Жүйеге кіру
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары жаһандық өсу мен өркениетті прогресс көшбасшылары қатарына ену ұмтылысы туралы мәлімдеді

ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары жаһандық өсу мен өркениетті прогресс көшбасшылары қатарына ену ұмтылысы туралы мәлімдеді

29.05.2019
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) 29 мамырда Нұр-Сұлтанда (Қазақстан) өткен мерекелік отырысы барысында интеграция, макроэкономика, сауда, электр энергетикасы, кедендік ынтымақтастық, қаржы саясаты, қызметтер көрсетудің бірыңғай нарығы, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің экономикаларын цифрландыру, өнеркәсіптік ынтымақтастық, бәсекелестік салаларындағы және басқа бірқатар саладағы маңызды шешімдер қабылданды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық интеграция идеясының авторы ретіндегі айрықша рөлін танып және жоғары бағалай отырып, сонда-ақ оның Еуразиялық экономикалық одақты құруға, дамытуға және нығайтуға қосқан үлесін ескере келіп, Жоғары кеңес оған «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы» атағын берді.
Нұрсұлтан Назарбаев ЖЕЭК отырыстарына қатыса алады, күн тәртібіне енгізілген мәселелерді талқылау кезінде позициясын білдіре алады, Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуі және одан әрі дамуы жөнінде ұсыныстар енгізе алады.
ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары жаһандық өсу мен өркениетті прогресс көшбасшылары қатарына ену ұмтылысы туралы мәлімдеді. Бұл туралы олардың Одақ туралы шартқа қол қойылуының бес жылдығына байланысты бірлескен мәлімдесінде айтылған.

ЖЕЭК мүшелері Одақтың жұмыс істеуінің алғашқы оң нәтижелерін: өзара және сыртқы сауданың, ЖІӨ-нің, өнеркәсіп өндірісінің өсуін, кооперациялық жеткізілімдердің, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің, бөлшек сауданың артуын, инфляцияның қысқаруын, елдердің халықаралық рейтингтерінің жақсаруын қанағаттанғандықпен атап өтті. Алға қарай әлде де жүре түсу үшін жақсы негіз қаланды.

ЕАЭО елдерінің басшылары ұлттық валюталарды барлық өзара есептесулерде пайдалануды кеңейту, тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капитал мен жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігі туралы мәлімдеді. Одақтың азаматтарға арналған артықшылықтары арасынан жұмысқа орналасу мен әлеуметтік кепілдіктер алу мүмкіндігін, озық техникалық стандарттар мен талаптарды ендіру есебінен тұтынушылардың неғұрлым сапалы өнімге қол жеткізуін кеңейту атап өтілді. Мәлімдемеде Одақ мемлекеттерінің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға жеке назар аударылды.

