Жүйеге кіру
ЕЭК Халықаралық стандарттау ұйымымен ынтымақтастықты тереңдетеді

ЕЭК Халықаралық стандарттау ұйымымен ынтымақтастықты тереңдетеді

24.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Халықаралық стандарттау ұйымымен (ХСҰ) ынтымақтастығы туралы меморандумға бұл ұйымның халықаралық және өңірлік тректердегі өзара іс-қимыл саясатын қайта қарауын ескере отырып қол қойылуы мүмкін. ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің директоры Тимур Нұрашев пен ХСҰ бас хатшысы Серхио Мухика ХСҰ Бас ассамблеясының 42-отырысы шеңберінде Кейптаунда (Оңтүстік Африка Республикасы) осындай мүмкіндікті талқылады. 

Кездесу қорытындысы бойынша ЕЭК делегациясының басшысы Тимур Нұрашев: «Комиссия ХСҰ-ға 2020 жылғы ақпанда болатын ХСҰ-ның Стратегия және саясат жөніндегі кеңесінің отырысына ұсыну үшін Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) техникалық реттеу және стандарттау саласында біз жүргізіп жатқан жұмыс туралы ақпарат жібереді деп уағдаластық. Шамамен осы уақытқа қарай меморандум жобасын да пысықтау белгіленді»,- деп атап өтті. Тараптар Комиссияның ХСҰ-мен бірге стандарттау жөнінде семинарлар және басқа іс-шаралар өткізу перспективаларын да талқылады.

ХСҰ – электр техникасы мен электроникадан басқа, әлемдегі барлық саладағы халықаралық стандарттарды әзірлеуді және жариялауды жүзеге асыратын жетекші ұйым. Ол стандарттау проблемаларымен де айналысады. Тауарлар мен қызметтер көрсетудің әлемдік нарықтағы тиімді айналысы үшін халықаралық ауқымда стандарттауды және қызметтің аралас түрлерін дамытуға, зияткерлік, ғылыми-техникалық және экономикалық салалардағы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдеседі. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерді қоса алғанда, бүгінгі таңда 164 ел ХСҰ мүшесі болып табылады.

Бас ассамблея күн тәртібінің түбірлі тақырыптарының бірі - жаһандық экономикалық, технологиялық және басқа сын-қатерлерлерді ескере отырып, ХСҰ-ның 2030 жылға дейінгі жаңа стратегиясының жобасын талқылау болды. Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар ұйым үшін үлкен мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сонымен бірге ықтимал тәуекелдер тудыратын цифрлық технологиялардың – автоматтандырудың, жасанды зерденің, блокчейннің әсері мәселелерін қарады. Еуразиялық өңірді қоса, барлық мүдделі тараптар мен өңірлердің халықаралық стандарттар әзірлеуге қатысуына айтарлықтай көңіл бөлінді.
Таяудағы екі жылға ресми түрде ХСҰ президенті болып лауазымға кіріскен Эди Нджероге отырыстың жабылуында: «Стандарттауды экономиканың жаһандануының құралы ретінде пайдалану қажет. Мен барлық мүдделі елдер мен өңірлердің ХСҰ жұмысына қатысуына ықпал ететін боламын»,- деді.