Жүйеге кіру
Михаил Мясникович: «Коронавирус біздің Одақтың беріктігін тексеруде»

Михаил Мясникович: «Коронавирус біздің Одақтың беріктігін тексеруде»

IMG02723.jpg
25.03.2020

25 наурызда Мәскеуде ЕЭК-тің штаб-пәтерінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің кезектен тыс отырысының басты тақырыбы - коронавируске қарсы күрес шараларын тұжырымдау болды. Еуразиялық экономикалық одақтың барлық еліндегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, вице-премьерлер - Кеңес мүшелері мен ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович видеоконференция форматында жұмыс істеді.

Отырысты аша келіп Михаил Мясникович Одақ елдерінде «коронавируспен ауырып-сырқаудың тұрақтануы әзір байқалып отырған жоқ. Өндірістік және ақша-кредит салаларының жұмысында проблемалар бар» екендігін атап өтті. Бұл ретте ол ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдары жүйелі, жедел шешімдер қабылдап жатқанын атап көрсетті. ЕЭК Алқасы жағдаяттың мониторингін жүзеге асыруда, Одақ елдеріне қажетті шараларға шолу жіберді, белгілі бір ұсынымдар енгізді.

«Біздің елдеріміздің біржақты тыйым салулар мен шектеулерді енгізуі салдарынан ішкі нарықты шайқалтуға жол бермеу үшін бірқатар шешімдер қабылдағанымыз орынды болады. ЕЭК Алқасы тиісті құжаттарды қабылдады және Кеңес мүшелеріне жіберді. Бұл - Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық өрісінде тұрған мәжбүрлі шара», - деді Михаил Мясникович.

Атап айтқанда, ішкі нарықта Одаққа кіретін елдердің азаматтарына аса қажет белгілі бір тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ шегінен шығаруды шектеу ұсынылды. Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар тұтыну тауарларының импорты бойынша кейбір жеңілдіктер ұсыну жоспарлануда.

«Бүгінде біздің ЕАЭО-ның беріктігі тексерілуде. Шешімдер келісілген болуға тиіс. Өзгеше болуы мүмкін емес», - деп мәлімдеді Михаил Мясникович.

ЕЭК Кеңесінің мүшелері сондай-ақ сәуір айында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің алдағы отырысына байланысты мәселелерді талқылады. Ол да бейнеконференция режимінде өткізілетін болып айқындалды. ​