Жүйеге кіру
ЕАЭО-да озыңқы даму стратегиясын іске асыру ұсынылды

ЕАЭО-да озыңқы даму стратегиясын іске асыру ұсынылды

28.10.2020
28 қазанда Мәскеуде Президент-отельде өткен «Интеграция: озыңқы даму стратегиясы» атты ЕАЭО іскерлік форумына қатысушылар пандемия салдарын қалай жою және Еуразиялық экономикалық одақты озыңқы өсу траекториясына қалай шығару туралы ұсыныстарын білдірді.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі, жалпы сессияның модераторы Сергей Глазьев пандемиялық дағдарыс жаңа технологиялық салттың дамуын тездеткеніне назар аударды.

«Дағдарыс құрылымдық өзгерістерді жылдамдатуда. Біз іскерлік белсенділіктің орталығы Батыстан Шығысқа қарай орын ауыстыруы қарқын алып келе жатқанын көріп отырмыз. Қытай қазірдің өзінде озыңқы даму траекториясына шықты және Еуразиялық экономикалық одақ бұдан қалып қоймауға тиіс. Бүгінде Комиссияның есептеулері бойынша Ресейдегі және тұтастай Одақ елдеріндегі экономикалық өсудің әлеуеті жылына 8%-дан аз. Экономикалық дамудың резервтерін біз өндірістік қуаттар жүктемесін арттырудан, экономикаға еңбек ресурстарын тартудан, шикізатті өңдеуді күшейтуден көріп отырмыз», — деді Сергей Глазьев.

Сергей Глазьев жаңаша технологиялық салт, инфрақұрылым, соның ішінде адами капитал саласындағы жобалар Комиссияның бағалауы бойынша жылына 25-35% өсім беретінін атап өте келіп, ЕЭК-тің макроэкономикалық саясат департаменті дайындаған «Стратегиялық өзгерістер әлеміндегі ЕАЭО-ның орны» баяндамасын ұсынды.

Сергей Глазьев ЕАЭО-дағы санитариялық-эпидемиологиялық шаралар жедел және барынша тиімді болса да, Одақтағы ақша-кредит шаралары әзірге баяу сипатта қалып отырғанын атап көрсетті.

РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Алексей Оверчук пандемияда ЕАЭО теңдесі жоқ сын-қатерге тап болды деп атап өтіп: «Елдеріміздің арасында адамдардың орын ауыстыруы жоқ кезде, біз коронавирус инфекциясының таралуынан қорғанудың шарасы ретінде адамдар үшін шекараны жауып қоюға мәжбүр болған кезімізде интеграцияны дамыту қиын. Біз тауарлардың кедергісіз өткізілуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға және тауар ағынын сақтауға тырыстық» деді.

«Пандемия біздің Одағымыздың зор әлеуетін көрсетті. Біз шынында да бір бірімізге сүйеу бола аламыз, бірі бірімізге көмектесе аламыз және табысқа жете аламыз», — деп толықтырды сөзін Алексей Оверчук.

Дамудың перспективалы бағыттары туралы айта келіп, ол ЕАЭО-ның өте тез қайта құрылып, электрондық сауда операторлары түріндегі өзінің дербес институттарын құруы қажеттігін, электрондық сауданы пайдалана отырып әкелінген тауарларды «кедендік тазалау» мәселесін шешуді атап көрсетті. 

«Одақ жұмысының жаңа бағыттары жетілдіруді қажет ететін белгілі бір құралдар жиындысына сүйенуге тиіс. ЕАЭО-ны реттеудің ұлтүсті жүйесін нығайту жолымен ілгерілеу қажет. Еуразиялық экономикалық комиссия Одақтың барлық елінің мүддесіне жұмыс істейтін білікті мамандар мен басшыларды тартуға тиіс», — деді РФ Үкіметі Төрағасының орынбасары.

Ол Одақтың екі және одан да көп елін қамти отырып ірі халықаралық интеграциялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін жобалық тәсілдемені дамытуды да айтып өтті. «Бәрінен бұрын, бұл цифрлық жобалар, сондай-ақ логистика, энергетика, пошта қатынасы, азық-түлік қауіпсіздігі, қалалық орта, тұрмыстық әрі өнеркәсіптік қалдықтарды өңдеу және экология саласындағы жобалар», — деп атап өтті Алексей Оверчук.

Форумға қатысушылар Одақ жұмысының басым бағыттарын талқылады. ЕЭК Техникалық реттеу жөніндегі министрі Виктор Назаренко ЕАЭО техникалық реттеу жүйесінің жұмыс істеуіне байланысты проблемалық мәселелерге және бұл саланы дамыту перспективаларына тоқталды.

