Жүйеге кіру
1 шілдеден ЕАЭО-ның мұнайға арналған техникалық регламенті қолданыла бастайды

1 шілдеден ЕАЭО-ның мұнайға арналған техникалық регламенті қолданыла бастайды

27.06.2019

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі 2017 жылғы желтоқсанда қабылдаған Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған мұнайдың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енеді.

Техникалық регламент ЕАЭО елдері үшін өндіруші немесе сатушы магистралдық құбырмен жеткізуді ұйғарған, темір жол, автомобиль және су көлігімен тасымалдағалы отырған, сондай-ақ мұнай өңдеу және мұнай-химия зауыттарында шикізат ретінде пайдаланылатын мұнайдың қауіпсіздік көрсеткіштеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді.

Құжатта күкірт сутегісінің, судың, хлорлы тұздардың, органикалық хлоридтердің шекті жол берілетін құрамы айқындалған. Мысалы, күкірт сутегісінің массалық үлесі 100 млн-1 , су - 1%, 204˚С температураға дейін қайнайтын фракциядағы органикалық хлоридтер - 6 млн-1 болып шектелген. Метил және этилмеркаптандардың жиынтықталған массалық үлесі 100 млн-1 аспауға, қаныққан будың қысымы 66,7 кПа аспауға тиіс. Мұнайды өндіру және тасымалдау кезінде құрамында хлорорганикалық қосылыстар бар химиялық реагенттерді қолдануға жол берілмейтіні көрсетілген.

«Еуразиялық экономикалық одақтың күшіне енетін техникалық регламенті - нарыққа қатысушылардың барлығы үшін мұнайдың қауіпсіз айналысының қағидаларын айқындайтын өте маңызды құжат,- деп атап өтті ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко.- 1 шілдеден бастап мұнайдың міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы бұрын Одақтың заңнамасымен немесе ұлттық құқықтық актілермен белгіленген құжаттарды беруге немесе қабылдауға жол берілмейді».

Мұнай паспортына өнімнің Одақ нарығындағы айналысының бірыңғай белгісі қойылады, ол бұл тауардың ЕАЭО-ның «Тасымалдауға және (немесе) пайдалануға дайындалған мұнайдың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінің және Одақтың басқа да техникалық регламенттерінің талаптарына толық сәйкестігін айғақтайды.

Құжат ЕАЭО елдерінен экспортқа шығарылатын, мемлекеттік қорғаныс тапсырысы бойынша жіберілетін, мемлекеттік материалдық резервтің сақталуын қамтамасыз ететін ұйымдарда сақтауда болатын немесе мұнай өндіруші өз қажеттіліктері үшін пайдаланатын мұнайға қолданылмайды.

Техрегламентті қолданысқа енгізу тәртібі туралы ЕЭК Алқасы белгілеген өтпелі ережелер бизнеске 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін жаңа қағидалар бойынша жұмыс істеуге бірқалыпты көшуге мүмкіндік береді. Сәйкестікті бағалау туралы бұрын берілген құжаттардың күші осы күнге дейін жалғасады, мұнайды бұрынғы нормалар бойынша дайындауға және өткізуге жол беріледі.