Жүйеге кіру
ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО-дағы тауарлар қозғалысының еркіндігіне соның ішінде техникалық реттеу жүйесін құрудың арқасында қол жеткізілді»

ЕЭК министрі Виктор Назаренко: «ЕАЭО-дағы тауарлар қозғалысының еркіндігіне соның ішінде техникалық реттеу жүйесін құрудың арқасында қол жеткізілді»

Назаренко 23.jpg
23.09.2019
Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің таңдаулы мамандарымен және бизнес өкілдерімен бірге оннан астам жаңа техникалық регламент әзірлейді. Олар, атап айтқанда, одақтық мемлекеттердегі трамвайларға және метрополитеннің жылжымалы құрамына, құс етіне және оны ұқсату өнімдеріне, жемшөпке және жемшөптік қоспаларға қойылатын бірыңғай қауіпсіздік талаптарын белгілейді. Бұл туралы Минскіде (Беларусь) болып өткен Еуразиялық жас көшбасшылардың «ЕАЭО: табыс тарихы» форумында ЕЭК-тің Техникалық реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Виктор Назаренко мәлімдеді.

Одақ елдерінің жас көшбасшылары тура түпкі дереккөзден – Комиссия сарапшыларынан континенттегі интеграцияның дамуы туралы мәліметтер алды, Еуразиялық тақырыптама бойынша зияткерлік ойынға қатысты, ЕАЭО бойынша әріптестерімен тығыз кооперациялық байланыстары бар белорус автомобиль зауыты - «БЕЛАЗ» ААҚ-да болды. 

«Еуразиялық экономикалық одақ құрылған сәттен бергі бес жыл ішінде Комиссия мен мүше мемлекеттер бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру жөнінде айтарлықтай жолдан өтті,- деп атап көрсетті Виктор Назаренко. – Тауарлардың еркін орын ауыстыруы туралы сөз қозғағанда, оған Одақта техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін құру арқасында қол жеткізілгенін айтпай кетуге болмайды. Қазіргі күні ЕАЭО-ның 48 техникалық регламенті қабылданды, осының ішінен 42-сі күшіне енді. Олар тамақ өнімдері мен балалар тауарларынан бастап ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мен автомобиль жасау, электр техникасы, теміржол көлігі, химия өнеркәсібі, мұнай және газға дейінгі Одақ нарығында айналыста жүрген өнімнің шамамен 85 %-ын реттеуде. Және бұлардың барлығы 12 000-нан астам стандартпен қуатталып отыр». 

ЕЭК министрі Еуразиялық жастарға Комиссияның санитариялық, ветеринариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды қолдану саласындағы жұмысы, дәрілердің және медициналық бұйымдардың ортақ нарықтарын құру мен жетілдіру туралы айтып берді. Ол сондай-ақ ЕЭК-тің осы бағыттар бойынша бүкіл нормативтік-құқықтық қызметі тауарлар қозғалысының еркіндігін қамтамасыз етуге, олардың қауіпсіздігін, тиімділігін, сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. 

Жас көшбасшыларға Комиссия жұмысы туралы барынша толық мағлұмат беру үшін Виктор Назаренко Еуразиялық интеграцияның басқа да салаларына тоқталды.

Атап айтқанда, ол ЕЭК-тің ортақ қаржы нарығын құруда, қызметтер көрсету мен жұмыс күшінің еркіндігін қамтамасыз етуде айтарлықтай ілгерілегенін хабарлады. Еңбекшілерге Одақ елдері аумағында арнаулы рұқсат берулердің, квоталардың, патенттердің немесе қосымша емтихандардың қажеті жоқ. Зейнетақымен қамтамасыз етудің тәсілдемелерін үйлестіру жұмысы жүріп жатыр.

ЕЭК министрі Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық сын-қатерлерге жауап бере отырып, қарқынды өзгеріп жатқан әлем аясына бейімделуге тырысатынын атап өтті. Бұл өткен жылы ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары қол қойған Интеграциялық процестерді одан әрі дамыту декларациясында көрініс тапты. Құжаттың негізгі мақсаттарының арасында ішкі сауда тосқауылдарын жою, Одақ органдары жұмысының тиімділігін арттыру бар. Декларация Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын тұжырымдау үшін негіз болып табылады.

«Біз Еуразиялық интеграциялық экономикалық бірлестіктің негізін қаладық және қазір оның іргетасын бекітіп жатырмыз,- деп мәлімдеді Виктор Назаренко.- Бұл жобаны дамыту, Еуразиялық идеяны өмірге толық енгізе түсу таяу болашақта сіздердің – Еуразиялық жас көшбасшылардың алдында тұрады».