«ЕАЭО-да біз біртіндеп цифрлық техникалық реттеу жүйесін құрудамыз. Бұл тауарлар туралы нақты анық ақпарат алудың ғана емес, сол сияқты Одақтағы өнімнің заңсыз айналымына қарсы тұрудың да маңызды құралы», — деді ол.

Виктор Назаренконың хабарлауынша, бүгінде ЕАЭО-да техрегламенттер талаптарын сақтауды бақылайтын 27 бақылаушы орган бар, бірақ олардың тиімділігі өте төмен.

Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министр Гегам Варданян ЕАЭО-да негіз қалаушы АТ-жоба — Одақ елдерінің ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін, геобөлінген ақпараттық жүйені білдіретін интеграцияланған ақпараттық жүйе деп хабарлады. Бұдан өзге, Комиссия «Шекарасыз жұмыс» және «Цифрлық көлік дәліздері» цифрлық бастамаларын іске асыруда.

«Шекарасыз жұмыс» жобасының негізгі мақсаты — бос жұмыс орындары мен бос орындарды іздеушілер туралы ақпарат алуға қол жеткізетін іздеу жүйесін құру. Жобада бес елдің қазіргі бар ұлттық жүйелері іске қосылған. Жүйені пайдаланушыларға аумағында жұмыс іздеуді немесе персоналды іріктеуді жүзеге асыру талап етілетін бір немесе бірнеше мүше мемлекетті таңдау мүмкіндігі ұсынылады. Іске қосылуы желтоқсанға жоспарланған», — деп хабарлады Гегам Варданян.

Ал цифрлық көлік дәліздерінің экожүйесін қалыптастыру жобасы логистикалық ақпарат алмасудың цифрлық ортасын ашуды білдіреді. Гегам Варданян барлық жоба, интеграцияланған ақпараттық жүйемен қатар, ЕАЭО-ның цифрлық сервистері экожүйесінің негізі болады деп атап өтті.

ЕЭК Кедендік ынтымақтастық жөніндегі министрі Олег Панкратов жаңа экономикалық шындық жағдайында Одақта бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.

«Біздің алдымызда цифрлық кеденді және кедендік әкімшілік етудің толық ауқымды цифрлық трансформациясын қалыптастыру үшін жағдай жасау міндеті тұр. Комиссия Одақ мемлекеттерімен бірлесіп ЕАЭО-да цифрлық кеденді қалыптастыру тұжырымдамасының жобасы бойынша жұмыс жүргізуде, оны 2021 жылы қабылдау жоспарланып отыр», — деп атап өтті Олег Панкратов.

РФ ФКҚ басшысының орынбасары Руслан Давыдов өз кезегінде Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында кеден блогы цифрлық технологияларды кеңейтуді, ЕАЭО-ның Кеден кодексін жетілдіруді, электрондық құжат айналымын біріздендіруді кірістіретінін хабарлады. Түйінді бағыт кедендік операциялардың бірыңғай стандартын және кедендік бақылау жүргізуді қамтамасыз ету болып табылады.

«Роскосмос» басшысы Дмитрий Рогозин «Бәйтерек» ғарыш кешенінің жер үсті инфрақұрылымын жасаудағы инвестициялар туралы Ресей мен Қазақстан арасындағы шартқа қол қойылғаны және Жерді қашықтан зондтау саласында ЕАЭО-ның мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру туралы айтты. «Роскосмос» 2021 жылдан бастап «Сфера» бағдарламасын өрістетуге кіріседі, бұл 600-ден астам ғарыш аппаратының спутник топталымын құруды бағамдайды. «Біз Еуразиялық одақтағы әріптестерімізбен бұл ақпаратты бөлісуге дайынбыз», — деп атап өтті «Роскосмос» басшысы.

Еуразиялық даму банкі төрағасы Николай Подгузов ЕАДБ ресурстары қазірдің өзінде Одақта жалпы құны 4 млрд доллар болатын жүзге жуық интеграциялық жобаны іске асыруға қосылғанын, осы ретте банк Комиссиямен бұдан да белсенді жұмысқа дайын екенін хабарлады.

Ресей Ғылым академиясы президентінің орынбасары Владимир Иванов Одақта іргелі ғылыми зерттеулердің дербес бағдарламаларын жасауды жақтап сөйледі. «ЕАЭО-дағы «бесінші еркіндік» білім мен технологияларды тарату бола алар еді» деп санайды ол.

Форумға қатысушылар ЕАЭО елдері кәсіпорындары арасындағы іскерлік байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін, халықаралық бірлестіктермен ынтымақтастықтың басымдықтарын және басқа өзекті мәселелерді де қарады. Форумның іскерлік секциялары кәсіпкерлікті қолдау және өнеркәсіп салаларын стратегиялық дамыту мәселелеріне арналды.