Жүйеге кіру
ЕАЭО-ның сұйытылған көмірсутегі газдарына арналған техникалық регламенті үшін белгіленген өтпелі кезең 1 шілдеде аяқталады

ЕАЭО-ның сұйытылған көмірсутегі газдарына арналған техникалық регламенті үшін белгіленген өтпелі кезең 1 шілдеде аяқталады

27.06.2019

Газдардың міндетті талаптарға сәйкестігін бағалау туралы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) «Сұйытылған көмірсутегі газдарына оларды отын ретінде пайдалану үшін қойылатын талаптар» техникалық регламенті қабылданғанға дейін болған барлық құжаттардың қолданысы аяқталады.

«Техникалық регламент ЕАЭО елдерінде пайдалану үшін тұрғын үйлер мен өндірістік үй-жайларды жылытуға, сондай-ақ автомобиль отыны ретінде қолданылатын сұйытылған көмірсутегі газдарының физикалық-химиялық және пайдалану көрсеткіштеріне қойылатын бірыңғай міндетті талаптарды белгілейді,- деп атап өтті ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко.- Біз өтпелі кезеңнің бизнес үшін қолайлы үш жылға жуық мерзімін орнаттық. Нарыққа қатысушылардың бәрінің де бірыңғай Одақтық талаптар бойынша жұмыс істеуге әзірленуге уақыты жеткілікті болды».

Құжат сұйытылған көмірсутегі газдарын сақтау, тасымалдау, өткізу және кәдеге жарату, сондай-ақ оларды таңбалау мәселелерін реттейді. ЕАЭО техрегламенті осы процестерді жүзеге асыру кезінде пайда болатын: өрт-жарылыс қаупі, адам организміне теріс әсер ету, сондай-ақ қоршаған ортаның ластану қатері сияқты негізгі қауіпті факторларды айқындайды.
 
Мысалы, күкірт сутегісі мен меркаптанды күкірттің массалық үлесі коммуналдық-тұрмыстық мақсатқа және өндірістік мұқтаждарға арналған газдарда 0,013%-дан, автокөлікке құюға арналған газдарда 0,01%-дан аспауға тиіс. Газдың екі санаты үшін де ауаның 45оС дейінгі температурасы кезіндегі қаныққан будың қысымы 1,6 МПа артпауға тиіс. Сұйытылған көмірсутегі газдары құрамында бос судың және сілтінің және т.б.болуына жол берілмейді.

Сұйытылған көмірсутегі газдарының әрбір шығарылатын партиясы бірқатар мәліметтерді қамтитын сапа паспортымен қоса жүруге тиіс. Сол мәліметтерде дайындаушының атауы мен тауарлық белгісі, оның мекенжайы мен сұйытылған газдар өндірілетін орын, өнімнің атауы, маркасы, шартты белгіленімі және басқалар болады. Сапа паспорты орыс тілінде ресімделеді және ЕАЭО мүше мемлекеттерінің заңнамасында тиісті талаптар бар болған кезде – сұйытылған көмірсутегі газдары өткізілетін елдің мемлекеттік тілінде ресімделеді.

Сөйтіп, сұйытылған көмірсутегі газдарын өндірушілер мен сатушылар 1 шілдеден бастап бірыңғай Одақтық техрегламентке сай берілген құжаттары қоса жүретін өнімді ғана ЕАЭО нарығында өндіріп, сата алады. Бұл сұйытылған көмірсутегі газдарының Одақтың барлық аумағында еркін тасымалдана бастайтынын және осы ретте дайындаушылар ұлттық талаптар бойынша сәйкестікті растауға артық шығындар жұмсамайтынын білдіреді. Ал ЕАЭО елдерінің халқы қосымша заңнамалық қорғауға ие болады.