Мәлімдемеде «Біз ЕАЭО-ны инвестициялар мен зияткерлік ресурстарды тартудың қуатты өңірлік орталығы, инновациялардың, жоғары технологиялардың, қолайлы іскерлік ахуалдың аумағы ретінде, сондай-ақ біздің азаматтарымыздың өмірін сапалық жақсарту және болашақ ұрпақ үшін тұрақты әрі перспективалы негіз қалыптастыру мүдделеріне жұмыс істейтін күшті, орнықты, бәсекеге қабілетті және өркендеген бірлестік ретінде көреміз. Біздің елдеріміздің бірлесе отырып жаһандық өсу мен өркениетті прогресс көшбасшылары қатарына енетініне күмән жоқ» деп атап өтілген.
ЖЕЭК мүшелері Одақтың ортақ электр энергиясы нарығын (ОЭН) қалыптастыру туралы шартқа қол қойды. Бұл ЕАЭО шеңберінде энергетика саласында жасасылуға тиіс осындай үш құжаттың біріншісі.
Халықаралық шарт ортақ электр энергиясы нарығы қалыптасуының, жұмыс істеуінің және дамуының құқықтық негіздері мен қағидаттарын айқындайды, оның жұмыс істеу қағидаларымен реттелетін салаларды белгілейді, сондай-ақ Еуразиялық үкіметаралық кеңес пен Комиссия Кеңесіне ЕАЭО ортақ электр энергиясы нарығын реттейтін актілерді бекіту жөнінде өкілеттіктер береді. Құжат Одақтың ортақ электр энергиясы нарығын басқаруды және жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жүзеге асыратын органдар мен ұйымдарды, оның қатысушылары мен инфрақұрылымдық ұйымдарды, электр энергиясын сатудың тәсілдерін айқындайды.
Ортақ электр энергиясы нарығын құру тұтынушылар үшін электр энергиясына ашық нарықтық бағалар белгілеуге мүмкіндік береді және Еуразиялық «бестік» елдерінің экономикалық өсуіне ықпал ететін болады. Мүше мемлекеттердің кәсіпорындары Еуразиялық кеңістікте неғұрлым арзан электр сатып ала алады, бұл олар шығаратын өнімнің өзіндік құнын кемітеді және түпкілікті тұтынушыларға арналған бағаларға оң әсер етеді. Ортақ нарықты құру Одақ елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға да мүмкіндік береді.
Ортақ электр энергиясы нарығын құруға қарай жасалған тағы бір маңызды қадам - Армения мен Қырғызстанның Мүше мемлекеттер арасындағы электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беруді (МАБ) жүзеге асыру әдіснамасына қосылуы болды, осыған сәйкес өтінімдер беру және электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық берудің жылдық болжамдық көлемдерін қалыптастыру тәртібінің негізгі ережелері бекітіледі. Сөйтіп, Армения мен Қырғызстан баға белгілеудің және тариф саясатының негіздерін қоса, электр энергетикасы саласында табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің ЕАЭО үшін ортақ қағидаттары мен қағидаларын қабылдады.
Мемлекет басшылары тауарлардың бір мүше мемлекеттің аумағынан екінші мүше мемлекеттің аумағына орын ауыстыруы кезінде олардың айналымының заңдылығын растау және кедендік әрі салықтық төлемдерді төлеуден жалтаруды болдырмау мақсатында ЕАЭО-ның кедендік аумағына әкелінген тауарлардың бақылану механизмі туралы келісімге қол қойды. Бақылану механизмі негізіне Одақтың әрбір елінде ақпараттық жүйені құру арқылы тауарларды құжаттық есепке алу жатады. Бұл ретте бақылану үшін қажетті мәліметтерді жүйе тауардың ілеспе құжаттарынан шоғырландырады. Бұдан әрі Комиссия Кеңесі бақылануға жатқызылған тауарлар тізбесін айқындайтын болады.
Жоғары кеңес мүшелері ЕЭК Алқасының Төрағасына Еуразиялық экономикалық одақтың және Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы орын ауыстыратын тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімге қол қоюға уәкілеттік берді.
Жоғары кеңес мүшелері 2019 жыл ішінде цифрлық күн тәртібін іске асыруды талқылады.
Бұл жұмыста Еуразиялық экономикалық комиссия бірнеше шоғырлану орталығын: цифрлық күн тәртібін іске асырудың ортақ механизмдерін, цифрлық бастамалар мен жобалардың бірыңғай картасын және келісілген саясатты іске асыруды қолда ұстап тұр. Бұдан басқа, ЕЭК бастамалар мен жобаларды қатарлас іске қоса отырып, одақтас елдердің үкіметтерімен бірлесіп цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін қажетті Одақтың нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыруда. ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асырудың 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарынан кейін бастамаларды пысықтау тәртібі мен бағалау критерийлері, жобаларды іске асыру механизмдері әзірленіп, бекітілді, бастамаларды басқару офисі қалыптастырылды. Комиссияға мүше мемлекеттердің бизнесі мен билік органдарынан елуге жуық бастама түсіп те үлгерді. Бастамаларды пысықтау механизмі оны бұдан да тиімді жасау жолындағы «төселтіп сынаудан» өтуде.
Баяндамада ЕАЭО цифрлық күн тәртібін іске асыру үшін Одақ елдерінің уәкілетті органдарымен және құзырет орталықтарымен бірге Комиссияда жобалық қызметті институализациялау туралы пікірсайысты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Мүше мемлекеттердің құзырет орталықтарының бірлескен жұмысын, соның ішінде сарапшылық алаңшалар мен жобалар шеңберінде жандандыру, бизнеспен және тұтынушылармен өзара іс-қимылын жақсарту талап етіледі.
ЖЕЭК отырысында ЕАЭО-ның сыртқы әріптестермен сауда келіссөздерін жүргізуіне байланысты бірқатар мәселелер қаралды. Комиссия Жоғары кеңес мүшелеріне ЕАЭО-ның үшінші елдермен сауда шарттарын жасасуы туралы баяндаманы ұсынды. Құжатта Комиссия жұмыс істеген уақыт ішінде ЕЭК өкілдері мен одақтас елдер үкіметтерінің өкілдері кіретін бірыңғай келіссөз командасының іс-қимыл форматы қалыптасқаны және жұмыс істегені атап өтілген.
2016 жылғы қазанда еркін сауда туралы келісім күшіне енген сәттен басталған Вьетнаммен сауда қатынастарын дамытудың оң серпіні атап өтілді. Мысалы, 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда Одақ елдерінің Вьетнамнан импорты 10%-ға – 4 млрд АҚШ долл. дейін өсті, Вьетнамға экспорттық жеткізілімдер 20%-ға – 2,7 млрд АҚШ долл. дейін артты.
Комиссия ЖЕЭК мүшелерін Мысырмен, Израильмен және Сингапурмен сауда келісімдерін жасасу жөніндегі келіссөздер мәртебесі туралы хабардар етті.
Сербия Республикасымен еркін сауда туралы келісім жасасу жөніндегі келіссөздер субстантивтік жағынан аяқталды. Оған қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер іске қосылды. Сербиямен келіссөздердің қорытындылары бойынша Одақтың Сербиямен бұрыннан еркін сауда режимі қолданылатын елдері (Беларусь, Қазақстан, Ресей) үшін Сербия нарығына кіру жөнінде бірқатар қосымша преференциялар алуға, сондай-ақ Армения мен Қырғызстан үшін бажсыз сауда жағдайларын келісуге қол жеткізілді.
Өткен жылғы мамырда қол қойылған ҚХР-мен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің және Иранмен еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімнің күшіне енуі үшін қажетті рәсімдердің ағымдағы мәртебесі туралы ақпарат ұсынылды - келісімге қатысушы барлық елдерде тиісті рәсімдер іс жүзінде аяқталды.
Комиссия Кеңесінің тапсырмасына сәйкес сауда келісімдерін жасасу үшін ЕАЭО-ның жаңа әріптестері жөнінде ұсыныстар дайындауға бастама жасалғаны, бұл биылғы күзде аяқталуға тиіс екендігі туралы да ЖЕЭК мүшелері хабардар етілді.
Жоғары кеңес ЕАЭО мемлекеттерінің 2019–2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағдарларын бекітті.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Одақта екі пайыздық экономикалық өсуге қол жеткізу міндеті орындалды. Жаһандық тауар және қаржы нарықтарында турбуленттіктің күшеюіне қарамастан, макроэкономикалық басқару сапасын арттырудың және ұлттық әрі интеграциялық деңгейлерге арналған макроэкономикалық саясат шараларының қабылдануы нәтижесінде ЕАЭО-дағы экономикалық өсу қарқыны 2,5%-ды құрады.
Осы аралықта Одақтағы экономикалық белсенділікті бұрынғы қалпына келтірудің ағымдағы фазасы аяқталып келеді. Бұл тұрғыда мүше мемлекеттердің орташа мерзімдік перспективадағы макроэкономикалық саясатының басым мақсаты ішкі және сыртқы нарықтарда олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен серпінді әрі орнықты экономикалық дамуды қамтамасыз ету болады.
Комиссия ЖЕЭК мүшелеріне Қызметтер көрсету саудасын реттеу, құру және
қызметі қағидаларын орындау туралы мониторинг ұсынды.
Мемлекеттер басшылары қағидаларды 2016 жылғы желтоқсанда қабылдады. Олар қазіргі бар әкімшілік тосқауылдарды жоюға және кәсіпкерлік қызметті реттеу кезінде жаңаларының пайда болуын болдырмауға көмектеседі. Құжат талаптардың ашықтығын және тұрақтылығын қамтамасыз етеді, шын мәнінде, адал кәсіпкерлердің бірыңғай нарыққа кіруіне және онда жұмыс істеуіне кепілдік бере отырып, бизнес жүргізуді оңайлатады.
Одақ мемлекет басшылары үкіметтерге қағидаларды іске асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Жоғары кеңес 2018 жыл ішіндегі трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және бәсекелестіктің жалпы қағидалары бұзылуының жолын кесу шаралары туралы ЕЭК-тің жылдық есебін мақұлдады.
Құжатқа Комиссияның монополияға қарсы блогының трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидалары бұзылуының жолын кесу, соның ішінде осындай бұзушылық белгілері бойынша түскен және қаралған арыздар туралы ақпарат жөніндегі жұмысының нәтижелері, бәсекелестіктің жай-күйін бағалау нәтижелері негіз болған.
Өткен жылы Комиссия монополияға қарсы реттеудің алдын алу шаралары ретінде қолдануға мүмкіндік беретін алдын ала ескерту және алдын ала сақтандыру құралдарын ЕАЭО құқығына енгізу жөнінде Одақ туралы шартқа өзгеріс пен толықтыру әзірледі. Бұл жаңартпалар монополияға қарсы ден қою шараларын қолдану жеделдігін арттырады, бизнеске әкімшілік жүктемені айтарлықтай кемітеді және бизнес-ортада «профилактикалық әсерді» күшейтеді деп күтілуде.

Трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуына тиімді бақылау жасау мақсатында Комиссияның өкілеттіктерін кеңейту де көзделген. Бұл үшін Үкіметаралық кеңестің өкімі бойынша тиісті хаттаманың жобасы қол қоюға қажетті мемлекетішілік рәсімдерді өткізу мақсатында Одақ елдеріне жіберілді.

ЕЭК ЕАЭО елдерінің бәсекелес органдарымен бірлесіп ЕАЭО-дағы медицина техникасы және медициналық мақсаттағы бұйымдардың трансшекаралық тауар нарықтарында бәсекелестіктің тең жағдайларын қамтамасыз ету жөнінде жария бастама көтерді. Комиссия жұмысының тиімділігін арттыру және Одақтың трансшекаралық нарықтарында тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету үшін есепті жыл ішінде ЕЭК әзірленген тәуекел-бағдарлау тәсілдемесін қолдануды жалғастырды, оның шеңберінде бірқатар тауар нарықтарындағы бәсекелестік жағдайлары зерделенді. ЖЕЭК көмекші орган - ЕАЭО-ның өнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесін құруға шешім қабылдады. Оның мақсаты – уәкілетті ұлттық министрліктердің келісілген өнеркәсіп саясатын іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз ету. Кеңес Одақ елдері үшін ЕАЭО-ның өнеркәсіп кешенін дамытудың стратегиялары, бағыттары және перспективалары бойынша ұсыныстар дайындаумен айналысатын болады.