Жүйеге кіру
ЕЭК «өнімнің сәйкестігін бағалау жөніндегі кодексті» қабылдады

ЕЭК «өнімнің сәйкестігін бағалау жөніндегі кодексті» қабылдады

27.04.2018

Сәйкестікті бағалаудың жаңа типтік схемасы өнімді Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сертификаттау, декларациялау және мемлекеттік тіркеу жүргізудің Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері үшін бірыңғай қағидаларын белгілейді. Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесі жақында қабылдаған құжат кәсіпкерлерге техникалық регламенттерде соның негізінде белгіленген рәсімдердің тең мәнде, ал жүргізілетін бағалаудың нәтижелері ЕАЭО-ның әрбір елінде салыстырмалы болатындығына кепілдік береді. Белорус мемлекеттік стандарттау, метрология және сапаны басқару жөніндегі кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының алаңында өткен семинар барысында ЕЭК өкілдері осы және Одақтың басқа да бірқатар нормативтік құқықтық актілері туралы хабарлады.

Семинар ЕАЭО елдерінің кәсіпкерлері мен мемлекеттік құрылымдар өкілдерін техникалық реттеудің одақтық жүйесі туралы хабардар ету үшін Комиссия әзірлеген оқыту іс-шаралары циклы шеңберінде өтті. Іс-шараға Беларусь Республикасының тамақ өнімдерін әзірлеушілері, техникалық реттеу, сертификаттау, мемлекеттік қадағалау (бақылау) органдарының қызметкерлері қатысты.

Семинарда сәйкестікті бағалау саласындағы Одақ құжаттарының негізгі өзгерістері, сондай-ақ балыққа, етке, сүтке, қапталған ауыз суға арналған бірқатар техникалық регламенттердің қолданылу ерекшеліктері қаралды. Өнімдердің ЕАЭО техникалық регламенттеріне сәйкестігі туралы декларацияларды тіркеу, қолданысын тоқтату, қайта жалғастыру және тоқтату тәртібі мен Берілген сәйкестік сертификаттарының және тіркелген сәйкестік туралы декларациялардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібінің жаңа редакциялары талқыланды. Бұл құжаттарды іске асыру соның ішінде Одақта бірыңғай ақпараттық жүйе құруға мүмкіндік береді.

«Беларусь Республикасында өнім сәйкестігін бағалаудың типтік схемалары аса қызығушылық тудырды,- деп атап өтті ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаменті директорының орынбасары Лили Максудян.- Бұл, шын мәнінде, жалпы деңгейлес заңнаманы айқындайтын сәйкестікті бағалау жөніндегі кодекс, Одақтың техникалық регламенттерін қайта қарау үшін келісілген негіз».

Қолданыстағы ережеден айырмашылығы – жаңа типтік схемалар өнім типін зерттеу, өндіріс жай-күйін талдау және өндірістік бақылау рәсімдерін жан-жақты сипаттауды өзіне кірістірген.

Типтік схемаларда сертификаттаудың тоғыз схемасы және декларациялаудың алты схемасы сақталған. Мемлекеттік тіркеу туралы куәлікке қатысты келгенде, оны ресімдеу үшін дербес схемалар бөлінген: 1р – ЕАЭО аумағында өндірілетін тауарлар үшін және 2р – Одақтан тыс жерлерде әзірленетін импорттық өнім үшін. Өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік мерзімсіз құжат болудан қалады және бес жылға ресімделетін болады.

Семинарға қатысушылар мүше мемлекеттердегі ЕАЭО техникалық регламенттерін іске асыруды жүзеге асыратын персоналдың дайындығына қойылатын біркелкі тәсілдемелерді қамтамасыз ететін осындай іс-шаралардың өткізілуіне деген мүдделіліктерін растады.