Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы жағдайларына көшеді

ЕАЭО мен Иран сауданың преференциялы жағдайларына көшеді

IMG09181.jpg
28.08.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян мен Иран Ислам Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мехди Санаи 28 тамызда ЕЭК-те болып өткен кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Иран арасындағы еркін сауда аймағын құруға алып келетін Уақытша келісімнің күшіне енуі үшін қажетті рәсімдердің аяқталғаны туралы ноталармен алмасты. Бұл енді 27 қазанда келісім қолданыла бастайтынын білдіреді.

Тигран Саркисян Иран Ислам Республикасының Елшісіне ілтифат лебізін білдіре келіп, ратификациялық рәсімдердің аяқталуын тарихи оқиға деп атай отырып, ойдағыдай нәтижеге жетуде Мехди Санаидың жеке өзі және сондай-ақ Комиссияның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Вероника Никишина үлкен рөл атқарғанын атап өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің басшылары Иран Ислам Республикасымен еркін сауда аймағын қалыптастыру - Еуразиялық экономикалық комиссия қызметіндегі басымдық болып табылады деп мәлімдеді, - деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы. - Бұл олардың бізге ирандық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізуге мандат бергенін білдіреді. Бүгін біз үшін – айтулы күн, өйткені құжаттың жақын уақытта күшіне енетініне ресми растау алып отырмыз».

Өзінің жауап сөзінде Мехди Санаи Тигран Саркисянның және бүкіл Еуразиялық экономикалық комиссияның қорытынды нәтижеге жетудегі үлкен үлесін атап өтті. «Иран үшін де бұл өте маңызды келісім, ол ЕАЭО халықтары сияқты біздің еліміздің экономикасы мен халқына да зор пайда әкеледі деген сенімдемін. Келіссөздер жеңіл өткен жоқ, бірақ қазір бәрі ойдағыдай аяқталды. Келісімге қол қойылды және ратификацияланды. Нәтиже – көз алдымызда!»,- деп мәлімдеді Иран Ислам Республикасының Елшісі.

Кездесу қорытындысы бойынша тығыз ынтымақтастықты, соның ішінде келісімді іске асыру бағыттарында жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мысалы, қазірдің өзінде кеден қызметтері арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы диалог басталды, келісімде көзделген бизнес-диалог жұмысының форматын келісу жүзеге асырылуда.

Мехди Санаи ирандық кәсіпкерлерге ЕАЭО-ның бірыңғай нарығындағы сауданың артықшылықтарын түсіндіру үшін таяу уақытта Иранда ЕЭК-пен бірлесіп бизнес-конференция өткізуді ұсынды.​