін стандарттар тізбесіне енгізілген стандарттар талаптарын орындаумен қамтамасыз етіледі.

ЕАЭО техрегламенті күшіне енген күннен бастап Одақтың құқығына кіретін актілерде немесе мүше мемлекеттің заңнамасында бұрын белгіленген міндетті талаптарға өнімнің сәйкестігін бағалау туралы құжаттарды беруге немесе қабылдауға жол берілмейді.

ЕЭК Алқасы белгілеген өтпелі ережелер өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарын дайындаушылар мен пайдаланушыларға 2021 жылғы 1 шілдеге дейін бірыңғай қағидалар бойынша жұмысқа бірқалыпты өтуге мүмкіндік береді. Осы күнге дейін сәйкестікті бағалау туралы бұрын берілген құжаттар қолданылатын болады, өнімді бұрынғы нормалар бойынша дайындауға және өткізуге жол беріледі.​