Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО-дағы техникалық реттеу – саудадағы кедергілерді барынша азайту кезінде өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО-дағы техникалық реттеу – саудадағы кедергілерді барынша азайту кезінде өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету»

Назаренко 24.jpg
24.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко Минскіде (Беларусь) болып өткен «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа бес жыл: Соттың рөлі» халықаралық конференциясында: «Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін қалыптастырудың негізгі мақсаттары ішкі нарықта саудадағы техникалық тосқауылдарды алып тастау, оны қауіпсіз емес өнімнен қорғау, Одақ өнеркәсібі өндіретін өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру болып табылады»,- деп мәлімдеді. Ол ЕАЭО-да құрылатын техникалық реттеудің құқықтық базасы, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану «адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғайтынын, жануарлар мен өсімдіктерді аурулардан қорғайтынын, тұтынушылардың құқықтарын қорғайтынын және қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ететінін» де атап өтті.

Іс-шарада Одақтың құқықтық жүйесінің әртүрлі аспектісі талқыланды. Пікірсайыс ЕАЭО туралы шарттың салалық ережелері бойынша, соның ішінде техникалық реттеуге қатысты нормалар бойынша жүрді. Оған ЕЭК министрлері мен лауазымды адамдары, Одақ елдері билік органдарының, Конституциялық және Жоғарғы соттарының, Парламенттерінің басшылары, халықаралық ұйымдардың, сот органдарының, бизнесінің өкілдері қатысты.

Виктор Назаренко жалпы отырыс барысында ЕАЭО-ны техникалық реттеудің бірыңғай жүйесінің құқықтық базасын ұсынды және оның проблемалары мен артықшылықты міндеттеріне тоқталды. Бұл ретте ЕЭК министрі Одақтағы құқықтық реттеудің көп сатылығын (құқықтың ұлтүсті және ұлттық актілерінің бар болуы), әртүрлі саланың араласып кетуін (мысалы, техникалық реттеу мен санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану нормалары), ұлттық құқықтық жүйелерде айырмашылықтар мен қайшылықтар бар болуын атап өтті.

Атап айтқанда, техникалық реттеу саласында бұл ортақ нарықты қауіпті және сапасыз өнімнен қорғаудың тиімді механизмінің жеткіліксіздігіне, сәйкестікті бағалау жөніндегі аккредителген органдарды бақылаудың төмендігіне, Одақтың техникалық регламенттерінің міндетті талаптарын іске асыру үшін мемлекетаралық стандарттардың жеткілікті базасының жоқтығына қатысты. «Еуразиялық экономикалық одақ басқа интеграциялық бірлестік сияқты емес, импорттық өнімге өз нарығын ашты. Сол себепті оның қауіпсіздігінің біз үшін маңызды мәні бар. Мысалы, техникалық реттеу объектісі болып табылмайтын өнімнің қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етуге болады? Немесе өз нарығыңды қауіпті импорттық өніммен қорғай отырып, осымен бір мезгілде үшінші елдермен саудадағы тосқауылдарды қалай алып тастауға болады?»,- деді Виктор Назаренко.

Осыған байланысты ЕЭК министрі ЕАЭО туралы шарт ережелерін және Одақ құқығының басқа да актілерін өзекті етудің, олардың практикада біркелкі қолданылуының маңыздылығын атап көрсетті. «Біз ЕАЭО техникалық регламенттерін біркелкі түсіндірмелеуді қамтамасыз етуіміз қажет,- деген сенімде Виктор Назаренко.- Еуразиялық экономикалық комиссияның құжаттарында біз тек базалық ережелерді ғана айқындай алдық. Барлық қалған процесс, техрегламент нормаларын практикада іске асыруды қоса, ұлттық деңгейде өтіп жатыр».

ЕЭК министрінің пікірінше, Одақта одақтық органдардың шешімдерін орындауға мәжбүр етудің пәрменді механизмі құрылуға тиіс. Сол кезде ғана интеграция жасанды тежелмейтін болады. Мысалы, мүше мемлекеттердің немесе Одақ органдары мен оған кіретін елдердің арасындағы дауларда шын мәнінде төреші бола алуы үшін ЕАЭО Сотының өкілеттіктері кеңейтілуге тиіс. «Бүгінде ЕАЭО-да даулы мәселелерді шешуге арналған тиімді механизм жоқ. Одақ Сотына айыппұл санкцияларын салу туралы, айталық, ішкі нарықтағы кедергілерді жою жөніндегі Одақ органдары қабылдаған шешімдерді орындамағаны үшін мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына қатысты шешім қабылдау құқығын неліктен беруге болмайды?»,- деп санайды Виктор Назаренко.

ЕЭК министрі Одақтағы техникалық реттеудің қалыптастырылып жатқан бірыңғай жүйесінің мақсаты – саудадағы кедергілерді және бизнеске түсетін жүктемені барынша азайту кезінде өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету екендігіне халықаралық конференцияға қатысушылар назарын айқындап аударды. «Егер біз басы артық әкімшілік және техникалық кедергілерді жоятын болсақ, бұдан бизнес ұтады, кәсіпкерлердің әртүрлі шығыны азая түседі. Тұтынушылар қауіпсіз, сапалы, әдеттегідей біршама қымбат емес тауарларды алады»,- деп атап көрсетті Виктор Назаренко.