Жүйеге кіру
ЕЭК пен ТМД Атқару комитеті зияткерлік меншік саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолданады

ЕЭК пен ТМД Атқару комитеті зияткерлік меншік саласындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын қолданады

5bf6b67638fd1.jpg
26.08.2020

ТМД-ның Зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің (ЗММАК) бейнеконференция режімінде өткен 10-отырысында цифрлық экономика жағдайындағы зияткерлік меншік саласындағы құқықтық қатынастарды жетілдіру мәселелері қаралды. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің өкілдері қатысты.

 

Отырысқа қатысушылар ТМД мемлекеттері экономикасының әртүрлі секторындағы COVID-19 пандемиясының теріс салдарын еңсеру жөніндегі ұсыныстарды, ТМД елдеріндегі зияткерлік меншік саласындағы бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл бойынша заңнаманы өзгертуді, сондай-ақ осы саладағы халықаралық келісімдер жобасымен жұмыс барысын талқылады.

 

Цифрлық экономика жағдайында зияткерлік меншік саласындағы құқықтық қатынастарды жетілдіруге ерекше көңіл бөлінді. ТМД-ның жекелеген елдерінің зияткерлік меншік саласында әкімшілік жүргізудің проблемалық аспектілерін шешу жөніндегі тәжірибесі қаралды.

 

ЕЭК пен ТМД АК іс-шараларына өзара қатысу форматы 2018 жылғы 27 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Атқару комитеті арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандумда және 2019-2020 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарында көзделген. ТМД Атқару комитетінің өкілдері бұдан бұрын Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы жанындағы Зияткерлік меншік жөніндегі консультативтік  комитеттің 10-отырысына қатысты.

 

Анықтама

 

Зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес Зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтаудың мемлекетаралық жүйесін жетілдіру, зияткерлік меншік саласындағы құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі келісімге қатысушы мемлекеттердің бірлескен қызметін үйлестіру мақсатында Зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтау мәселелері жөніндегі мемлекетаралық кеңес қызметіне сәйкес құрылған.​