Жүйеге кіру
ЕАЭО және Вьетнам арасындағы сауда режимін ырықтандырудың арқасында, соңғы жылдың ішінде елдер арасындағы тауар айналымын 36%-ға арттыруға мүмкіндік берілді

ЕАЭО және Вьетнам арасындағы сауда режимін ырықтандырудың арқасында, соңғы жылдың ішінде елдер арасындағы тауар айналымын 36%-ға арттыруға мүмкіндік берілді

19.06.2018

Евразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы Еркін сауда туралы келісімді іске асырудың қорытындысы, ЕАЭО-ның бірыңғай қызметтер нарығын кеңейтудің келешегі және халықаралық сахнадағы жаһандық протекционизм деңгейінің өсуі жөніндегі мәселелерді Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) және мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдері 18 маусымда ЕЭК-ның Сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министрі) Вероника Никишинаның төрағалық етуімен өткен XIХ Бизнес-диалог отырысында қарады.

Іс-шараға Армения мен Ресейдің сауда-өнеркәсіптік палаталарының, «Деловая Россия» жалпыресейлік қоғамдық ұйымының, Еуропалық бизнес қауымдастығының, «РУСАЛ Глобал менеджемент», АКОРТ компанияларының, «АСКОНД» кондитерлік өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының және басқа ұйымдардың өкілдері қатысты.

Талқыланған тақырыптардың бірі, ЕАЭО және Вьетнам арасындағы Еркін сауда туралы келісімнің іске асырылуы болды. «ЕАЭО және Вьетнам арасындағы сауда келісімін жасасудың алдында болған қауіптенуге қарамастан, пессимистік болжамдар расталмады, – деді Вероника Никишина. – Көрсеткіштерге сәйкес, Вьетнамнан импорт көлемі мен экспорт көлемінің артып бара жатқаны байқалуда. Бұдан бөлек, біз басқа елдермен сауда қатынастарында қолданыла алатын триггерлік тетіктерді сәтті түрде сыннан өткіздік».

Комиссияның Сауда саясаты департаменті директорының орынбасары Станислав Георгиевский, ЕАЭО және Вьетнам арасындағы Еркін сауда туралы келісімнің оң әсерін атап өтті. Осылайша, келісімге қатысушы елдердің өзара саудасына жүргізілген талдау көрсеткендей, соңғы жыл ішінде тауар айналымы  2016 жылы 4,3 млрд АҚШ доллардан 2017 жылы 5,9 млрд АҚШ долларға дейін  36%-ға өсті. Вьетнамнан ЕАЭО-қа импорт көлемі 34,7%-ға, Вьетнамға экспорт көлемі 39,5%-ға артты. Бұл арада, Армения Республикасы мен Қырғыз Республикасы және Вьетнам арасындағы сауда жаңадан дами бастап, айтарлықтай ауқымға жетті.

Тауар айналымы, көбінесе, Қазақстан Республикасы мен Вьетнам арасында 48,2%-ға артты. Бұл көрсеткіш, көп жағдайда, қазақстандық тауарларды вьетнамдық нарыққа экспорттау көлемінің 63,7%-ға өсуіне байланысты қамтамасыз етілді.

ЕЭК-ның Қаржылық саясат департаментінің салықтық саясат бөлімінің басшысы Нурматбек Мамбеталиев, Одаққа мүше мемлекеттерде салық саясатының бірыңғай тәсілдемелерін жасап шығару туралы айтты. Оның айтуынша, қатысушы елдердің интеграциялық ынтымақтастығының басымдықтарының бірі болып саналатын үйлестірілген салықтық саясатты қалыптастырудың негізгі мақсаты – Одаққа мүше мемлекеттердің сауда-экономикалық өзара іс-қимылын дамыту үшін кемсітілмейтін салықтық жағдай жасау, тауарлардың, капиталдың, қызметтердің және жұмыс күшінің еркіндігін қамтамасыз ету болып табылады. Нурматбек Мамбеталиев, ЕАЭО елдерінің салық органдарының электрондық сервистерін кеңейтудің және ақпарат алмасудың тиімділігін арттыру арқылы салықтық әкімшілік етудің жетілдірілетінін хабарлады.

Комиссияның Кәсіпкерлік қызметті дамыту департаменті директорының орынбасары Гнел Маилян, ЕАЭО бірыңғай қызметтер нарығы және оны кеңейту келешегі туралы баяндаманы ұсынды. Ол атап өткендей, Одақтың шеңберіндегі бірыңғай нарық әрекет ететін қызмет секторлары (қосалқы секторлары), бүгінгі таңда 49 секторды қамтып, жалпы алғанда, ЕАЭО елдерінде өндірілетін қызмет көлемінен шамамен 55%-ды құрайды. Тағы үш секторда бірыңғай нарық қағидалары біршама кейінірек қолданылатын болады. Ырықтандыру жоспарлары іске асырылғаннан кейін, тоғыз қызмет секторы 2019–2021 жылдары бірыңғай нарық форматына ауыстырылады. Одақтың шеңберінде бірыңғай қызметтер нарығының қағидалары қалай қолданылатынына мониторинг жүргізу үшін, тиісті жұмыс тобы құрылды.

«Одақтың құқықтық алаңында жасалған нормалардың тәжірибе жүзінде қалай іске асырылатынын түсіну үшін, Комиссияға бизнестің проактивті позициясы қажет, себебі іскерлік қоғамдастықтың өкілдері ғана бірыңғай нарықтың жұмыс істеуін барынша тиімді етуге көмектесе отырып, тап болатын қиындықтары туралы хабарлай алады, – деді Гнел Маилян. – Жалпы, қызмет секторының әлемдік экономика үшін маңызы қарқындап өсуде. Дамыған және көптеген дамып жатқан елдердің ЖІӨ-дегі қызмет үлесі 50%-дан асады. ЕАЭО елдерінде бұл көрсеткіш шамамен 60% құрайды».

Аталған іс-шараның барысында, Комиссия Одаққа мүше елдермен бірге ұйымдастыратын жыл сайынғы іскерлік іс-шара болып саналатын «Еуразиялық апта» халықаралық көрме форумының дайындық барысын да талқылады. Оның мақсаты – ЕАЭО-ның экономикасын, инвестициялық және экспорттық әлеуетін дамытуға қолғабыс ету. Биылғы жылы форум Ереванда (Армения Республикасы) өтеді. Оның басты тақырыбы – еуразиялық кеңістіктегі кооперациялық байланыстарды, субконтрактацияны дамыту, сондай-ақ экспортты қолдау аспаптарын жасау болмақ.

Биылғы жылы форум, ең алдымен зергерлік өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тағам өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ІТ-технологиялар және дәлме-дәл инженерия, фармацевтика және медициналық бұйымдар сияқты салаларға бағытталған.

Пікірталастың қорытынды тақырыбы – қайта бөлінетін ағындардағы ЕАЭО өндірушілерінің экономикалық мүдделерін қорғауға және оларды халықаралық сахнада қалыптасқан жаһандық протекционизмнің өсуі жағдайындағы экспорттық нарықтарда қолдауға арналған. Аталған мәселе бойынша «РУСАЛ Глобал менеджмент» ЖАҚ Сауда саясаты департаментінің директоры Дмитрий Гончаров сөз сөйлеген болатын.