Жүйеге кіру
ЕАЭО мен Таиланд ынтымақтастығының перспективалары бизнес-форум шеңберінде талқыланды

ЕАЭО мен Таиланд ынтымақтастығының перспективалары бизнес-форум шеңберінде талқыланды

23.07.2020
 
22 шілдеде бейнеконференция режимінде өткен «Ресей – Таиланд» бизнес-форумының басты назарында COVID-19 пандемиясынан кейінгі сауда-экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру мәселелері болды.

Еуразиялық экономикалық комиссия атынан Интеграцияны дамыту департаментінің директоры Гоар Барсегян өкілдік етті. Ол Ынтымақтастық туралы меморандумды іске асыру шеңберіндегі өзара іс-қимыл бойынша ЕЭК пен Корольдік Үкіметі арасындағы бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы​ ойдағыдай өткенін атап өте келіп, ЕАЭО мемлекеттері мен Таиланд Корольдігі арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың ағымдағы жай-күйі туралы айтып берді.

«Меморандумға қол қойып, біз Одақ елдері мен Таиландтың сауда-экономикалық қатынастарының дамуы үшін жақсы алаң жасадық. Жұмыс тобының бірінші отырысы барысында іскер топтар үшін Таиландтың экспорттық әлеуетінің таныстырылымы болып өтті. Бұл жұмысты жалғастыру, жұмыс тобының келесі отырысын өткізу, сондай-ақ бірлескен «ЕАЭО – Таиланд» бизнес-форумын ұйымдастыру қажет»,- деп атап өтті Гоар Барсегян.

Форум барысында қатысушылар әлеуетті инвестициялық ынтымақтастықтың, елдер арасындағы авиа ұшуды қайта бастаудың, сондай-ақ «МИР» төлем жүйесінің Таиланд нарығына шығуының мәселелерін қоса, сауда мен іскерлік белсенділікті қалпына келтіру жөніндегі бастаманы талқылады.

«Ресей – Таиланд» форумын «Ресей – АСЕАН» іскерлік кеңесі, Ресей – Таиланд іскерлік кеңесі, Ресей Сауда-өнеркәсіп палатасы мен Таиландтың Өнеркәсіп федерациясы ұйымдастырды. Форумда Ресей – Таиланд іскерлік кеңесінің төрағасы Валерий Барченко, «Ресей – АСЕАН» іскерлік кеңесінің төрағасы Иван Поляков, Ресей Федерациясының Таиландтағы Елшісі Евгений Томихин, Таиландтың Ресейдегі Елшісі Тханатип Упатисинг сөз сөйледі.

Анықтама

ЕЭК пен Таиланд Корольдігінің Үкіметі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2018 жылғы 19 қарашада Бангкокта қол қойылды. Меморандумды іске асыру шеңберінде бірлескен жұмыс тобы құрылды, оның бірінші отырысы 2019 жылғы 4 маусымда болып өтті.​