Жүйеге кіру
ЕЭК пен Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі Хатшылық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

ЕЭК пен Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі Хатшылық өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

25.02.2021

ЕЭК Интеграция және макроэкономика жөніндегі министрі Сергей Глазьев пен Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі Хатшылықтың (СИЕКА) Бас хатшысы Мельвин Энрике Редондо ұйымдар арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Қол қою рәсімі 25 ақпанда бейнеконференция форматында болып өтті.


Құжат ЕАЭО мемлекеттері мен Орталық Америкадағы экономикалық интеграцияның Кіші жүйесі елдерінің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты қарқынды етуге бағытталған. Тараптар өзара сауда, техникалық реттеу мен стандарттау, өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен, макроэкономика сияқты және басқа бағыттар бойынша ынтымақтастық жасауға ниетті. Ұйымдар тәжірибе алмасатын болады, экономикалық ынтымақтастықты дамыту бойынша, соның ішінде іскер топтардың қатысуымен ұсынымдар әзірлейді.


Сергей Глазьев атап көрсеткендей, географиялық шалғайлығына қарамастан, ЕАЭО мен Орталық Америка елдері ынтымақтастықты өсіре түсу үшін үлкен әлеуетке ие.

 

«Меморандумға қол қою келешектегі сауда және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың – қосылған құн құраудың жаһандық тізбегін түзудің бірінші қадамы болып табылады. 2015 жылдан бастап өзара тауар айналымы 22,6% өсті. Тіпті өткен ауыр жылдың өзі экономикалық байланыстарға елеулі теріс ықпалын тигізе алған жоқ – 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы бар болғаны 2,4% қысқарды», — деп атап өтті Сергей Глазьев.

Сергей Глазьев ЕАЭО елдері мен СИЕКА-ның кәсіпорындар деңгейіндегі өзара іс-қимылының мысалы ретінде тұмаудың бірінші вакцинасын тіркеген «Мечников атындағы Латын Америкасы биотехнологиялық кәсіпорны» Ресей-Никарагуа бірлескен кәсіпорнын келтірді. «Спутник V» вакцинасы қазірдің өзінде СИЕКА-ның алты елінің үшеуінде — Гватемалада, Гондураста және Никарагуада тіркелді. 2013 жылы Ресей капиталының қатысуымен құрылған «Гватемала никель компаниясы» никель кенін әзірлеуге лицензия алды.

Өз кезегінде СИЕКА Бас хатшысы Мельвин Энрике Редондо меморандумға қол қою тарихи оқиға болып табылады деп мәлімдеді.


«Біз ЕЭК-ті экономикалық ынтымақтастықтағы стратегиялық одақтас ретінде көреміз. Біздің өзара іс-қимылымыз экономикалық интеграцияның әлеуетін өмірдің бұдан да биік деңгейі мен сапасына қол жеткізу үшін пайдалануға мүмкіндік беретініне нық сенімдіміз», — деді СИЕКА Бас хатшысы.

Меморандумды іске асыру үшін таяу уақытта ынтымақтастық жөніндегі бірлескен жұмыс тобын қалыптастыру жоспарлануда.

Қол қою рәсіміне Орталық Америкадағы экономикалық интеграцияның Кіші жүйесіне қатысушы елдердің және ЕАЭО мемлекеттерінің Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшілері, сондай-ақ РФ Сыртқы істер министрлігінің Латын Америкасы елдері бойынша арнаулы өкілі Александр Щетинин қатысты.

 

Анықтама

 

Орталық Америкадағы экономикалық интеграцияның Кіші жүйесі 1993 жылғы қазанда қалыптастырылды. Гватемала, Гондурас, Коста-Рика, Никарагуа, Панама және Эль-Сальвадор оның қатысушылары болып табылады.

 

Орталық Америкадағы экономикалық интеграция жөніндегі Хатшылық Кіші жүйенің техникалық әрі әкімшілік органы болып табылады.​