Жүйеге кіру
Одақта тағы да төрт мемлекетаралық процесс цифрланды

Одақта тағы да төрт мемлекетаралық процесс цифрланды

28.04.2020

ЕЭК Алқасының өкімдерімен кеден саласындағы мемлекетаралық (трансшекаралық) электрондық өзара іс-қимылдың тағы үш процесі, сондай-ақ кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу саласындағы процесс «цифрланды» және қолданысқа енгізілді. Бұл процестер бойынша деректер Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің (ИАЖ) құралдарымен беріліп, өңделетін болады.

 

Ендірілетін жалпы процестерді пайдалану Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы шекарасы арқылы өткізу пункттерінің тізбесі мен өткізу пункттері паспорттарының дерекқорын қалыптастыру және жүргізу үшін елдердің уәкілетті органдары мен Комиссия арасында жедел электрондық алмасуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сөйтіп, еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар резиденттерінің жалпы тізілімі де ұйымдастырылатын болады. Азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың бірыңғай тізілімі автоматтандырылған режимде қалыптастырылып, келісіле бастайды.

 

«Бұл процестерді қолданысқа енгізу сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың логистикалық операцияларды тиімді жоспарлауына және ұйымдастыруына, сондай-ақ тауарлардың жекелеген түрлерінің импортына байланысты кедендік рәсімдерді жеделдетуге және жеңілдетуге ықпал етеді», - деп атап өтті ЕЭК Ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі министрі Гегам Варданян.

 

Интеграцияланған ақпараттық жүйе ЕАЭО шеңберінде, Одаққа кірмейтін мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және интеграциялық бірлестіктермен мемлекетаралық деректер мен электрондық құжаттар алмасуды қамтамасыз етуге, мүше мемлекеттер үшін ортақ ақпараттық ресурстарды құруға, жалпы процестерді іске асыруға, одақтық органдардың қызметін қамтамасыз етуге арналған.

 

Интеграцияланған жүйенің негізгі артықшылығы - оның кросс-салалық сипаты және ЕАЭО-да реттеу саласын кеңейту әрі үшінші елдермен және басқа да интеграциялық бірлестіктермен ақпараттық өзара іс-қимыл кезіндегі масштабтау мүмкіндігі.

 

Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының мемлекеттік ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелері Одақта жалпы процестерді іске асыру шеңберінде ұлттық интеграциялық шлюздер арқылы интеграцияланған жүйеге қосылады.

 

Одақтың ИАЖ-ын құру есебінен іс жүзінде әртүрлі елдердегі әртүрлі ақпараттық жүйелердің үйлесімділігі қамтамасыз етіледі. Бұл проблема құқықтық өрісте әдістемелік және техникалық жағынан шешілген.

 

Бұл ретте бүгіннің өзінде ИАЖ шеңберінде ақпараттық интеграцияның бірыңғай әдіснамасы мен ЕАЭО деректерінің моделі негізінде техникалық инфрақұрылымды, 14 кіші жүйе мен 7 ұлттық және ұлтүсті интеграциялық шлюзді, 80-нен астам анықтамалық пен сыныптауышты, 11 реттеу саласы бойынша ЕАЭО деректерінің моделіндегі 6 мыңнан астам ақпараттық объектіні қамтамасыз ететін трансшекаралық сенім кеңістігі құрылып, қолдау көрсетіліп отыр. Ақпараттық ресурстар үшін ашық деректердің жалпыға қолжетімді сервистері қалыптастырылды. Интеграцияланған жүйенің мәселенамасы бойынша ЕАЭО органдарының 100-ден астам құқықтық актісі қабылданды.

 

2020 жылдың басынан бастап ЕАЭО елдері мен Комиссия арасындағы жалпы процестерді іске асыру кезінде мемлекеттік органдардың ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде 8 миллионнан астам электрондық хабарлама берілді және өңделді.

 

ЕАЭО-ның өз жүйелерін тез істеп шыға алмайтын елдері үшін ендірілетін жалпы процестердің негізгі функцияларын іске асыратын бағдарламалық жасақтама тегін беріледі.