Жүйеге кіру
EҮАК қорытындылары

EҮАК қорытындылары

25.10.2019
25 қазанда Мәскеуде (Ресей Федерациясы) өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (EҮАК) отырысы барысында сауда ынтымақтастығы, Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) цифрлық күн тәртібін іске асыру, Одақ елдерінің зергерлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы кооперация мәселелері бойынша өзара іс-қимылы туралы және басқа да бірқатар маңызды шешімдер қабылданды. 

 

ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуіне байланысты мәлімдеме қабылдады.

 

Мүше мемлекеттердің премьер-министрлері, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян және Сербия Республикасы Үкіметінің төрағасы Ана Брнабич ЕАЭО мен Сербия арасындағы еркін сауда туралы келісімге қол қойды.


ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары халықаралық келісімдерге –
ЕАЭО шеңберінде қымбат металдармен және асыл тастармен жасалатын операцияларды жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы келісімге, Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық және асылдандыру жұмыстарын біріздендіруге бағытталған шаралары туралы келісімге қол қойды.

ЕАЭО елдерінің экономикасын цифрландыру саласында және зергерлік саласында бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде ЕАЭО мүше мемлекеттер мен ЕЭК құзырет орталықтарының өзара іс-қимыл тәртібі бекітілді. Үкіметаралық кеңес мүшелері мүше мемлекеттердің зергерлік бұйымдарын үшінші елдердің нарығына шығару жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.


Үкіметаралық кеңестің отырысына
Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Сергей Румас, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Мухаммедкалый Абылгазиев, Ресей Федерациясының Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведев, ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян, сонымен қатар құрметті қонақ ретінде Сербия Республикасы Үкіметінің төрағасы Ана Брнабич қатысты.

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің төрағасы, Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян Дмитрий Медведевке «кездесуді ұйымдастырғаны, қонақжайлылығы және дәстүрлі жылы қабылдауы» үшін алғыс айтты. Одан кейін ол Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысына жоғары баға берді: «Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының жұмыс істеген төрт жыл ішінде тауарлар, қызметтер, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысқа түсуі қағидаттарын іс жүзінде іске асыру бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Еуразиялық экономикалық одақ институттарын құру және нығайту тұрғысынан айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Біздің ұйым әр түрлі ынтымақтастық портфелімен жаһандық экономикалық жүйеде өз орны мен рөлін халықаралық мойындатуға және бекітуге үлкен қадам жасады деп мақтанышпен айта аламыз».


Никол Пашинян сондай-ақ Одақтың нормативтік құқықтық базасын одан әрі жетілдіру, алып қою мен шектеулерді жою, экономиканың негізгі саларындағы саясатты үйлестіру, бизнеске бюрократиялық жүктемені жеңілдету қажеттігін мәлімдеді.
 
Армения Премьер-Министрі Үкіметаралық кеңестің қымбат металдардың, асыл тастар мен бұйымдардың айналымы туралы шешіміне тоқталып: «Одақтың ішкі нарығында қымбат металдардың, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдардың айналымына жағдай жасау да маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Тиісті халықаралық шартқа қол қою мүше мемлекеттердің бәсекелестік артықшылықтарын құруға бағытталған өзара тиімді сауда-экономикалық механизмдерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Шарт талдау белгілерін өзара танудың болмауына байланысты қолданыстағы шектеулерді алып тастайды. Осы тұрғыда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің зергерлік бұйымдарын үшінші елдердің нарығына ілгерілету жоспарын мақұлдау, өз кезегінде, бәсекеге қабілеттіліктің артуына, экспорттың өсуіне ықпал етеді және біздің елдерімізде осы саланың дамуына күшті серпін береді» деп атап көрсетті.

 

ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян Үкіметаралық кеңестің отырысында Одақ елдерінің үкімет басшылары Қытай Халық Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуі туралы мәлімдеме жасағанына назар аударды. Дәл осындай мәлімдемені ҚХР шығарды. «Бұл біздің Одақтың маңызды жетістігі, - деп атап өтті Тигран Саркисян, - біз соның арқасында Еуразиялық бизнеске барынша қолайлы жағдай жасаймыз және бұл Қытаймен сауда-экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге жаңа мүмкіндіктер ашады». Оның айтуынша, осы келісім аясында «біздің бизнесіміздің мүдделерін алға жылжыту және қорғау, сауда мәмілелерін жүзеге асыруда туындауы мүмкін түрлі кедергілер мен шектеулерді еңсеру үшін жаңа режимдер жасалады».
 
