Жүйеге кіру
Арменияның, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің президенттері Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады

Арменияның, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің президенттері Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді талқылады

26.12.2016

26 желтоқсанда Санкт-Петербургте Арменияның, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің президенттері Еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытумен байланысты неғұрлым өзекті мәселелерді, сондай-ақ Одақтың дамуындағы перспективалы бағыттарды талқылады. Кездесу шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) төрт мемлекетінің басшылары ЕАЭО Кеден кодексіне қол қойды.

Отырысқа Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Өзінің қошемет сөзінде Владимир Путин интеграциялық бірлестіктің табыстарын баса айтып, ЕАЭО елдері «әлемдік ең озық тәжірибелерге сай келетін бірқатар маңызды құқықтық жаңашылдықтар енгізілген Кеден кодексін дайындауда көп іс атқарды» деп айтып өтті. РФ Президенті ЕЭК өкілеттіктерінің, соның ішінде кедендік реттеу мәселелері бойынша елеулі ұлғайтылғанын атап айтты.

ЕАЭО бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастыру - таяу перспективадағы бірінші кезектегі міндет болып табылады, - деп мәлімдеді Владимир Путин: «Жуырда Мәскеуде біз Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Тигран Суренович Саркисянмен осы тақырыпты егжей-тегжейлі талқыладық. Және мен онымен соңғы жылдары цифрлық экономика аса кең таралып отырғандығы туралы толықтай келісемін».

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақты дамытудың күрделі жағдайларын атап өтті: «Осы жұмысты қалыптастырудағы ерекше роль Еуразиялық экономикалық комиссияға берілуі тиіс. Комиссия Еуразиялық интеграцияның әкімшілік діңгегі ғана болып қалмай, сонымен бірге ой-талқы орталығы болуға тиіс. Ол үшін ұлтүсті органында барлық мүмкіндіктер мен ресурстар бар».

Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян өз кезегінде былай деді: «Еуразиялық интеграциялық жобаның қаланған іргетасы арқасында Одақтың ішкі нарығы болмаған жағдайда мүше мемлекеттер үшін анағұрлым сезімтал болатын сыртқы экономикалық күйзелістердің келеңсіз салдарын едәуір жеңілдету мүмкін болды».

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, 2016 жыл Қырғызстан үшін Еуразиялық экономикалық одақтың толық құқылы мүшесі ретінде тәжірибелі болды деп баса айтты.

Президенттер ЕАЭО елдері үкіметтерінің бес басшысымен келісілген Кеден кодексінің жобасын қарады. Құжатқа Одақтағы мемлекеттердің – яғни, Арменияның, Қазақстанның, Қырғызстанның және Ресейдің президенттері қол қойды әрі ол Беларусь Республикасына қол қою үшін жіберілетін болады.

Кеден кодексіне Қырғызстан Президенті қол қойды ма деген журналистердің сұрағына ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян былай деп жауап берді: «Қырғызстан Кеден кодексіне қол қойды. Қырғызстан тарапынан біз сыртқы экономикалық қызметті қалай құратынымызға қатысты мәлімдемеге қол қойылмады. Бұл біздің әріптестеріміздің ішкі нарықтағы тосқауылдар мен шектеулерді алып тастаулардың қайсысы басым болатындығына қатысты тұжырымды нақтылап алуды ұсынып отырғандығына байланысты болып отыр».

Президенттер Одақтың цифрлық күн тәртібін, сауда саясатын дамыту мәселелеріне қатысты құжаттарға қол қойды, сондай-ақ Иранмен, Мысырмен, Үндістанмен және Сингапурмен келіссөз процесін іске қосудың қажеттігі туралы ұсынысты мақұлдады​.

Сонымен қатар, ЕАЭО ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері, бірқатар қызметтер көрсету секторы бойынша ырықтандыру жоспарлары, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламалары, одақтас мемлекеттердің көлік саясатындағы негізгі бағыттар мен оларды іске асыру кезеңдері қаралды.

Президенттер Еуразиялық экономикалық одақ органдарында 2017 жылы төрағалық ету мәселесін талқылады. Сөз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес, Еуразиялық үкіметаралық кеңес және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі туралы болып отыр. ЕАЭО туралы шартқа сәйкес, осы органдардағы төрағалық ету қызметінде орыс әліпбиінің реттілігімен жыл сайынғы жоспарлы ротация болады. Өтіп бара жатқан 2016 жылы барлық үш құрылымда да Қазақстан мен оның өкілдері төрағалық етті. 2017 жылы сол функцияларды Қырғызстан Республикасы иеленбек.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысы 2017 жылғы сәуірде өткізіледі деп күтілуде.