Жүйеге кіру
ЕЭК Одақ елдерінің полиграфия саласына қолдау көрсетеді

ЕЭК Одақ елдерінің полиграфия саласына қолдау көрсетеді

24.11.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы 24 қарашада фотопластиналар мен фотопленкалардың кейбір түрлеріне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын үш жыл мерзімге нөлге түсірді. Қазір ставка мөлшері 5% құрайды.

 

Фотопластинкаларға қатысты жағдайда сөз офсеттік тәсілмен басуға арналған маңызды құрауыштардың бірі туралы болып отыр. Олар бетінде жарық немесе жылу сезгіш қабат және басқа көмекші қабаттар болатын жұқа металл немесе полимер түптөсемді  білдіреді. Офсеттік баспа пластиналары орау-қаптау, кітап-журнал және газет өнімдерін әзірлеу үшін қолданылады. Яғни  мұндай пластиналарды  негізінен орташа және көп таралыммен өнім басып шығаратын полиграфиялық компаниялар тұтынады.

 

Алайда Еуразиялық  экономикалық одақ  мемлекеттерінде офсеттік баспа пластиналары өндірісі жоқ, ал  орташа мерзімді перспективада  тиісті инвестжобаларды іске асыру жоспарланбаған. Сол себепті аталған тауарға деген қажеттілік тек қана импорттың есебінен өтеледі, ал бажды нөлге түсіру  баспа өнімінің өзіндік құнын азайтады және полиграфия саласы кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

 

«Бүгінгі таңда полиграфия саласында бұқаралық ақпараттың баспа құралдары мен кітап басып шығаруды, жарнама және коммерциялық секторды қоса, өндірілетін өнімнің барлық спектрі бойынша сұраныстың күрт құлдырауымен сипатталатын күрделі жағдаят байқалып отыр. Қабылданған шешім полиграфия тауарларының кең спектрінің, соның ішінде оқулықтар мен балалар әдебиетінің бағасын азайтуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ЕЭК-тің Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу департаментінің директоры Ваагн Казарян.​