Жүйеге кіру
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қапталған ауызсудың қауіпсіздігі туралы» техрегламенті күшіне енеді

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕАЭО «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қапталған ауызсудың қауіпсіздігі туралы» техрегламенті күшіне енеді

Depositphotos_179198210_s-2015.jpg
27.12.2018
Енді балалар тағамына арналған ауызсудың бөтелкелерінде міндетті түрде «балалар тағамы үшін» деген жазу пайда болады немесе ауызсудың осы мақсатқа арналғаны басқаша көрсетіледі. Өндіруші немесе сатушы ауызсу арналған балалардың жасы (үш жасқа дейін немесе үш жастан бастап) туралы мәліметті беруге, ауызсудың жалпы минералдануы, химиялық элементтерді көрсете отырып оның негізгі құрамы, сақтау шарттары және ыдыстың ашылғаннан кейінгі жарамдылық мерзімі туралы хабардар етуге тиісті болады.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) техрегламенті одақтық
басқа «Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы» регламентпен белгіленген ыдысқа құйылған ауызсуға және минералды ауызсуға қойылатын, 2013 жылғы шілдеден бастап қолданылатын жекелеген міндетті талаптарды толықтырады. ЕАЭО-ның жаңа құжаты табиғи минералды суға, соның ішінде асханалық, емдік-асханалық және емдік суларға, сондай-ақ купаждалған, өңделген және табиғи ауызсуға, балалар тағамына арналған ауызсуға, жасанды минералдандырылған ауызсуға қолданылады.

Құжат Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің 2017 жылғы 23 маусымдағы шешімімен қабылданды, бірақ өндірушілер мен сатушылардың жаңа талаптарға бірқалыпты көшуіне байланысты тек 2019 жылғы 1 қаңтардан қолданыла бастайды.

Техрегламентте қапталған ауызсуды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге және кәдеге жаратуға қойылатын арнайы талаптар белгіленген.

Атап айтқанда, кәсіпкерлер химиялық, микробиологиялық және радиациялық қауіпсіздік жөніндегі норманы қатаң сақтауға тиісті болады. Мысалы, техрегламент табиғи минералды су құрамында мынадай қауіпті заттар, айталық, қорғасын - 0,01 мг/дм3 астам, сынап - 0,001 мг/дм3 астам, кадмий – 0,003 мг/дм3 астам болмауын және басқаларды шектейді. Асханалық табиғи минералды суда және купаждалған ауызсуда сыбағалы жиынтықты альфа-белсенділік 0,2 Бк/кг аспауға тиіс, емдік-асханалық және емдік табиғи минералды суда - 0,5 Бк/кг, табиғи минералды суда және купаждалған ауызсуда сыбағалы жиынтықты бета-белсенділік – 1,0 Бк/кг.

Табиғи минералды суды ыдысқа құю үшін антропогендік әсерден қорғалған су көзінің суын немесе жері астынан су алынатын мемлекеттің заңнамасы бойынша табиғи минералды суға жатқызылған ұңғымадан алынатын суды пайдалану міндетті болып табылады.

Балаларға арналған ауызсуды, емдік-асханалық және емдік табиғи минералды суды қоспағанда, қапталған ауызсу айналысқа шығарылар алдында декларциялануға тиіс. Балаларға арналған ауызсудың, емдік-асханалық және емдік табиғи минералды судың техрегламент талаптарына сәйкестігін бағалау мемлекеттік тіркеу нысанында жүргізіледі.
Нарыққа қатысушылардың жаңа талаптарға жауап бере алатын қапталған ауызсу шығаруға жоспарлы түрде көшуі үшін ЕЭК Алқасының 2017 жылғы 7 қарашадағы шешімімен өтпелі ережелер бекітілді. Соның ішінде, сәйкестікті бағалау туралы бұрын берілген құжаттар олардың қолданылу мерзімі аяқталғанша, бірақ кеш дегенде 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін күшінде болатындығы белгіленген. Бұл ретте бұрын қолданыста болған осындай құжаттармен ресімделген өнімді 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін шығаруға болады және ол жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін айналыста бола алады.

Техрегламент талаптарын орындау үшін, сондай-ақ техникалық реттеу объектілерінің сәйкестігін бағалау кезінде сынақтар жүргізу масатында Комиссия Алқасы 2017 жылғы 5 желтоқсанда тиісті стандарттар тізбесін бекітті. Оларға мемлекетаралық стандарттар мен Одақ елдерінің ұлттық стандарттары, соның ішінде халықаралық ISO стандарттарының және Еуропалық EN стандарттарының негізінде әзірленген стандарттар енгізілген.

Комиссияның Интернет желісіндегі ресми сайтындағы ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті бетінің «Техникалық реттеу» бөлімінде Одақтың «Табиғи минералды суды қоса алғанда, қапталған ауызсудың қауіпсіздігі туралы» техрегламенті туралы, сондай-ақ осы құжатты әзірлеуге қатысқан уәкілетті органдар туралы мәліметтер орналастырылған. Бұдан басқа, «Өзекті сұрақтар» бөлімінен, атап айтқанда, қапталған ауызсуға арналған техрегламенттің практикалық аспектілері бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауапты көруге болады.