Жүйеге кіру
ЕЭК сағаттарға арналған жекелеген жинақтауыштарға кедендік бажды кемітті және тыныс жолдары ауруларын емдеуге арналған препараттарды сыныптады

ЕЭК сағаттарға арналған жекелеген жинақтауыштарға кедендік бажды кемітті және тыныс жолдары ауруларын емдеуге арналған препараттарды сыныптады

24.04.2018
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Алқасының 24 сәуірдегі отырысында сауда, кедендік ынтымақтастық және техникалық реттеу мәселелері қаралды. Тауарлардың жекелеген түрлеріне арналған кедендік әкелу бажын төмендету туралы шешімдер қабылданды, Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасына (ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес тыныс жолдары ауруларын емдеуге арналған препараттар сыныпталды, аттракциондардың жекелеген сын көзімен қаралатын құрауыштарын сынақтан өткізу туралы Одақ куәлігінің нысаны бекітілді.
 
ЕЭК Алқасы локомотивтік тартымы бар қос қабатты теміржол вагондары құрауыштарының жекелеген түрлеріне қатысты кедендік әкелу бажын екі жыл мерзімге нөлдік мөлшерде қалдыруға шешім қабылдады.
 
Бұл үшін мұндай құрауыштар Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай тауар номенклатурасының (ЕАЭО СЭҚ ТН) жеке позициясына бөлінетін болады. Қаралатын тауарлар арасында мыналар бар: орталық сатылас гидравликалық амортизатор, тежеуіш құрылғыларының бөліктері, тежеу магистралының басқару панелі, қысқышты механизм, тежеуіш бақылаушысы, тежеуіш жабдығының контейнері, тежеуіш жапсырмасы, тайғақтауға қарсы құрылғы. Одақта бұлар шығарылмайды.Қаралып отырған тауарларға қатысты қолданыстағы кедендік әкелу бажының ставкасы 5% құрайды.
 
Бұл шара Одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпорындары шығарған теміржол вагондарының өзіндік құнын кемітуге және импорттық жинақтауыштарды қолдана отырып, қос қабатты вагондар импортының Одақ аумағында әзірленген өніммен орын ауыстыруына мүмкіндік береді.
 
Сағаттарға арналған жекелеген жинақтауыштарға қатысты кедендік әкелу бажы ставкасын кедендік құннан 8-13%-дан 0-5%-ға дейін кемітуге шешім қабылданды. Бұл шара Одақтың сағат шығарумен және жөндеумен айналысатын кәсіпорындарының шығындарын кемітуге және олардың ішкі нарықтағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға, тариф эскалациясы қағидатын сақтауына ықпал етеді.
 
Атап айтқанда, қымбат емес металдардан жасалған қол сағаттардың корпустары мен циферблаттарына баж ставкасы бір жыл мерзімге 0% мөлшерінде белгіленеді. Өзге де материалдардан жасалған корпустарға, корпустардың бөліктеріне және сағаттардың барлық түрлерінің өзге де бөліктеріне баж ставкасы екі жыл ішінде 0% мөлшерінде қолданылатын болады. Қол сағаттарының бауларына, ленталарына және қымбат емес металдан және өзге де материалдардан жасалған білезіктеріне және олардың бөліктеріне, сағаттарға арналған серіппелерге, платиналарға, дәнекерлерге, тастарға қатысты баж ставкасы екі жыл мерзімге 5%-ға дейін кемітілетін болады.
 
Іс жүзінде Одаққа мүше мемлекеттердегі барлық сағат өндірістері импорттық жинақтауыштарды пайдаланады және оларды алыс шет елдерден 8-13% ставка бойынша кедендік әкелу баждарын төлей отырып сатып алуға мәжбүр болуда. Бұл ретте дайын қол сағаттарына арналған баждар 7% құрайды. Өндірушілердің көпшілігінде дайын сағаттардағы импорттық жинақтауыштардың көлемі 50-90% құрайды.
 
