Жүйеге кіру
ЕЭК агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) ұзақ мерзімді кезеңде дамытуды болжауға көшеді

ЕЭК агроөнеркәсіптік кешенді (АӨК) ұзақ мерзімді кезеңде дамытуды болжауға көшеді

20.02.2020

 

ЕЭК Агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі консультативтік комитеті Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендерін дамытуды болжау әдіснамасының жобасын мақұлдады. Бұл туралы талқылау қорытындысы бойынша ЕЭК Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен жөніндегі Алқа мүшесі (министр) Артак Камалян хабарлады.

Әдіснама жобасы көрсеткіштерді түзете отырып, орта мерзімді (5 жыл) және ұзақ мерзімді (10 жыл) кезеңге Одақтың әрбір елінде индикативтік көрсеткіштердің даму процестерін бағалауды және экстраполяциялауды жүргізуге мүмкіндік беретін болжау құралдары жүйесін қолдануға сүйенеді.

«Ұзақ мерзімді болжамдар инвестициялық тартымдылықтың құралы болады, өйткені Одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендерінің ұзақ перспективаға арналған даму трендтерін, сондай-ақ олардың әлеуетті өндірістік және тұтынушылық тауашаларын бағалауға мүмкіндік береді. Қорытындысында қаржылық және материалдық ресурстар бұдан да ұтымды пайдаланылатын болады», - деп атап өтті Артак Камалян.

Әдіснаманы ауыл шаруашылығы өнімі, азық-түлік, зығыр талшығы, былғары шикізаты, мақта талшығы және жүн бойынша сұраныс пен ұсыныстың ұлттық болжамдық баланстарын әзірлеу бойынша елдерге кейіннен ұсынымдар дайындай отырып, ЕЭК Одақ мемлекеттерінің агроөнеркәсіптік кешендерін дамытудың болжамдық көрсеткіштерін есептеу үшін пайдаланатын болады.

Жобада көзделген болжаудың аспаптық әдістері, соның ішінде ФАО және ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк және басқалар сияқты халықаралық құрылымдардың практикасында кеңінен қолданылады.

Анықтама

Әдіснама жобасы 2018 жылғы 19 қарашадағы Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесі бірінші отырысының № 1 хаттамасының 2.2. тармақшасын орындау мақсатында әзірленді.

ЕАЭО туралы шарттың 95-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешендегі болжау келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

 ​