Жүйеге кіру
ЕЭК делегациясы Минскіде Жоғары технологиялар паркінің жұмысымен танысты

ЕЭК делегациясы Минскіде Жоғары технологиялар паркінің жұмысымен танысты

16.07.2020

16 шілдеде Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович және ЕЭК министрлері  Гегам Варданян, Серік Жұманғарин, Артак Камалян, Виктор Назаренко және Олег Панкратов Минскіде Жоғары технологиялар паркінің (ЖТП) Бизнес-инкубаторына барды.

Комиссия өкілдері ЖТП жұмыс істеуінің ерекшеліктерімен танысты және  бұл жобаны іске асыруға мүдделілік білдірді. Атап айтқанда, IT-мамандар даярлау, стартаптарды іске қосу, осы саланы дамытудағы мемлекеттің рөлі мәселелері көтерілді.

Михаил Мясникович атап көрсеткендей, Жоғары технологиялар паркінің құрылуы арқасында шетелге кететін IT-мамандар саны күрт қысқарғаны маңызды. Бұдан да басқа, енді жоғары білікті кадрлар Беларуське жұмысқа келуде.

Олег Панкратов өз кезегінде осыған ұқсас парктің Қырғыз Республикасында ойдағыдай жұмыс істейтінін атап өтті. Оны құрған кезде нақ осы белорус тәжірибесі негізге алынған.

ЖТП-ның басты артықшылығы - Беларусь Республикасының бүкіл аумағында қолданылатын айрықша құқықтық режим болып табылады.

Резидент-компаниялардың салықтық жеңілдіктері бар, сондай-ақ жалақыға ең төмен салық салынады. ЖТП 2005 жылдан бері жұмыс істейді, бүгінгі таңда 800-ден астам компания резиденті болып табылады. Өндірілетін бағдарламалық жасақтаманың 90 пайыздан астамы экспортқа шығарылады.​