Жүйеге кіру
ЕЭК ЕАЭО-ның мұнай-химия саласында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды жоспарлауда

ЕЭК ЕАЭО-ның мұнай-химия саласында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды жоспарлауда

19.03.2020

ЕЭК Өнеркәсіптік саясат департаменті директорының орынбасары Дина Ақпанбаева Ресей Федерациясының Мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер одағының президенті Константин Радинскиймен кездесуде: «Біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің мұнай-химия саласын дамытудың қазіргі заманғы бірлескен жолдарын іздестіруге бел байлап отырмыз», - деп атап көрсетті.

 

ЕЭК өкілі мүше мемлекеттер кәсіпорындарының кооперациясын дамыту үшін Комиссиядағы қазіргі бар Өнеркәсіп жөніндегі консультативтік комитет жанынан сараптамалық топ құрудан бастап импорт алмастыру жөніндегі жоғары деңгейдегі жұмыс тобының отырыстарына қатысуға дейінгі барлық құралдарды пайдалануды ұсынды.

 

«Бірлескен диалог пен бизнестің хабардарлығын арттыру саланың қазіргі бар проблемаларын тез әрі тиімді шешуге және болашақта болуы мүмкін проблемалардың алдын алуға мүмкіндік береді», - деп атап көрсетті Дина Ақпанбаева.

 

Кездесу 17 наурызда Мәскеуде «Сколково» Инновациялық орталығында Еуразиялық экономикалық комиссияның, РФ Мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер одағының және «Технологиялық даму жөніндегі агенттік» АКҰ өкілдерінің диалогы шеңберінде болып өтті. Мұнай-газ жабдықтары саласын дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. Ресейдегі импорт алмастыру бағдарламасы шеңберінде талдамалық қызмет жөніндегі агенттіктің тәжірибесіне, сондай-ақ зерттеулер жүргізу барысында Ресейдің әртүрлі өңірлері арасындағы кооперациялық тізбектер анықталған тәжірибеге ерекше назар аударылды.

 

Кездесу қорытындысы бойынша Комиссия мен РФ Мұнай-газ жабдықтарын өндірушілер одағының алдағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары айқындалды.​