Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесінің кезектен тыс отырысы коронавирустық инфекция пандемиясына орай әрекет ету шараларын талқылады

ЕЭК Кеңесінің кезектен тыс отырысы коронавирустық инфекция пандемиясына орай әрекет ету шараларын талқылады

IMG_4118.jpg
25.03.2020

ЕЭК Кеңесінің 25 наурыздағы кезектен тыс отырысы Еуразиялық экономикалық одақтың коронавирустық инфекцияның таралуына орай әрекет етуіне және ден қоюдың бірлескен шараларын тұжырымдауға арналды.

ЕЭК Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша ЕЭК Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Андрей Слепнев: «Біз бірыңғай нарықта екенімізді негізге алып отырамыз. Сондықтан бірыңғай нарыққа қатысты барлық мәселелер бойынша келісілген шешімдер болады деп уағдаластық. Тараптар консультациялар өткізеді және қажетті құралдарды табатын болады. Нәтижесінде біздің Одақ қолайлы уақыттарда ғана емес, сонымен қатар бүгінгідей, былайша айтқанда, қағидатты болып табылатын күрделі кезеңде де өзінің өміршеңдігін көрсететін болады», - деп мәлімдеді.

ЕЭК Министрі Еуразиялық экономикалық комиссияның инфекциямен күресу үшін қажетті жеке қорғану құралдарын, медициналық құралдарды ЕАЭО аумағына бажсыз әкелу туралы шешім қабылданғаны туралы хабардар етті. Шешім өнімнің кең номенклатурасы бойынша кеден баждарын нөлге түсіруді бағамдайды, бұл Одақтың медиктері мен денсаулық сақтау мекемелерінің тиісті құралдарға қол жеткізуін арттырады.

Бұдан басқа, ЕЭК жеке қорғану құралдарының кең номенклатурасын ЕАЭО шегінен шығаруға тыйым салу туралы шешім қабылдады. Шешім маскалар, көзілдіріктер, медиктерге арналған жеке костюмдер және басқадай номенклатура бойынша сенімді теңгерім болуы үшін, мұндай тауарларды ЕАЭО шегінен тыс шамадан тыс шығару қаупі болмауы үшін қажет. «Мұның бәрі жалпы тыйым салуға қатысты. Бүгін қолданыстағы ұлттық шешімдерді де талқыладық. Егер Одақтың қандай да бір елінде тапшылық пайда болса, өзара жеткізілімдер, гуманитарлық көмек көрсету бойынша атаулы өтініштерді шешу жайы туындаса, бұл жағдайда мәселелерді шешу үшін мүдделі органдардың консультацияларын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», - деп атап өтті Андрей Слепнев.

Кеңес отырысында дүкендердегі бірінші кезекте қажет тауарларға, азық-түлікке, гигиеналық құралдарға деген жоғары сұранысқа жауап болып табылатын бірқатар мәселе талқыланды. «Шынында да, біздің елдеріміздің сауда желілері қазір тұтынушылар тарапының көтеріңкі талабын бастан кешіріп отыр. Біз бір апта ішінде уақытша негізде тарифтік қорғау нөлге түсірілетін, баж төмендетілетін тауарлар бойынша ақырғы тізбені пысықтау туралы шешімге қол жеткіздік. Бұл тамақ өнімдеріне, балалар тағамына, балалар тауарларының кең номенклатурасына, медициналық құралдарға, дәрі-дәрмектер мен оларды өндіруге арналған компоненттерге қатысты. Яғни, бұлар - қазіргі көтеріңкі сұраныс туып отырған ең бірінші қажет тауарлар. Біз осы тізімдердің барлығын пысықтаймыз, шешім таяу күндері қабылданатын болады», - деді Андрей Слепнев.

ЕЭК министрі тұтастай алғанда «Медиктер мен тауар желілерін қамтамасыз етуге жауап беретін адамдардың толық байланысуы үшін уәкілетті байланысу тұлғалары айқындалғанын, осы өзара іс-қимыл, өзара көмек және консультациялар практикалық тұрғыдан мүмкіндігінше тезірек іске асырылуы үшін нақты шешімдер бойынша және ведомстволардың өзара іс-қимылын Еуразиялық ынтымақтастық қағидаттарында ұйымдастыру жөнінде байсалды әңгіме» болғанын да хабарлады.

Сондай-ақ, ЕЭК Кеңесінде көлік инфрақұрылымы персоналының, тауарларды, басқа да персоналды жеткізуді қамтамасыз ететін автомобиль жүргізушілерінің жүріп-тұруына қатысты мәселелер қаралды. Осы себепті тараптарға тауар өткізу желісінің кедергісіз және үздіксіз жұмыс істеуінің қажетті механизмдерін тұжырымдау тапсырылды.

ЕАЭО-ның басқа мемлекеттері арқылы өз елдеріне транзитпен қайтатын азаматтардың жүріп-тұру мәселесі де талқыланды. «Бұл, шынында да, штабтардың күнделікті жұмысы. Нақты жағдаяттар, әрине, туындауы мүмкін, бұл сөзсіз. Бірақ олар жедел түрде шешімін табатын болады», - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.​