Жүйеге кіру
ЕЭК Кеңесі кілем дайындауға арналған бірқатар пропиленді жіптердің кедендік әкелу баждарының ставкаларын нөлдендірді

ЕЭК Кеңесі кілем дайындауға арналған бірқатар пропиленді жіптердің кедендік әкелу баждарының ставкаларын нөлдендірді

22.02.2019
22 ақпанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысы болып өтіп, онда интеграцияны дамыту, сауда, кедендік және техникалық реттеу, санитариялық, ветеринариялық және фитосанитариялық шараларды қолдану мәселелері қаралды.

ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) Бірыңғай кедендік тарифінің (БКТ) кілем және кілем бұйымдарын дайындауға пайдаланылатын пропиленді жіптердің жекелеген түрлеріне арналған кедендік әкелу баждарының ставкаларын нөлдендірді, ЕАЭО мен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жайында ақпарат алмасу туралы келісімді мақұлдады. Бірқатар нормативтік-құқықтық құжаттарға өзгерістер енгізілді.
 
ЕЭК Кеңесі ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің (БКТ) кілем және кілем бұйымдарын дайындау үшін пайдаланылатын, Одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Тауар номенклатурасының (СЭҚ ТН) 5402 63 000 0 кодымен сыныпталатын пропиленді жіптердің жекелеген түрлеріне арналған кедендік әкелу бажының ставкасын 2020 жылғы 29 ақпанға дейін нөлдендірді. Бүгінде оларға 5%-дық ставка қолданылады. Бұл шара Одақтың бейінді кәсіпорындарын қолдайды, шығарылатын өнімдердің өзіндік құнын кемітеді және бәсекеге қабілеттілігін өсіреді, Одақ нарығындағы отандық тауарлар үлесін арттырады.
ЕЭК Кеңесі Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары жайында ақпарат алмасу туралы келісімді мақұлдады және халықаралық келісімге қол қою алдындағы мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін оны Одақ елдеріне жіберуге өкім етті.
Келісім Одақ пен ҚХР кедендік аумақтарына әкелінетін тауарларға, сондай-ақ  транзиттік    тасымалданатын  тауарларға қатысты кедендік операциялар жасауды жеделдету үшін әзірленген. Тараптар ақпарат алмасу барысында алынған тауарлар мен халықаралық тасымалдың көлік құралдары туралы деректерді тәуекелдерді басқару саласындағы тиімділікті арттыру және кедендік бақылау нысандарын жетілдіру үшін пайдалануды жоспарлап отыр. Мұндай алмасу халықаралық сауданың рәсімін оңайлатуға мүмкіндік береді және кедендік реттеу саласында нормативтік-құқықтық актілердің бұзылуын болдырмауға ықпал ететін болады, өзара сенімді арттырады. Келісімге биылғы жылы қол қойылады деп күтілуде.
ЕАЭО елдерінде ветеринариялық бақылауға жатқызылған тауарлардың Бірыңғай тізбесіне мал майы толық немесе ішінара алмастырылған сүт шикізатынан жасалған ірімшік технологиясы бойынша дайындалатын тамақ өнімдері енгізілді.
Өзінің құрамы жағынан бұл тауарлар түрі мен атауы бойынша дәл солай және тіпті ірімшік тұрғысында жайғастырылса да, «ірімшік өнімі» ретінде сыныптала алмайды. Сүт майын алмастырғышы бар сүт шикізатынан дайындалған тауарлардың эпизоотиялық қатері қаймағы алынбаған сүттен дайындалған тауарлардың қатерімен ұқсас.
Одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Кедендік номенклатурасының белгілі бір кодтарына сәйкес келетін тауарлар тізбесіне енгізу оларды ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыруға және Одақ аумағына әкелу кезінде оларға ветеринариялық шараларды қолдануға мүмкіндік береді. Бұл ЕАЭО мемлекеттерінде эпизоотиялық салауаттылықты қолдауға ықпал ететін болады.
ЕЭК Кеңесі жануарлардың аса қауіпті, карантиндік және зоонозды аурулары ошақтарының профилактикасы, диагностикасы, оларды оқшаулау мен жою және өңірлендіру мен компартментализация жүргізу кезіндегі ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимыл тәртібінің жекелеген ережелерін өзгертті.
Атап айтқанда, жұқтыру ошағы табылғаны туралы ақпаратты ұсыну нысанын: эпизоотиялық ошақтың (тіркеу фактісі бойынша) анықталғаны туралы мәліметтер және оны жою жөніндегі шаралар туралы деректер (тоқсан сайын ұсынылады) деп екі бөлікке бөлу көзделген. Бұл уәкілетті органдардың жануарлардың жұқпалы ауруларының табылуы мен таралуы және оларды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы өзара хабардар ету мерзімділігін оңтайландыруға мүмкіндік береді. Тәртіптің басқа өзгерістері Одақ елдерінің жануарлардың жекелеген аурулары бойынша өзара іс-қимыл нысанын оңайлатады.