Жүйеге кіру
Мүше мемлекеттердің Экономика министрліктерінің басшылары сыртқы сын-қатерлерге жауап беру үшін ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін тұжырымдауға уағдаласты

Мүше мемлекеттердің Экономика министрліктерінің басшылары сыртқы сын-қатерлерге жауап беру үшін ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін тұжырымдауға уағдаласты

20.08.2019

Қырғыз Республикасының Сары-Ой селосында Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте мүше мемлекеттердің Экономика министрліктерінің басшылары сыртқы сын-қатерлерге орай Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕАЭО) ағымдағы макроэкономикалық жағдайды талқылады.

 

Мүше мемлекеттердегі макроэкономикалық жағдайға саудадағы шектеулердің әсері және интеграциялық процестер, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын құжатты дайындау мәселелері іс-шараға қатысушылардың басты назарында болды.

 

Отырысты ашқан Қырғыз Республикасының Экономика министрі Санжар Муканбетов осындай форматтағы кездесудің және ынтымақтастықтың проблемалық аспектілері мен экономикалық саясатты іске асыру бойынша пікір алмасудың қажеттігі әлдеқашан пісіп-жетілгенін атап өтті.

 

ЕАЭО елдерінің ұлттық экономикаларына және Одақтың макроэкономикалық орнықтылығына тікелей немесе жанама әсерін тигізетін түбірлі сын-қатерлер аталды. Атап айтқанда, бұлар – әлемдік экономиканың баяулауы, шикізаттық тауарларға арналған бағалардың төмендеуі, сауда және экономикалық қайшылықтардың эскалациясына байланысты тәуекелдер.


Кеңеске қатысушылар болжамдар дайындау және саясаттың шараларын тұжырымдау кезінде сыртқы жағдайлардың нашарлауын ескеру қажеттігін, сондай-ақ экономикалық басқару механизмдерін жетілдіруді атап өтті.

Олар тарифтік емес тосқауылдарды және өзара саудадағы тосқауылдарды азайту жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңызына назар аударды және 2018 жылғы 6 желтоқсанда мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған Интеграциялық процестерді дамыту декларациясының негізгі ережелерін іске асыру мақсатында ынтымақтастықтың тиімді механизмдерін тұжырымдау қажеттігі туралы пікірге келді. Экспортты сыртқы нарықтарға ілгерілету стратегиясын әзірлеу, сыртқы саудаға жәрдемдесетін сауда ағындарын әртараптандыру үшін үшінші елдермен өзара іс-қимылды кеңейтуді жалғастыру ұсынылды.


Кеңес қорытындысы бойынша Одақ елдерінің макроэкономикалық саясаты саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуды, соның ішінде мүше мемлекеттердің Экономика министрліктерінің басшылары мен Комиссия өкілдерінің кездесуі форматында тұрақты негізде жалғастыру туралы шешім қабылданды.