«Біз Еуразиялық брендтерді қалыптастырудың жаңа тұжырымдамаларын бастаймыз, - деді ЕЭК Алқасының Төрағасы. - Атап айтқанда, Никол Воваевич, бүгін біз Асыл тастармен және қымбат металдармен операцияларды жүзеге асырудың ерекшелігі туралы келісімге қол қойғанымызды атап өтті». Тигран Саркисянның айтуынша, бұл Еуразиялық брендтің қалыптасуындағы алғашқы қадам және Одақ елдері зергерлік индустриядан бастады, өйткені оларда үлкен әлеует бар, «және бірлескен күш-жігер біздің зергерлік кәсіпорындарға өз өнімдерін үшінші елдердің нарықтарда сатуға көмектеседі».
 
«Біз төрт жыл ішінде атқарылған жұмыс туралы есеп ұсындық. Осы төрт жыл Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі бірлескен күш-жігермен шешілуі қажет проблемаларды анықтауға мүмкіндік берді», - деп атап көрсетті ЕЭК Алқасының Төрағасы Тигран Саркисян.
 
ЕАЭО аумағында роумингті жою міндеті қойылды. Нұсқау берілді, осы мәселе бойынша жұмыс жасайтын және ұсыныстар енгізетін жұмыс тобы құрылады.
 
Сонымен қатар, Тигран Саркисян айтқандай, Комиссия Алқасының жаңа құрамы қалай құрылатындығы туралы мәселе талқыланды. Үкіметаралық кеңес ЕЭК-ке, Сыртқы істер министрлеріне және Еуразиялық интеграцияға жауапты ведомстволардың басшыларына ЕЭК Алқасының шеңберіндегі өзгеретін министрлік портфельдерінің жалпы қағидаттарын, оның ішінде ротация негізінде дамытуды тапсырды.

ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары ЕАЭО мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің күшіне енуіне байланысты мәлімдеме қабылдады. Келісімге Астана қаласында (Қазақстан Республикасы) 2018 жылы 17 мамырда қол қойылғанын еске салайық.
 
Мәлімдемеде келісімнің күшіне енуі ЕАЭО мен «Бір белдеу, бір жол» бастамаларын бірлесіп экономикалық дамыту, байланыстыру, сондай-ақ Үлкен Еуразиялық әріптестік бастамалары мен Қытай Халық Республикасының аталмыш бастамасын үйлестіріп дамыту үшін кеңістік құру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылады. Келісім өзара тиімді ынтымақтастық пен сауда-экономикалық саладағы тараптар арасындағы сындарлы диалогты дамытуға ықпал етеді. Өзара сауда мен кооперацияны дамытуға, сондай-ақ ынтымақтастық институттарының, оның ішінде келісім бойынша Бірлескен комиссияның тиісті дәрежеде жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған келісімнің ережелерін іс жүзінде іске асыру жұмысын жылдам әрі сәтті бастау маңыздылығы атап өтілді.


ЕАЭО елдерінің үкімет басшылары Үкіметаралық кеңестің отырысында ЕАЭО шеңберінде қымбат металдармен және асыл тастармен жасалатын операцияларды жүзеге асырудың ерекшеліктері туралы келісімге қол қойды. Келісім тек қымбат металдар мен асыл тастар айналымының бірыңғай қағидаларын ғана емес, сонымен қатар зергерлік бұйымдар саласындағы құқықтық реттеуді үйлестіру мәселелерін де қамтиды. Құжаттың іске асырылуы зергерлік бұйымдардың сынамалық таңбасын өзара тануды қамтамасыз етеді, бұл Одақта қымбат металдар мен асыл тастардың ортақ нарығын қалыптастырудағы маңызды қадам болады, Одақта зергерлік бұйымдардың еркін айналымын қамтамасыз етеді және бизнес үшін транзакциялық ұсталымды төмендетеді. Осылайша, ЕАЭО-ның ішкі нарығында 2018-2019 жылдарға арналған алып қою мен шектеулерді жою бойынша «жол картасындағы» тағы бір кедергі жойылады.

Күтілетін нәтижелер – өзара сауданың артуы, нарықтағы бәсекелестік жағдайдың жақсаруы және нәтижесінде түпкі тұтынушы үшін зергерлік бұйымдардың бағасының төмендеуі. Әрине, мұның бәрі жалпы зергерлік сала үшін мультипликативті әсер етуі мүмкін, өйткені өзара сауда жағдайларының жақсаруы, мысалы, қымбат металды тазарту, асыл тастарды бедерлеу және т.б. ілеспе қызметтердің көбеюіне мүмкіндік береді.
 
Бүгінгі таңда Одақ елдерінде зергерлік бұйымдар айналымы саласындағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік шаралары әр түрлі, осы саладағы мемлекеттік бақылау жүйесі де әртүрлі. Келісімнің күшіне енуі Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің зергерлік бұйымдар нарығына қатысушыларға өзара сауданың әлеуетін іске асыруға, жаңа нарықтарға шығуға және кооперация арқылы өзара пайда алуға мүмкіндік береді.
 
