Жүйеге кіру
Бағалы қағаздарды орналастыруға және олардың айналысына өзара қол жеткізу Одақ елдерінде биржалық сауданы жандандырады

Бағалы қағаздарды орналастыруға және олардың айналысына өзара қол жеткізу Одақ елдерінде биржалық сауданы жандандырады

03.09.2020

Қаржы нарықтары жөніндегі консультативтік комитеттің мүшелері Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі ұйымдасқан сауда-саттықтарда бағалы қағаздарды орналастыруға және олардың айналысына өзара қол жеткізу туралы келісім жобасын, сондай-ақ ЕАЭО ортақ қаржы нарығының қалыптасуы мен жұмыс істеуі мәселелерін қарады. Отырыс Еуразиялық экономикалық комиссияның Мәскеудегі штаб-пәтерінде ЕЭК Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Жақсылықовтың төрағалығымен бейнеконференция режімінде өтті. 

«Келісім Одақ мемлекеттерінің биржалық кеңістігінде эмиссиялық бағалы қағаздардың еркін орналасуы мен айналысын қамтамасыз етуге, биржа жоғары санатты баға белгілеу тізіміне, ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердегі ұйымдасқан сауда-саттықтарға жатқызған тізімдегі бағалы қағаздарға өзара қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған», - деп атап өтті Тимур Жақсылықов.

Келісім Одақ елдерінің эмитенттеріне ЕАЭО-ның кез келген қор биржасына шығу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, соның нәтижесінде олар инвестициялық ресурстарға кеңінен қол жеткізуге ие болады, бұл эмитенттер үшін қор жинау құнын кемітуге мүмкіндік береді. «Сөйтіп, брокер өз биржасынан кетпей тұрып-ақ қосымша шығындарсыз өзінің барлық мүдделі клиенттерінің инвестициялаудың жаңа объектілеріне, Одақ елдері эмитенттерінің мейлінше сенімді бағалы қазғаздарына қол жеткізуін қамтамасыз етеді», - деп атап көрсетті Тимур Жақсылықов.

Келісім жобасымен жұмыс Одақ мемлекеттерінің уәкілетті органдарының ескертпелерін ескере отырып жалғастырылатын болады деп жоспарлануда.

Отырысқа қатысушылар бағалы қағаздар эмиссияларының проспектілеріне қойылатын талаптарды үндестірудің оңтайлы тәсілдемелерін зерделеу жөніндегі техникалық тапсырма жобасын да қарады.

Консультативтік комитет мүшелері ЕЭК пен Қылмыстық кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың (ЕАТ) арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесін талқылады. Жаңа технологиялардың дамуына байланысты әлемде пайда болып жатқан сынақ-тездер мен қатерлер, сондай-ақ мүше мемлекеттердің және Одақтың экономикалық жүйелерін қорғауды қамтамасыз ету талабы тұтастай ЕАЭО алдына кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында жаңа міндеттер қояды. Консультативтік комитет ЕАТ-пен өзара іс-қимылды тереңдету туралы меморандум жасасу ұсынысын қолдады.

 

Ресей тарапы (Орталық банк) «Маркетплейс» жүйесінің қаржылық өнімдерін іске асырудың электрондық арнасын ұйымдастыру тәжірибесін ұсынды. Жобаның негізгі артықшылықтары арасында географиялық шектеулерді алып тастау есебінен қаржылық қолжетімділікке байланысты жағдаятты жақсарту және қаржылық өнімдердің кең желісіне қашықтан қол жеткізуді қамтамасыз ету бар. Өнім ассортименті банк салымдарын, мемлекеттік және корпоративтік облигацияларды, пайлық инвестициялық қорлардың пайларын, ААЖМС-ты және ипотекалық кредиттерді кірістіретін болады. Болашақта өнім желісі кредиттік, сақтандыру, инвестициялық және басқа қаржылық өнімдер есебінен кеңеюі мүмкін.

Ресей Банкінің ұсынысы бойынша отырысқа қатысушылар ЕАЭО туралы шартқа лизингті қаржылық қызмет көрсету ретінде сыныптау бөлігінде өзгерістер енгізу қажеттігі туралы мәселені талқылады.

 

Отырыс барысында міндетті кепілді банк салымдарын жүзеге асыратын мекемелерге және ұйымдар қызметіне қатысты шектеулерді Армения Республикасының және Қырғыз Республикасының ұлттық тізбелерінен алып тастау жөніндегі ұсыныстар және басқа мәселелер де қаралды.