Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО-ның 2017-2018 жылдардағы дамуы туралы баяндама дайындады

ЕЭК ЕАЭО-ның 2017-2018 жылдардағы дамуы туралы баяндама дайындады

28.02.2020

    2017-2018 жылдары ЕАЭО елдері экономикалық дамудың орнықтылығын айтарлықтай арттыра алды. ЕЭК Макроэкономикалық саясат департаменті 2017-2018 жылдардың қорытындылары бойынша ЕАЭО-ның экономикалық дамуының негізгі бағыттарын жүзеге асыру барысы туралы баяндамада осындай тұжырымға келді.

   Бұл ретте экономикалық өсудің негізгі драйверлері Арменияда, Беларусьте, Қазақстанда, Қырғызстанда түпкілікті тұтынуға және жалпы жинақтауға арналған шығыстар, сондай-ақ Ресей мен Қазақстандағы қолайлы баға конъюнктурасы аясында таза экспорттың ұлғаюы болды. Фрагменттік өсу өнеркәсіптің жекелеген салалары мен қызметтер көрсету секторында байқалды.

     Баяндамада 2017-2018 жылдары ЕАЭО елдерінің халықаралық рейтингтеріндегі позицияларын нығайту жалғастырылғаны, алайда мұның тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағынының ұлғаюына әсері болмағаны атап көрсетілген. ЕАЭО-дағы ТШИ-дің кіріс ағыны 2016 жылдан бастап бес есе қысқарып, 2010 жылдан бергі ең төменгі мәніне жетті. Экономиканың нақты секторының инвестициялық белсенділігі ЕАЭО елдерінің орталық (ұлттық) банктерінің рестриктивті ақша-кредит саясатымен және соның салдарынан ұлттық экономикаларды монетизациялаудың төмен деңгейімен (дамыған елдерге қарағанда 2-4 есе төмен) тежеліп тұрды.

    Макроэкономикалық саясат департаментінің бағалауы бойынша, 2015-2016 жылдармен салыстырғанда ЕАЭО-ның интеграциялық мүмкіндіктері мен әлеуетін толық пайдаланбау деңгейі артты. Экономикалық өсудің ағымдағы қарқыны ЕАЭО-ның әлемдік ЖІӨ-дегі үлесін ұлғайтуды қамтамасыз етпейді, ал әлемдік саудаға шектеулі тартылу экспорттың орнықты өсу траекториясына шығуға мүмкіндік бермейді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша ЕАЭО ЖІӨ-нің ғылымды қажетсінуі орташа әлемдік деңгейден екі есе төмен және жетекші елдерден (Корея, АҚШ, Жапония) үш-төрт есе артта қалды.

     Еуразиялық экономикалық одақтағы экономикалық өсу резервтері машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінде сақталуда. Айналым қаражатын толықтыруға берілетін кредиттердің қолжетімділігін жақсарту есебінен өндірістік қуаттарды жүктемелей түсу Одақ елдерінің экономикалық өсуін айтарлықтай жеделдетуі мүмкін.