Бұл келісім Одақтың ішкі зергерлік бұйымдар нарығының ашықтығын арттыруға көмектеседі. ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдары зергерлік бұйымдардың түпнұсқалығын бақылау үшін мемлекеттік қадағалау тәсілдерін біріздендіруге келісті. EЭК зергерлік нарықта жалған зергерлік бұйымдар үлесінің төмендеуін талап етеді. ЕАЭО елдерінің тұтынушылары Еуразиялық зергерлік нарықтағы айналымда жүрген зергерлік бұйымдардың сапасына сеніммен қарайды. 
 
Үкіметаралық кеңес Одаққа мүше мемлекеттердің зергерлік бұйымдарын үшінші елдердің нарықтарында жылжыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.
 
Жоспар үш блокқа бөлінген. Бірінші блок зергерлік бұйымдар өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты және ең алдымен Еуразиялық зергерлік бұйымдарды экспорттау бюросының тұжырымдамасын әзірлеуді қарастырады. Тұжырымдама 2020 жылы ұсынылады. Осы блок аясында ЕАЭО сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына және ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифіне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралады.

Екінші блок зергерлік бұйымдар экспортын қолдаудың бірінші кезекті шараларын жүзеге асыруға арналған, Одақ және үшінші елдердің нарықтарын бақылау, ЕАЭО елдерінің бірлескен сауда инфрақұрылымын пайдалану арқылы зергерлік бұйымдарды жылжыту ұсыныстарын дайындау және конференциялар мен көрмелерге қатысу сияқты шараларды қамтиды. Сонымен қатар зергерлік бұйымдар өндірушілерінің брендтерін ынталандырудың қосымша тетіктерін құру мәселесін пысықтау да көзделген.
 
Үшінші блок алдыңғы іс-шаралар тобын толықтырады, үшінші елдердің нарықтарына жылжытудың қосымша тетіктерін әзірлеуді және жасауды ұсынады. Бұған, соның ішінде, жеке тұлғаларға халықаралық почта жөнелтімдерін ресімдеу кезінде қымбат металдар мен тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды өндіру және олардың айналымы саласындағы мемлекеттік бақылаудан өткізу тәртібін жеңілдету мәселесі пысықтау кіреді.
 
Қарастырылған іс-шараларды Комиссия ЕАЭО елдерінің үкіметтерімен бірлесіп іске асырады.

ЕҮАК Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру аясында ЕАЭО мүше мемлекеттерінің және ЕЭК құзыреттілік орталықтарының өзара іс-қимыл тәртібін бекітті.
 
Бірлескен жобаларды және цифрлық трансформацияны іске асыру, кооперацияның жаңа механизмдерін қалыптастыру, сондай-ақ цифрлық құзіреттіліктерді дамыту үшін қатысушы ел құзыреттілік орталығын немесе жекелеген жобалау бағыттары немесе Одақтың цифрлық күн тәртібінің басымдықтары бойынша бірнеше осындай орталықтарды анықтап, тиісті өкілеттіктерді береді.
 
Құжатта өзара іс-қимыл жасасудың жалпы қағидалары, Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберіндегі жобалық қызметті және бастаманы пысықтау кезіндегі өзара іс-қимыл жасау үшін мүше мемлекеттердің құзыреттілік орталықтарының негізгі функциялары көрсетілген.
 
Үкіметаралық кеңестің мүшелері ЕАЭО аясында ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық және асылдандыру жұмыстарын жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге қол қойды.
 
Келісім мал шаруашылығы саласындағы келісілген саясатты жүргізу үшін негіз болады. Қалыптасқан тетік жануарлардың генетикалық әлеуетін арттыруға, бәсекеге қабілетті асыл тұқымды өнімдер мен өзара жеткізілімдер өндірісі көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ оның импортына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. 
 
Үкіметаралық кеңес «өндіруші уәкілеттік берген тұлға» түсінігін қолдануға шешім қабылдады. 
 
Бұл Одақ мемлекеттерінің осы түсінікті біркелкі қолдану арқылы ЕАЭО ортақ нарығын қауіпті өнімдердің импортынан қорғауға көмектеседі. 
 
Шетелдік өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның сериялық өндірілетін шетелдік өнімді сертификаттауға өтініш беруші бола алатындығы жағдайы анықталды.

Үкіметаралық кеңестің шешімінің орындалуы өнімнің сәйкестігін бағалау сатысында аталмыш уәкілетті тұлғалардың Одақта айналымға өнімді шығарған кезде шетелдік өндірушінің атынан іс-әрекеттерді жүзеге асыруға өкілеттіктері мен құзыреттіктеріне талдау жүргізуге, сондай-ақ оның қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті белгілеуге мүмкіндік береді.
 
Үкіметаралық кеңестің келесі отырысы 2020 жылы 30-31 қаңтарда Алматыда (Қазақстан) өтеді.