Жүйеге кіру
Артак Камалян: «Біз ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ЕАЭО нарығына қол жеткізуінің тең жағдайларын қамтамасыз етуге ұмтыламыз»

Артак Камалян: «Біз ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ЕАЭО нарығына қол жеткізуінің тең жағдайларын қамтамасыз етуге ұмтыламыз»

06.08.2020
Еуразиялық экономикалық комиссияның Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақтағы аса ірі комбайн өндірісі кәсіпорны «Ростсельмаш»-қа барған сапары кезінде мәлімдеді.

Зауыттағы жұмыс кеңесі шеңберінде ауыл шаруашылығы техникасын ұлттық өндірушілер үшін ЕАЭО нарығына қол жеткізудің тең жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Министр кездесуге қатысушыларды субсидиялар ұсынумен байланысты шектеулерді алып тастау жөніндегі жоспарланған жұмыс туралы, сондай-ақ Қазақстан нарығына ауыл шаруашылығы техникасының жеткізілімі кезінде кәдеге жарату алымын алумен байланысты мәселенің толық шешілгені жайында хабардар етті. Ол кәсіпорын басшылығына оның сарапшыларының Одақ нарығындағы әлеуетті салалық кедергілерді жою жөніндегі белсенді позициясы үшін ризашылығын білдірді.

«Ауыл шаруашылығы техникасына арналған кәдеге жарату алымын алу мәселесі бойынша Қазақстан Республикасында осы жылғы маусымда тиісті шешім қабылданды. Шетелдік ауыл шаруашылығы техникасына арналған субсидиялар ұсыну жөніндегі мәселенің шешімі жоғары пысықтау дәрежесінде тұр және бұл жағдаят таяу уақытта реттелетіндігінің алғышарттары бар», деп атап көрсетті Артак Камалян.

Сапар барысында министр зауыттағы өндірістік процестердің жоғары деңгейін атап өтіп, компанияның өндірістік алаңдарын – икемді технологиялар кешенін, орталық логистика кешенін, экспокешенді аралап көрді.

Анықтама

«Ростсельмаш» КТ — 4 елдің 10 өндірістік алаңында орналасқан 13 кәсіпорын құрамына кіретін компаниялар тобы. Олар «РОСТСЕЛЬМАШ» жән VERSATILE брендтерімен техника шығарады. Өнім желісі техниканың 24 түрінің 150-ден астам моделі мен модификациясын, соның ішінде астық және жемшөп жинау комбайндарын, тракторларды, бүріккіштерді, жемшөп дайындау мен астықты қайта өңдеу жабдықтарын және басқаларды қамтиды.​