Жүйеге кіру
ЕЭК COVID-19 коронавирусының таралуына байланысты ЕАЭО елдерімен бірлесіп макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі шаралар пакетін қалыптастырады

ЕЭК COVID-19 коронавирусының таралуына байланысты ЕАЭО елдерімен бірлесіп макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі шаралар пакетін қалыптастырады

19.03.2020

Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО елдерімен бірлесіп, коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты, тауарлармен өзара сауданы және Еуразиялық кеңістікте жұмыс күшінің еркін қозғалысын сақтау жөнінде ден қою шараларының пакетін қалыптастырады. Бұл туралы Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің кәсіпкерлік қоғамдастығы өкілдерімен бизнес-диалогтың кезекті отырысында ЕЭК Сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев айтып берді.

 

Андрей Слепнев бүгінде жаһандық және ішкі сұраныс кеміген кезде, өзіндік стратегия мен саясатты қайта бағалау қажет, бұл үшін ЕЭК бизнеспен бірлесіп қалыптасқан экономикалық жағдайларға жедел ден қою және жағдайды тұрақтандыру жөнінде жүйелі жұмысты құру мақсатында қажетті шараларды әзірлеуді және қабылдауды жоспарлап отыр, деп атап өтті.

 

Бұл орайда бірінші кезектегі шаралар - жеке тауар топтары бойынша кедендік-тарифтік саясат саласындағы нүктелік реттеу, ЕАЭО ішкі нарығының дезинтеграциясына жол бермеу жөніндегі шараларды үйлестіру мониторингі және қадағалап отыру, сондай-ақ қалыптасатын валюталық тәуекелдерді азайту үшін ЕАЭО елдерінің валюталық бағамдарының алшақтығына жол бермеу мақсатында қаржы нарығындағы жағдаятты тұрақтандыру жөніндегі шаралар болады.

 

Сонымен бірге, Андрей Слепнев атап өткендей, «бірқатар нарықтарда, мысалы, кейбір тауар позициялары бойынша қытайлық өндірушілердің тоқтауына байланысты, жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Нарық өндірістің жетіспеушілігін бастан кешіреді және осыған байланысты аталған тауашаларды сәйкестендіру мен оларда қандай мүмкіндіктер ашылғанын көрудің мән-мағынасы басым болады». Сондай-ақ, ол нарықта қалыптасқан жағдаят сауданы цифрландыру үшін, және де тауарлардың электрондық саудасында ғана емес, сол сияқты тұтастай алғанда бизнес-процестерді: транзитті, В2В-өзара іс-қимылды цифрландыруда қосымша серпім туғызатынын да меңзеп өтті.

 

Бірінші кезектегі қадамдардың ішінде - коронавирустық инфекцияның таралуын бақылау және болдырмау үшін медициналық мақсаттағы өмірлік маңызы бар тауарларды жеткізуді қамтамасыз етуге жәрдемдесетін кедендік-тарифтік реттеу шаралары бар. Аталған тауарлардың тізімі пысықталуда және ол таяу уақытта қалыптастырылатын болады. Бұдан басқа, қысқа мерзімді кезеңнің шаралары ретінде ұлттық нарықтардағы және экспортқа бағдарланған компаниялардың өндірістік тізбектеріндегі тәуекелдерді өтеу қарастырылуда. Осы үшін бірқатар тауарларға (жиынтықтаушы, шикізат, материалдар) арналған импорттық тарифті төмендету жоспарланып отыр, бұл өндірістік компаниялардың тұрақты жұмысын қолдау үшін олардың ағымдағы және алда тұрған шығындарын өтеуге ықпал ететін болады.

 

Сондай-ақ, COVID-19 коронавирусының таралуына байланысты ЕЭК-те макроэкономикалық тұрақтылықты, тауарлармен өзара сауданы және ЕАЭО кеңістігінде жұмыс күшінің еркін қозғалысын сақтау жөнінде келісілген шаралар мен ұсынымдар тұжырымдау үшін жұмыс тобы құрылды.

 

Бизнес-қоғамдастық өкілдері Еуразиялық кеңістіктегі экономикалық жағдаятты тұрақтандыру жөнінде, соның ішінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарында есеп айырысуға көшумен ұлттық валюта бағамдарының құбылмалылық тәуекелін азайту жөнінде қосымша шаралар қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, бизнес ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы ауыл шаруашылығы өндірісінің өзгерген жағдаятын ескере отырып, сезімтал ауыл шаруашылығы тауарларының тізімін қайта қарау бастамасын көтерді.

 

«Біз Одақ елдерінің ұсыныстарын жұмыс істеу үшін аламыз. Олардың шешімін табуы мен мүмкіндіктерін талқылайтын боламыз», - деп атап өтті Андрей Слепнев. Министр сондай-ақ бизнеске ұлттық үкіметтермен белсенді өзара іс-қимыл жасау және нарықтағы экономикалық жағдаятты реттеу жөніндегі идеяларды, ұсыныстарды, схемаларды жедел жіберіп отыру туралы өтінішпен қайырылды.

 

Бизнес-диалог отырысы шеңберінде қатысушылар тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау, қолдану практикасын ескере отырып ЕАЭО-ның Кеден кодексін жетілдіру мәселелерін және техникалық реттеу саласындағы ЕАЭО-ның елдер-сауда әріптестері қолданатын шектеу шараларын да талқылады.