Жүйеге кіру
ЕЭК Филиппиндермен өзара іс-қимылды тереңдетеді

ЕЭК Филиппиндермен өзара іс-қимылды тереңдетеді

ЕЭК Филиппины.jpg
23.09.2019
ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко 23 қыркүйекте Комиссия штаб-пәтерінде Филиппин Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Уальдо Карпио бастаған Филиппиннің мемлекеттік органдары мен бизнесі өкілдерімен кездесуде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) мен Филиппин Республикасы Үкіметі арасында Өзара іс-қимыл туралы меморандум жасасуды ұсынды.

ЕЭК министрінің пікірінше, бұл ресми жағынан да, сол сияқты іскер топтар бойынша да диалогты ресімдеудің алғашқы қадамы болып, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің Филиппиндермен және Оңтүстік Шығыс Азияның басқа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ықпал еткен болар еді. Комиссия қазірдің өзінде 11 мемлекетпен осындай меморанум жасасты, олардың арасында Таиланд, Сингапур, Камбоджа және басқа бірқатар ел бар. Вьетнаммен еркін сауда туралы келісім ойдағыдай іске асырылуда. 

Филиппиннің ЕАЭО елдерімен іскерлік қатынастарды дамыту тілегіне ілтипат білдіре келіп, әсіресе жақында қол қойылған ЕЭК пен АСЕАН арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумды ескере отырып, Виктор Назаренко: «Біз Филиппин Республикасының Одақтың барлық елдерімен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға деген мүддесін бүтіндей қолдаймыз. Ұлттық үкіметтер Комиссия деңгейінде берген құзыреттер шеңберінде бұл процеске жан-жақты жәрдемдесетін боламыз»,- деп атап көрсетті.

ЕЭК министрі атап өткендей, техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шаралар ұлтүсті реттеудің Еуразиялық интеграцияның алғашқы сатыларында-ақ қалыптасқан және содан бергі өткен кезең ішінде өзінің сұраныста болуы мен тиімділігін дәлелдеген салалары болып табылады.

«Техникалық реттеу саласында бірыңғай саясат жүргізе отырып, біз қазірдің өзінде Еуразиялық экономикалық одақтың бес елінің нарығында айналыста жүрген өнімнің 85 %-ға жуығын бірыңғай талаптармен қамтыдық. Сәйкестікті бағалаудың бірыңғай рәсімдері, осы рәсімдердің нәтижелері бойынша берілетін бірыңғай құжаттар - бұл бүкіл Одақ бойынша тауарлардың тосқауылсыз нарығы үшін жағдайлар жасайтын жүйелік құралдар»,- деп мәлімдеді ЕЭК министрі.

Бұдан басқа, ол Одақта міндетті санитариялық-эпидемиологиялық, карантиндік фитосанитариялық бақылауға (қадағалауға) жатқызылған тауарларды ЕАЭО-ға әкелудің және олардың мүше мемлекеттер арасында орын ауыстыруының бірыңғай талаптарын, тәртібін қамтитын санитариялық, карантиндік фитосанитариялық және ветеринариялық бақылаудың (қадағалаудың) бірыңғай жүйесі құрылғанына филиппиндік әріптестерінің назарын аударды. Дәрілердің және медициналық бұйымдардың ортақ нарығы іске қосылған. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөнінде нормативтік-құқықтық база әзірленуде. Комиссияда бұл бағыттарға да Виктор Назаренко жетекшілік жасайды.

Өз кезегінде Уальдо Карпио, оның мемлекеттік органдардағы әріптестері мен Филиппин кәсіпкерлері ЕАЭО елдерімен неғұрлым тығыз сауда-экономикалық байланысуды жолға қоюға мүдделі екендіктерін айтып өтті. «Біз Еуразиялық экономикалық одақтың барлық елдерімен неғұрлым белсенді ынтымақтастықты өте қалаймыз. Осыған байланысты біздің ЕАЭО нарығындағы мүмкіндіктеріміз бен міндеттерімізді жақсырақ түсінгіміз келеді»,- деді Уальдо Карпио. 

Филиппин бизнесшілері Одақ нарығына балықтарды, асшаяндарды және басқа теңіз өнімдерін, кептірілген тропикалық жемістерді, кокостан алынатын шәрбаттар мен тұздықтарды, фармацевтикалық тропикалық сығындыларды және филиппин өндірісінің дәстүрлі тауарларын ілгерілетуге байланысты бірқатар нақты сұрақ қойды.