Жүйеге кіру
Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржолмен жеткізу желісі бүкіл ЕАЭО-ға кеңейтілуі мүмкін

Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржолмен жеткізу желісі бүкіл ЕАЭО-ға кеңейтілуі мүмкін

22.06.2020

ҚХР-ға ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржолмен жеткізу желісі бүкіл Еуразиялық экономикалық одаққа кеңейтілуі мүмкін. Мүше мемлекеттермен тиісті мүмкіндікті пысықтау Еуразиялық экономикалық комиссияның «Ресей темір жолдары» (РЖД) ААҚ-пен өзара іс-қимылының «жол картасына» енгізілді. Құжат ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепневтің «РЖД» бас директоры – басқарма төрағасы Олег Белозеровпен кездесуі барысында мақұлданды.

 

«Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жобасы Одақ шеңберінде өсудің зор әлеуетіне ие деп ойлаймыз. 2019 жылы Қытай соя бұршақтары, мұздатылған сиыр еті, тауық және балық импорты бойынша әлемде бірінші орында, рапс және күнбағыс майы, шаян тәрізділер және шошқа еті импорты бойынша екінші орында болды. Сондай-ақ сүт өнімдерін әкелудің айтарлықтай үлесі де Қытайға тиесілі», - деп атап өтті ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

 

Министр Одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлемдік нарығында маңызды ойыншы болып табылатынын еске салды. Ресей Федерациясы «Агроэкспресс» сервисін пайдалана отырып, қазірдің өзінде ұн, соя, кондитерлік өнімдер мен мұздатылған тауық әкелуде. Бұл ретте ЕАЭО-ның басқа елдерінен экспорттаушыларды жобаға тарту есебінен жүзеге асырылатын жеткізілімдерді айтарлықтай ұлғайту әлеуеті бар. Бұдан басқа, Одақ, сондай-ақ Орта Азия мемлекеттері (атап айтқанда, байқаушы ел болуға дайындалып жатқан Өзбекстан) ет-сүт және жеміс-көкөніс өнімдері бөлігінде елеулі мүмкіндіктерге ие.

 

«ЕЭК-тің ұлтүсті мәртебесін ескере отырып, ресейлік теміржол өнімдері мен қызметтер көрсетуді шет елдік нарықтарға ілгерілету бөлігінде де, сол сияқты ЕАЭО аумағында теміржол көлігін пайдаланушылар үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру бөлігінде де біздің ынтымақтастығымыз үшін тұтас бір бағыттарды көріп отырмыз»,- деп мәлімдеді Олег Белозеров.

 

Кездесу барысында сондай-ақ үшінші елдердің нарығына қол жеткізу кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді, сондай-ақ келісімдер бойынша ЕАЭО әріптестерімен ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылау мақсатында «РЖД» өкілдерін салалық жұмыс топтарына қосу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

 

ЕЭК Сауда блогы өкілдерінің және «РЖД» басшылығының кездесуі үшінші елдермен сауда келісімдерінің тиімділігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс құру шеңберінде бизнеспен байланысулар сериясын жалғастырды. ЕЭК ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің кәсіпкерлік қоғамдастығын еркін сауда аймақтары бойынша әріптестер нарығында жаңа мүмкіндіктер іздеу жөніндегі диалогқа шақырады.​