Жүйеге кіру
Тұтынушылар құрамында сүт бар өнімдерден өсімдік майлары туралы ақпаратты көре алады

Тұтынушылар құрамында сүт бар өнімдерден өсімдік майлары туралы ақпаратты көре алады

22.03.2018

ЕЭК Алқасы Одақтың өткен жылғы 10 қарашада Комиссия Кеңесі қабылдаған «Сүттің және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» техрегламентіне өзгерістер бойынша өтпелі ережелерді белгіледі. Өзгерістер 2018 жылғы 16 маусымда күшіне енеді.
 
Өтпелі ережелер, біріншіден, егер кәсіпкерлерде түзетулер күшіне енген күнге дейін берілген техрегламент талаптарына сәйкестікті бағалау туралы құжаттар бар болса, олар ЕАЭО-да 2019 жылғы 16 қаңтарға дейін сүт тауарларын өндіре алатынын және оларды сата алатынын айқындайды.
 
Екіншіден, осы құжаттардың қолданысы кезеңінде шығарылған өнім айналысына мұндай өнімді өндіруші белгілеген жарамдылықтың барлық мерзімі ішінде жол беріледі.
 
Бұдан бұрын Одақтың техрегламентіне енгізілген өзгерістер құрамында сүт бар өнімдердің сыныптамасын нақтылап, толықтырғанын еске сала өткен жөн. Бұл сүт нарығына қатысушылардың, соның ішінде тұтынушылардың құрамында сүт бар өнімдердің атауларындағы шикізат құрамының ерекшеліктерін сипаттайтын ұғымдарды дұрыс түсінуі және қолдануы үшін қажет.
 
Өзгерістер тұтынушыларға сүт майын алмастырушы қосылған немесе қосылмаған өнімдерді дәл айыруға мүмкіндік береді, сол үшін де таңбалау бойынша бірқатар түзетулер енгізіліп отыр. Осындай қоспалары бар өнімнің атауы «сүт майын алмастырушы қосылған құрамында сүт бар өнім» деген сөздерден басталуға тиіс.
 
Әзірлеуші сүт майын алмастырушы қосылған құрамында сүт бар өнімде өсімдік майларының бар болуы туралы мәліметті көрсетуге міндетті. «Құрамында өсімдік майлары бар» деген жазу қаптамадағы арнайы бөлінген ақпараттық ақ шетке немесе ақ шеттің түсіне кереғар қаріппен этикеткаға енгізіледі
 
Қаптамадағы таңбалауды түзету сүт майын алмастырушы қосылған құрамында сүт бар өнімдер үшін ғана көзделген және тек солар бойынша өнім құрамында өсімдік майларының бар болуы туралы тұтынушыны хабардар етуді көздейді.