Жүйеге кіру
ЕАЭО еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім жобасын мемлекетішілік келісу аяқталды

ЕАЭО еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім жобасын мемлекетішілік келісу аяқталды

21.01.2019
Бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Тимур Жақсылықов Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мемлекеттерінің зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті органдары басшыларының орынбасарларымен ЕЭК штаб-пәтерінде өткен кездесуде хабарлады.
«ЕАЭО еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім жобасын мемлекетішілік келісу аяқталды. Таяудағы уақытта жобаны ЕЭК Алқасы мен Кеңесі қарайтын болады, содан кейін ол қол қою үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу үшін тараптарға жіберіледі», - деп мәлімдеді Тимур Жақсылықов.
ЕЭК министрі Одақ мемлекеттері азаматтарының мүддесі үшін құжатты тезірек қабылдау қажеттігін де атап өтті.

Келісім еңбекшілерді зейнетақымен қамтамасыз етудің олар Одақтың қай елінде жұмыс істегеніне қарамастан, жұмысқа орналасу мемлекетінің азаматтарымен тең жағдайларда жүзеге асырылуын көздейді. Әр мемлекет өз аумағындағы жұмыс өтілі кезеңі үшін төлейді деп бағамдалуда.

«Әр мемлекет өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес зейнетақы құқығын айқындайды және оның мөлшерін есептейтін болады. Бұл ретте зейнетақы құқығын айқындау үшін ЕАЭО аумағындағы еңбек қызметінің барлық кезеңі ішіндегі сақтандыру өтілін қосындылау көзделген», - деп атап көрсетті ЕЭК министрі.

Ол келісімнің зейнетақы экспорты және ЕАЭО-ның басқа мемлекетіндегі жұмыс өтілін есепке алу мәселесін шешуге де мүмкіндік беретінін қоса айтты. Құжат Одақ азаматтарының әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруға ықпал ететін болады.

Кездесуге қатысушылар зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесінің ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып келісім жобасының негізгі ережелерін талқылады және жұмысты қысқа мерзімде аяқтауға дайын екендіктерін білдірді.


Анықтама
ЕЭК Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы келісім жобасын ЕАЭО елдерімен бірлесіп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 98-бабының 3-тармағына сәйкес әзірледі.
 
Жобаның негізгі мақсаты еңбекшілердің зейнетақы құқығын жұмысқа орналасу мемлекеттерінің азаматтарымен бірдей жағдайларда және бірдей тәртіпте қалыптастыру, сақтау және іске асыру, еңбекшілерге зейнетақы тағайындаумен және экспортымен байланысты мәселелерді шешу, сондай-ақ мүше мемлекеттер арасында зейнетақымен қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып табылады.

Комиссия Алқасының 2018 жылғы 26 маусымдағы № 112 өкімімен келісім жобасы мемлекетішілік келісу жүргізу үшін мүше мемлекеттерге жіберілді, ол 2018 жылғы 29 желтоқсанда аяқталды.