Жүйеге кіру
Тосқауылсыз сауда: кемшіліктері және оларды жою жолдары

Тосқауылсыз сауда: кемшіліктері және оларды жою жолдары

IMG_3703.jpg
19.06.2020

18 маусымда Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі мен ЕЭК Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтағы ішкі сауда мәселелерін қарады және бірқатар сындарлы шешім белгіледі. Жаңа құралдар мен жаңа табанды іс-қимыл қажет екендігі атап өтілді.

 

Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жоюдың кешенді тәсілдемесі Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиялық бағыттарында бейнеленген, олардың жобасын 2020 жылғы 19 мамырда ЕАЭО мемлекеттерінің басшылары тұтастай мақұлдады. Қазіргі уақытта құжаттың жекелеген ережелері нақтылануда және Іске асыру жоспарын әзірлеу жүріп жатыр.

 

Сонымен бірге, ЕЭК Алқасының Төрағасы Михаил Мясникович әкелінетін тауарларды үйлестірілген кедендік бақылаудың механизмдерін жедел тұжырымдауға, электрондық құжаттармен алмасуға, санкциялық тауарларды сәйкестендіруге, тауарларды, әсіресе ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын тауарларды қадағалап отырудың электрондық жүйелерін интеграциялауға, «жасыл дәліздер», электрондық кезектер құруға және өзара саудаға ықпал етудің басқа да шараларына бағытталған жедел шаралар қабылдауды ұсынды.

 

Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Алексей Оверчук Одаққа мүше мемлекеттердің шекаралары арқылы тауарларды өткізуге байланысты келіспеушіліктерді реттеу және даулы мәселелерді шешу бойынша іргелі ұсыныстар білдірді. Беларусь Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, ЕЭК Кеңесінің Төрағасы Игорь Петришенко кешіктірмей қарауды талап ететін практикалық сипаттағы өзекті міндеттерді және оларды шешу жолдарын тұжырымдады. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Әлихан Смайылов, Армения Республикасының вице-премьері, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Мгер Григорян, Қырғыз Республикасының вице-премьер-министрі, ЕЭК Кеңесінің мүшесі Эркин Асрандиев нақты ұсынымдар ұсынды.

 

ЕЭК Алқасының 9 маусымда осы мәселелерді талқылағанын ескере келгенде, өзара саудада бұдан да жоғары сенім деңгейін қалыптастыруға негіз бар деуге болады. Бұл салық және кеден салаларындағы ақпарат алмасуды жақсартуға, Одақтың сыртқы шекарасының бүкіл контуры бойынша үшінші елдерден тауарлар импортын әкімшілендірудің шаралары мен бірыңғай тәсілдемелерін келісуге, тауарлар импорты кезінде қадағалап отыру механизмдерін тездетіп қолдануды қамтамасыз етуге және сыртқы шекара арқылы және Одақ ішінде тауарларды заңсыз өткізуді қысқартуға мүмкіндік береді.

 

ЕЭК Кеңесі жоғары деңгейдегі жұмыс тобын құру және тиісті «жол картасын» әзірлеу туралы шешім қабылдады.

 

ЕЭК Алқасының пайымдауынша, бұл шаралар тосқауылдарды жою және өзара талап қоюды реттеу бойынша 2020 жылы қабылданып қойған шешімдермен кешендесе келіп, ішкі саудадағы Одақ елдерінің бизнес-қоғамдастығы мен мемлекеттік басқару органдарының елеулі сынын тудырып отырған проблемалық жағдаяттарды жоюға мүмкіндік береді.​