Жүйеге кіру
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап тауарлардың шығу тегі туралы мәліметтер кедендік декларацияда жаңаша көрсетілетін болады

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап тауарлардың шығу тегі туралы мәліметтер кедендік декларацияда жаңаша көрсетілетін болады

21.07.2020

Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Тауарлар декларациясын толтырудың тәртібін өзгерту туралы тиісті шешімінің  күшіне енуі жөнінде уағдаластыққа  қол жеткізді.

Мәселен, келесі жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелу кезінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік декларацияда өз тауарларының преференциялық еместігі және преференциялық шығу тегі туралы мәліметтерді бір мезгілде көрсете алады. Бұл үшін декларациядағы бұрын толтырылмайтын 34 «Шығарылған елдің коды» графасының екінші кіші бөлімі іске қосылатын болады.

Еске сала өтсек, бұл өзгерістерді ЕЭК Алқасы 2019 жылғы шілдеде қабылдады. Бұлар тауарлар декларациясында олардың шығу тегі туралы мәліметтерді көрсету тәртібін одақтық шығу тегін айқындау қағидаларында белгіленген ерекшеліктерге қарай бейімдейді. Бұл ретте кедендік декларацияны толтыру тәртібі түсінікті бола түседі, ал сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларда өздері декларациялайтын тауарлардың шығу тегі туралы тәмамды мәліметтерді көрсету мүмкіндігі пайда болады.

Анықтама:

Бастапқыда Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 23 шілдедегі «Тауарлар декларациясын толтырудың тәртібіне өзгерістер өзгерістер енгізу туралы» № 126 шешімі 2020 жылғы 2 ақпаннан бастап күшіне енуге тиіс болатын. Алайда Одақ мемлекеттерінде  оның күшіне енуін қолдану бойынша туындаған келіспеушіліктерге байланысты Үкіметаралық кеңестің тиісті шешімі қабылдағанға дейін  тоқтатып  қою ұйғарылды.​