Комиссияның деректері бойынша, 2017 жылы Одаққа әкелінген жинақтауыштардың жиынтық құны осындай тауарлардың 2016 жылғы құнымен салыстырғанда 30% артты және 13,9 млн АҚШ долл. құрады. Негізгі өнім беруші елдер Қытай мен Швейцария болып табылады.
 
ЕЭК Алқасы ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тыныс жолдары ауруларын емдеуге арналған препараттарды сыныптады.
 
Құрамында белсенді әсер етуші зат ретінде бромгексин гидрохлориді немесе амброксол гидрохлориді бар және тыныс алу жолдары аурулары кезінде қақырықты жібітетін және оның түсуін жеңілдететін муколитиктік әсер ету күшіне ие препараттар ЕАЭО СЭҚ ТН 3004 90 қосалқы позициясында сыныпталды.
 
Осы қосалқы позицияда құрамында дәрілік өсімдіктердің қоспасы немесе дәрілік өсімдіктердің ұсақталған бөліктерінің қоспасы бар, бірақ құрамында алкалоидтар немесе олардың туындылары жоқ препараттар сыныпталады.
 
ЕАЭО СЭҚ ТН 3004 90 қосалқы позициясына құрамында алкалоидтар деп аталатын – құрамында азот немесе олардың туындылары болмайтын өсімдіктен алынған заттар жоқ препараттар жатады.
 
ЕАЭО кедендік аумағына әуе көлігімен әкелу ұйғарылған тауарлар туралы алдын ала ақпарат беру тәртібі бекітілді.
 
Шешім Одақ елдері үшін алдына ала ақпарат беру мерзіміне және бермеу жағдайларына қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Құжатта әкелінетін тауарлар туралы деректерді кеден органына жолдауға міндетті адамдар тобы, сондай-ақ оларды одан әрі пайдалану мақсатына байланысты осындай деректердің құрамы айқындалған.
 
Еске сала өтсек, ЕЭК бұдан бұрын Одақ елдері үшін тауарлар автомобиль, теміржол және су көлігі түрлерімен орын ауыстырған кезде осындай ақпарат берудің бірыңғай тәртібін белгілеген еді.
 
ЕЭК Алқасы аттракциондар құрастырылымында пайдаланылатын болат шынжырларды, тоқыма арқандар мен таспа-бауларды сынақтан өткізу туралы Одақ куәлігінң нысанын бекітті.
 
Шынжырлар, арқандар мен таспа-баулар ойын-сауық құрылғыларының сын көзімен қарайтын құрауыштарының бірі болып табылады, одан бас тарту трагедиялық салдарға соқтыруы мүмкін. Сол себепті үстіміздегі жылғы 18 сәуірде күшіне енген аттракциондардың қауіпсіздігі туралы ЕАЭО техникалық регламенті шынжырларды немесе аттракциондарды әзірлеушілерді мұндай детальдарға дербес куәлік ресімдеуге міндеттеді.
 
ЕАЭО-да дәрілік заттарды электрондық тіркеуге байланысты екі сыныптауыш бекітілді. Бұлар - препаратты тіркеу ісінің құжаттары түрлерінің сыныптауышы және дәрілік препараттың тіркеу дерекнамасы өзгерістері типтерінің сыныптауышы.
 
Қабылданған құжаттар ЕАЭО нормативтік-анықтамалық ақпаратының бірыңғай жүйесіне енгізілді және Одақ елдері уәкілетті органдарының арасында электрондық өзара іс-қимыл кезінде қолданылатын болады.
 
Құжаттар түрлерінің сыныптауышын жүргізу жөніндегі оператор болып Беларусь Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтаудағы сараптамалар мен сынақтар орталығы» республикалық біртұтас кәсіпорны айқындалды. Өзгерістер типтерінің сыныптауышын жүргізу жөніндегі оператор - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті.