Жүйеге кіру
ЕАЭО мемлекеттері асыл тұқымды ірі қара мал мен шошқаны жаңа әдістеме бойынша бағалайтын болады

ЕАЭО мемлекеттері асыл тұқымды ірі қара мал мен шошқаны жаңа әдістеме бойынша бағалайтын болады

25.11.2020
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 24 қарашада Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі ауыл шаруашылығы жануарларының асыл тұқымдық құндылығын бағалау әдістемесін бекітті.

​Нормативтік-құқықтық акт ЕАЭО туралы шартқа және 2019 жылғы қазанда Үкімет басшылары қол қойған Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асылдандыру жұмысын жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге сәйкес әзірленген.

Шешім мүше мемлекеттер аумағындағы асыл тұқымды мал өсіруді және (немесе) өткізуді жүзеге асыратын барлық асыл тұқым ұйымдарында, шаруашылықтарында, сондай-ақ ақпараттық-талдау, селекциялық орталықтарында, жануарлардың тұқымы жөніндегі қауымдастықтарда пайдалануға арналған сүтті және етті бағыттағы ірі қара малдың, шошқаның асыл тұқымдық құндылығын есептеудің және өнімділігін айқындаудың, бағалаудың бірыңғай әдістемесін белгілейді.

«Қабылданған құжат ЕАЭО-ның асыл тұқымды мал шаруашылығына ең таңдаулы желілік ығыстырылмаған болжам (BLUP) әдісінің негізінде асыл тұқымдық құндылықты бағалау мен болжаудың қазіргі заманғы әдістемелерін ендіруді, бағалау мен болжамның анықтығын елеулі арттыруды, генетикалық прогресті жеделдетуді қамтамасыз етеді, Одақ ауқымында көшбасшы топтан шыққан асыл тұқымды өндірушілерді барынша пайдалануды қамтамасыз ете отырып, әртүрлі өңірде өсірілген асыл тұқымды жануарларды салыстыруды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ жануарлардың ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында орын ауыстыру рәсімін жеңілдетеді. Бұл өз кезегінде мал өнімділігінің өсуіне, бәсекеге қабілетті асыл тұқымды өнім өндіру көлемінің артуына, импортқа тәуелділіктің төмендеуіне және өзара жеткізілімдер көлемінің ұлғаюына ықпал ететін болады», — деп атап өтті Комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян.

Асыл тұқымды өнім өндіру үдерістеріне әдістемелерді ендіру үшін екі жылдық өтпелі кезең көзделеді, одан кейін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің асыл тұқымды малдарды есепке алу тізілімдеріне (дерекқорына), жануарлардың асыл тұқымдық куәліктеріне (паспорттарына, сертификаттарына) жаңа әдістемелерге сәйкес айқындалған жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалау нәтижелері енгізілетін болады.

Сарапшылардың пікірінше, Алқа шешімі Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы мен тиімділігіне оң ықпал етеді.​