Жүйеге кіру
ЕЭК пен ЕҚЫҰ ынтымақтастығы – экономикалық салада таңдаулы халықаралық практикамен алмасудың оңтайлы механизмі

ЕЭК пен ЕҚЫҰ ынтымақтастығы – экономикалық салада таңдаулы халықаралық практикамен алмасудың оңтайлы механизмі

Фото для пресс-релиза-Лобков-19-02_2020.jpg
19.02.2020

Басқарудың транспаренттілігін арттыру, инновацияларды ілгерілету, цифрлық экономиканы дамыту 17-18 ақпанда Венада (Австрия) өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Экономикалық-экологиялық форумын дайындау жөніндегі алғашқы кездесудің басты назарында болды. Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссия атынан ЕЭК Интеграцияны дамыту департаменті директорының орынбасары Саадат Асансейітова қатысты.

«Транспаренттілік - ЕЭК жұмысының түйінді қағидаттарының бірі және біздің барлық күш-жігеріміз ЕАЭО шеңберінде бизнесті жүргізу үшін барынша қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған», - деп атап өтті ЕЭК өкілі.

Ол «ЕАЭО-дағы экономикалық интеграцияның әртүрлі саласында цифрлық және инновациялық технологияларды кеңінен қолдану арқасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендеуде. Бұл, атап айтқанда, 2018 жылы күшіне енген ЕАЭО Кеден кодексінің мысалынан көрінеді. Электрондық кедендік әкімшілік жүргізу экспорттық-импорттық механизмдердің ашықтығын айтарлықтай арттырды, бұл Одақтың барлық елінің халықаралық рейтингтерінде көрініс тапты», - деп атап көрсетті.

Бұдан басқа, Саадат Асансейітова ЕЭК шешімдерінің жобаларын қоғамдық талқылау рәсімі оларды қабылдау процесіне қатысушылардың үлкен тобын, соның ішінде Одақ мемлекеттерінің және үшінші елдердің кәсіпкерлерін, сарапшыларын, жеке тұлғаларын тартуға мүмкіндік беретінін хабарлады. Ал реттеушілік әсерді бағалау кәсіпкерлік қызмет субъектілері үшін басы артық міндеттерді, шектеулерді немесе тыйым салуларды анықтауға және жоюға көмектеседі.

Кездесуге ЕҚЫҰ өңірі мемлекеттерінің 200-ге жуық дипломатиялық өкілі, сондай-ақ Еуропалық комиссияны қоса алғанда, экономикалық тақырыптамаға маманданған халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Форумның күн тәртібінде сондай-ақ бюджетті және мемлекеттік сатып алуды бақылаудың цифрлық жүйелері, электрондық үкіметті құру кезінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып тиімді практикаларды ендіру сияқты тақырыптар қамтылған.

ЕҚЫҰ-ның әмбебап алаңы Еуразиялық экономикалық комиссияға кең экономикалық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Еуропалық мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен және басқа да қатысушы елдермен «сағат салыстыру» мүмкіндігін береді. ЕҚЫҰ экономикалық өлшемі шеңберінде 2020 жылы тағы да бірқатар маңызды іс-шаралар өтеді.

Анықтама

ЕҚЫҰ Еуропаның, Орталық Азияның және Солтүстік Американың 57 қатысушы елін біріктіреді. ЕҚЫҰ жанындағы ЕАЭО мемлекеттері делегацияларының күш-жігерімен Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуразиялық экономикалық комиссия ЕҚЫҰ Тұрақты кеңесінің шешімімен халықаралық ұйымдар, халықаралық органдар, өңірлік бірлестіктер мен конференциялар тізбесіне енгізілді, олардың өкілдері жыл сайын ЕҚЫҰ-ның Экономикалық-экологиялық форумына қатысуға шақырылады. 2020 жылы Ұйымға Албания төрағалық етеді.​