Жүйеге кіру
ЕАЭО елдерінің қаржы саласындағы заңнамасын үндестіру жоспары жыл аяғына дейін қаралатын болады

ЕАЭО елдерінің қаржы саласындағы заңнамасын үндестіру жоспары жыл аяғына дейін қаралатын болады

24.07.2020
Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын іске асыру мәселелері Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы жанындағы Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитет отырысында қаралды. Отырыс 23 шілдеде Мәскеудегі ЕЭК штаб-пәтерінде Комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Жақсылықовтың төрағалығымен өтті.

«Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ қаржы нарығын қалыптастыру тұжырымдамасында қаржылық қызметтер көрсетудің ортақ нарығын құрудың құқықтық негізі, ортақ қаржы нарығының инфрақұрылымын қалыптастырудың қарымды бағыттары, сондай-ақ оны кеңейту мен одан әрі дамытуға ықпал ететін механизмдер мен құралдар анықталады»,- деп атап өтті Тимур Жақсылықов.

Тұжырымдамада Еншілес ұйымдар нысанында өзара рұқсат беруді (коммерциялық қатысуды) қамтамасыз ету мақсатында банктер мен сақтандыру ұйымдары үшін қаржылық қызметтер көрсетуді жеткізушілер ретінде стандартталған лицензия механизмі көзделген. Тараптардың уәкілетті органдарының өкілдері Ресей банкі әзірлеген стандартталған лицензия туралы келісіммен жұмыс барысы туралы мәселені талқылады. Келісімде стандартталған лицензияны берудің және қайтарып алудың (тоқтата тұрудың) тәртібі мен шарыттары, оның ізденушісіне қойылатын талаптар және оларды қайта қарау тәртібі айқындалатын болады.

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі отырысқа қатысушыларды ЕАЭО-ның ортақ қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлтүсті органы туралы келісіммен жұмыстың барысы туралы хабардар етті. Ұлтүсті орган құру Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Ортақ қаржы нарығын құру тұжырымдамасында айқындалған.

«2020 жылғы 1 наурызда күшіне енген Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үндестіру туралы келісімге сәйкес мүше мемлекеттер ЕЭК-пен бірлесіп тоғыз айдың ішінде  Одақ елдерінің қаржы саласындағы заңнамасын үндестіру  жоспарын әзірлеуге тиіс»,- деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Талқылау қортындысы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы саласындағы (банк секторы, сақтандыру секторы және бағалы қағаздар нарығындағы қызметтер көрсету секторы бойынша) заңнамасын үндестіру  жоспары келісілді. Консультативтік комитет жоспарды бекіту туралы мәселені биылғы қазанда ЕЭК Алқасының қарауына шығару туралы қаулы қабылдады.

Қаржы нарығын реттеу жөніндегі талаптарды үндестіру Банк қадағалауы жөніндегі Базель комитетінің, Халықаралық сақтандыру қадағалауы қауымдастығының, Халықаралық бағалы қағаздар комиссиясы ұйымының, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының халықаралық қағидаттары негізінде әрі ең таңдаулы халықаралық практиканы ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Отырысқа қатысушылар ЕАЭО-ның бір мемлекетінің брокерлері мен дилерлеріне Одақтың басқа еліндегі биржаларда (сауданы ұйымдастырушылар) ұйымдастырылған сауда-саттыққа қатысуға рұқсат беру туралы  келісім жобасы  жайындағы мәселені де талқылады. Келісім ұлттық биржаларға ЕАЭО мемлекетінің уәкілетті органы берген брокерлер мен дилерлер лицензиясын тану әрі олардың бағалы қағаздарды және туынды қаржылық құралдарды сатып алу-сату  шарттарын жасасу үшін сауда-саттықтарға тікелей қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету құқығын береді.

Консультативтік  комитет талқылау қорытындысы бойынша Брокерлер мен дилерлерге рұқсат беру туралы  келісім жобасын да ЕЭК Алқасының талқылауына шығару туралы шешім қабылдады.

Одақ мемлекеттерінің ортақ биржалық кеңістігін құру үшін Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп «жол картасы» әзірленді.

«ЕАЭО-ның ортақ биржалық кеңістігі келісілген рәсімдер мен технологиялар негізінде біріктірілген Одақ елдерінің ұйымдасқан нарықтарында бағалы қағаздар мен қаржы құралдарының биржалық саудасының өзара байланысты жүйесі ретінде қалыптастырылатын болады»,- деп атап өтті Тимур Жақсылықов.

ЕАЭО-ның ортақ биржалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі «жол картасын» іске асыру капиталдың, тауарлардың және қызметтер көрсетудің еркін қозғалысын қамтамасыз етуге, өзара инвестицияларды арттыруға және мүше мемлекеттердің қаржы нарықтарының инвестициялық тартымдылығын көтеруге ықпал етеді.

Тараптардың уәкілетті органдарының сарапшылары пікір алысу нәтижелері бойынша ортақ биржалық кеңістікті қалыптастыру жөніндегі «жол картасының» жобасын ЕЭК Алқасының қарауына шығаруды ұйғарды.

Отырыста сондай-ақ ЕАЭО мүше мемлекеттерінің бағамдық саясат жөніндегі консультативтік кеңесі туралы келісім жобасын мемлекетішілік келісу барысы туралы және Валюталық құқықтық қатынастарды реттеудің және ырықтандыру шараларын қабылдаудың келісілген тәсілдемелері туралы келісім жобасы бойынша қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу барысы туралы мәселелер де қаралды. ​