Жүйеге кіру
ЕЭК асыл тастардың экспортын оңайлатумен және ЕАЭО-да антисептиктердің еркін айналысын қамтамасыз етумен жұмыс істеуде

ЕЭК асыл тастардың экспортын оңайлатумен және ЕАЭО-да антисептиктердің еркін айналысын қамтамасыз етумен жұмыс істеуде

20.02.2021

ЕЭК штаб-пәтерінде Еуразиялық экономикалық комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаеваның төрағалық етуімен Реттеуші әсерді бағалау (РӘБ) жөніндегі жұмыс тобы тарифтік емес реттеу және санитариялық шараларды қолдану мәселелерін қарады.

 

Атап айтқанда, өңделген асыл тастарды Одақтың кедендік аумағынан әкету үшін қажетті құжаттар тізбесін қысқарту туралы ЕЭК Алқасы шешімінің жобасы талқыланды. Мұндай тәсілдеме Одақ елдерінде өндірілген қосылған құн деңгейі жоғары зергерлік өнімнің экспортын дамытуға ықпал ететін болады.

 

ЕЭК Алқасының тері антисептиктеріне қатысты шешімінің жобасы қаралды. Құжат сырт теріні дезинфекциялау құралдарына (тері антисептиктеріне) қойылатын бірыңғай талаптарды және осы өнімнің уыттылығы мен қауіпсіздігін зерделеу және бағалау үшін құжаттардың жалпы тізбесін белгілеуді көздейді.

 

Қауіпсіздік көрсеткіштері мен зерттеу әдістерін біріздендіру тері антисептиктерін зерттеу нәтижелерін және оларды тіркеу туралы құжаттарды өзара тануға жағдай жасайды.


«Жұмыс тобы екі маңызды әрі өзекті құжатты қарады. Біріншісі — зергерлік өнімнің үшінші елдерге экспортын ұлтүсті реттеуді оңтайландыруға, ал екіншісі — ЕАЭО-ның барлық елінің арасында антисептикалық құралдардың өзара саудасын оңайлатуға бағытталған», — деп атап өтті отырыс қорытындысы бойынша Ғалия Жолдыбаева.​