Жүйеге кіру
Еуразиялық елдер пандемия жағдайында транзиттік және логистикалық әлеуетті іске асыруға бағдарланады

Еуразиялық елдер пандемия жағдайында транзиттік және логистикалық әлеуетті іске асыруға бағдарланады

26.02.2021

Бұл аумақтардың ең жақсы байланыстылығын, көліктің мультимодалдылығын, толық ауқымдағы цифрландыруды және халықтың орнықты жұмылғыштығын қамтамасыз етеді. Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Эмиль Кайкиев БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Ішкі көлік жөніндегі комитетінің 83-сессиясында осы туралы мәлімдеді.

Іс-шара БҰҰ көшбасшыларының, Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерін қоса, әлемнің әртүрлі елінің көлік ведомстволары мен халықаралық көлік ұйымдары басшыларының қатысуымен 23-26 ақпанда болып өтті.

 

ЕЭК министрі саясат мәселелері бойынша жоғары деңгейлі сегменттің жұмысына қатысты, онда талқылаудың негізгі тақырыбы «COVID-19-дан кейінгі кезеңде орнықты қалпына келтіру және экономикалық өсу мүдделерінде сенімді байланыстылыққа қол жеткізу» болды. Бұл ретте Эмиль Кайкиев Комиссияның көлік блогы жүктерді үздіксіз халықаралық тасымалдау үшін «жасыл дәліздерді» қамтамасыз ету міндетін орындайтынын атап көрсетті. ЕЭК министрі Комиссия өз қызметін пандемияға қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларға шоғырландырғанын атап өтті. Экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық үкіметтермен бірлескен күш-жігердің арқасында одақтық елдер арасында әуе қатынасы біртіндеп ашылып, халықаралық теміржол жолаушылар тасымалы қайтадан басталуда.


Эмиль Кайкиев Комиссияның көлік министрліктерімен бірлесіп, ЕАЭО-ның 2021-2023 жылдарға арналған көлік саясатын іске асыру жөніндегі «жол картасының» жобасын дайындауды аяқтағанын хабарлады. Таяудағы перспективада Одақта аралас және контейнерлік тасымалдарды реттеу, әуе қатынасын кеңейту, жылдамдықты және жоғары жылдамдықты көлік жүйелерін дамыту мәселелерін шешу белгіленіп отыр.

«Ұлттық интеллектуалдық көлік жүйелерін үндестіру, тасымалдарды ұйымдастырудың ақпараттық технологиялары, халықаралық қатынастардағы жүк тасымалын ұйымдастыру мен ресімдеу кезінде қағазсыз технологияларды ендіру де біздің басты назарымызда болады», — деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

 

Бұдан басқа, ол сессияға қатысушылар назарын 2020 жылғы желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттерінің президенттері маңызды құжатқа қол қойғанына — Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарына аударды.

 

«Стратегияларды іске асыру 2025 жылға қарай бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға және Еуразиялық одақтың БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуі үшін қарышты дамуды қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», — деген сенімде Эмиль Кайкиев.

 

Анықтама


БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы (БҰҰ ЕЭК) – Біріккен Ұлттар Ұйымының 1947 жылы экономикалық қызметті дамыту және өңірдегі экономикалық байланыстарды, сондай-ақ БҰҰ ЕЭК өңірінің әлемнің басқа елдерімен экономикалық байланыстарын нығайту мақсатында құрылған бес өңірлік комиссиясының бірі. Ішкі көлік жөніндегі комитет (БҰҰ ЕЭК ІКК) Еуропалық экономикалық комиссияның органы болып табылады. Еуразиялық экономикалық комиссия мен Еуропалық экономикалық комиссияның өзара іс-қимылы 2013 жылғы 28 маусымда тараптар жасасқан Ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес жүзеге асырылады.​