Жүйеге кіру
ЕАЭО техникалық реттеуді цифрлайды

ЕАЭО техникалық реттеуді цифрлайды

29.01.2021

Комиссия Алқасы «Еуразиялық  экономикалық одақты  цифрлық техникалық реттеу»  жобасын іске асыру туралы Кеңес шешімінің жобасын мақұлдады. Жобаны бастамаларды басқару офисі  ақпараттандыру және техникалық реттеу блогымен бірлесіп, сондай-ақ  ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің  мүдделі органдары мен ұйымдарының белсене қатысуымен пысықтады.

Жобаның негізгі мақсаты,  ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, АКТ жөніндегі Алқа мүшесі (министр)  ЕЭК Гегам Варданян атап өткендей,   техникалық реттеу саласындағы өнімге, техрегламенттер мен халықаралық және өңірлік стандарттар тізбесін әзірлеуге  қойылатын міндетті талаптарды қалыптастыру процестерін цифрландыру болып табылады.

«Жобаны іске асыру нәтижесінде  нарыққа қатысушылардың бәріне  өнімді жобалау, өндіру және нарыққа шығару процестерін цифрландыруды қамтамасыз ету үшін қажетті деректер мен цифрлық сервистерге қол жеткізу ұсынылатын болады», – деді ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, АКТ жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Гегам Варданян.

Сөз бұл арада өнім өндірушілер, экспорттаушылар мен импорттаушылар, өнім жеткізушілер мен тұтынушылар,  сәйкестікті бағалау органдары мен Еуразиялық «бестік» елдерінің техникалық реттеу, стандарттау, аккредиттеу жөніндегі және басқа мемлекеттік билік органдары туралы болып отыр.

Күтілетін нәтижелер арасында – міндетті талаптарға сай келетін  жаңа өнімді жасауды және нарыққа шығаруды тездету,  сәйкестік рәсімдерін өткізу шығындарын, соның ішінде уақытша және қаржылық шығындарды азайту бар.

ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко атап өткендей,  кәсіпкерлік қызмет субъектілері ішкі және сыртқы нарықтарда Одақ елдерінде қолданылатын міндетті де, ерікті де талаптар мен рәсімдер туралы  әлі күнге ретке келтірілмеген дерекқорға  тап болып жүр. ЕАЭО-да ғана Одақтың 49 техникалық регламенті қабылданды, олардың 43-і күшіне енді, 80%-дан астам  өзара жеткізілетін өнім  бірыңғай реттеуге түседі. 43 техникалық регламентке стандарттар тізбесі бекітілген, олар, өз кезегінде, стандарттау саласындағы 12 000-нан астам құжатты кірістіреді. Бұдан басқа, Сәйкестікті бағалау туралы құжаттардың бірыңғай тізілімінде  миллионнан астам сәйкестік сертификаты туралы ақпарат және 6 миллионнан астам сәйкестік туралы декларация  қамтылған, ал Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың бірыңғай тізілімі стандарттау мен метрология жөніндегі жүздеген техникалық комитетті, тексеру және калибрлеу зертханасын есепке алмағанның өзінде, жүйеде күн сайын жұмыс істейтін сертификаттау жөніндегі 850-ден астам аккредиттелген органды және 2500 сынақ зертханасын кірістіреді.

«Ұсынылып отырған бастама  бірыңғай міндетті талаптар мен өнімді нарыққа жеткізу рәсімдерін машина түсінетін форматқа аударуды бағамдайды, бұл техрегламенттер талаптарын  оларды іске асыруға бағытталған құжаттардың – стандарттардың, әдістемелердің және басқалардың ережелерімен өзара ұштастыруға мүмкіндік береді және, сөйтіп,  нарықтың барлық қатысушылары үшін  шоғырландырылған, қолжетімді, толық әрі анық ақпаратқа еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді», – деп атап көрсетті ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко.

Жобаның түпкі нәтижесі – нарыққа қатысушылардың мүддесіне орай  техникалық реттеу саласында  ұлттық цифрлық сервистердің интеграциясын қамтамасыз ететін цифрлық платформа базасында экожүйелер құру. Ол ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесімен тығыз өзара іс-қимылды қоса, 2023 жылға дейін іске асырылады деп күтілуде. Сол уақытқа қарай контенттік толтыру және ұлтүсті компоненті мен  сервистерін өнеркәсіптік пайдалануға беру болып өтуге тиіс.

Жоба Одақтың техникалық регламенттерін әзірлеу үшін цифрлық орта құруды және стандарттау жөніндегі өзара байланысты құжаттарды адам әрі машина оқитын форматта қалыптастыруды,  Одақ шеңберінде  бүгінде оған қатысты міндетті талаптар белгіленетін өнімнің бірыңғай тізбесін қамтамасыз етеді. Жобаның бастамашысы ретінде «Халықаралық сауда және интеграция» зерттеу орталығы бой көрсетті.​