Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі қорытындылары

ЕЭК Кеңесі қорытындылары

24.12.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 23 желтоқсандағы отырысында ЕАЭО-ның «Сұйық және газ тәрізді көмірсутектерді тасымалдайтын магистралды құбыржолдарға қойылатын талаптар туралы» техникалық регламенті қабылданды. Техрегламенттің қабылдануы Одақтың ортақ газ, мұнай және мұнай өнімдері нарықтарын қалыптастыру жөніндегі бағдарламаларда көзделгендей, газ, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Құжат 2021 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.

ЕЭК Кеңесі жасанды вискоза талшықтарының жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажының ставкасын 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі аралықта 5%-дан 0%-ға дейін төмендетуге шешім қабылдады. Шараны қолданудың уақытша сипаты 2022 жылы Одақта қажетті вискоза талшықтарының меншікті өндірісін ұйымдастыру жоспарланып отырғанына негізделген.Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

Кеңес мүшелері ЕЭК пен ЕАЭО елдерінің еңбекшілерді зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісімді іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылының тәртібі мен нысанын бекітті. Құжат ЕАЭО елдерінің зейнетақымен қамсыздандыру және денсаулық сақтау органдары мен Комиссия арасындағы еңбекшілерге зейнетақы тағайындау әрі төлеу мәселелері бойынша өзара іс-қимылды рагламенттейді. Тәртіп Одақтың бір елінен екінші еліне зейнетақы экспорты механизмін, сондай-ақ зейнетақымен қамсыздандыру мақсатында еңбекшілерді медициналық куәландыруға қатысты мәселелерді реттейді.

Ортақ нарықтағы өнім тапшылығын алдын ала ескертуге орай және бизнес үшін пандемия салдарын барынша азайту мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақта өнім сәйкестігін бағалаудың арнайы рәсімін енгізді. Бұл бір жыл мерзімге енгізілетін уақытша шаралар сериялап шығарылатын өнімді сертификаттау кезінде қолданылады.

ЕЭК Кеңесі ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы және кедендік аумағындағы карантинге жатқызылған өнімге және карантинге жатқызылған объектілерге қойылатын Бірыңғай карантиндік фитосанитариялық талаптарға өзгерістер енгізді. Бірыңғай талаптардағы ЕАЭО СЭҚ ТН 4404 10 000 0 коды ЕАЭО СЭҚ ТН ізеуірттелуіне сәйкес 4404 10 000 кодымен ауыстырылды.

Бұдан басқа, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында жүргізілетін селекциялық-асылдандыру жұмысын үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібін бекіту туралы» шешімінің жобасы қаралды. Түпкілікті шешімді Одақ елдерінің премьер-министрлері қабылдайтын болады.​