Жүйеге кіру
ЕАЭО-да денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған медициналық жабдық саласындағы импорт алмастыру әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді

ЕАЭО-да денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған медициналық жабдық саласындағы импорт алмастыру әлеуметтік бағдарламаларға жұмсалатын шығыстарды қысқартуға мүмкіндік береді

IMG-20200820-WA0014.jpg
24.08.2020


Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК)  Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің медициналық жабдық өндірісі жөніндегі жетекші компанияларын  өнеркәсіптік кооперация және импорт алмастыру шеңберіндегі өзара іс-қимылға кіріктіру процесінде қолдауға дайын. Бұл туралы  Комиссияның Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Тигран Арутюнян «Исток-Аудио» компаниялар тобының зауытын - денсаулық мүмкіндіктері шектеулі пациенттер үшін  диагностикалау, протездеу және оңалту техникалық құралдарын  шығару жөніндегі жоғары технологиялық ресейлік кәсіпорында болған кезінде мәлімдеді.  

«Импорт алмастыру бағдарламаларын іске асыру шеңберінде  ЕАЭО-да медициналық жабдық және техникалық құралдардың, атап айтқанда кохлеарлық  импланттар өндірісін дамыту  әлеуметтік жағынан маңызды міндет болып табылады. Нәтижесінде  тұтынушылар - денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдар ұтады.  Мұндай тауарларды Одақ елдерінде шығару азаматтарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету жөніндегі бағдарламаларды қаржыландыру шеңберінде ұлттық бюджеттердің шығыстарын елеулі қысқартуға жетуге мүмкіндік береді»,- деп атап көрсетті Тигран Арутюнян.

ЕЭК делегациясының мүшелері өндірістік процеспен танысты,  өндірістің әлеуеті мен мүмкіндігін бағалады,  сондай-ақ кәсіпорынның инновациялық өндірістік қуаттарының жоғары деңгейі мен шығарылатын өнім сапасын атап өте отырып,  жекелеген өнім түрлерін қарады.

Бұдан басқа, сапар кезінде тараптар ЕАЭО-дағы кохлеарлық имплантация, есту терапиясы және бейінді медициналық жабдық нарығының жай-күйін, осы тәрізді жүйелер өндірісіне әлемдік практиканы инкорпорациялаудың мүмкін болатын жолдарын, сондай-ақ  Одақтың медициналық мекемелерінің  емдеу мен диагностикалауда  ЕАЭО-ның медициналық өнімдерін қолдануға көшу перспективаларын талқылады.

Анықтама

«Исток-Аудио» компаниялар тобының негізі 1994 жылы Фрязино ғылыми қалашығының қала түзетін кәсіпорындарының базасында қаланды. Бүгінгі таңда «Исток-Аудио» КТ денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін  қазіргі заманғы оңалту техникалық құралдарын әзірлеу, өндіру және іске асыру саласындағы көшбасшының бірі болып табылады. 

Кәсіпорында әзірленетін өнім тізбесіне қазіргі заманғы жоғары технологиялық есту аппараттарының эконом-кластан бастап премиум-класқа дейінгі  80-нен астам моделі; дауыс күшейткіш техника; ақпаратты тікелей есту аппаратына беретін құрылғылар – индукциялық жүйелер;  жарықты  сигнал бергіштер; цифрлық дірілдеткіш-жарық жүйелері;  естуді қорғаудың жеке құралдары; аудиометриялық тексеріп зерттеулер үшін  шудан қорғау кабиналары; жанасу тақталары, белгілер мен мнемосхемалар; нашар көретін және зағип адамдарды бағдарлаудың навигациялық жүйелері;  аудиокітап функцияларын коммуникатор мүмкіндіктерімен біріктіруші смарт-жүйелер; телескоптық тасымалды пандустар кіреді.

«Исток-Аудио» КТ жұмысының басым бағыттарының бірі - «Қолжетімді орта» әлеуметтік  бағадарламасына қатысуы болып табылады,  оның шеңберінде компания денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарды оңалту саласындағы инновациялық технологияларды белсенділікпен ендіруде.