Жүйеге кіру
Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістерді бекітті

Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістерді бекітті

18.02.2013

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің шешімімен Кеден одағының (КО) «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» (ТР ТС 018/2011) техникалық регламентіне 2015 жылдан бастап шұғыл оперативтік қызметтерді шақыру жүйесінің элементтерімен міндетті түрде жарақталуы бөлігінде өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер шұғыл оперативтік қызметтерді шақыртудың автомобильдік жүйелерімен (құрылғыларымен) жарақтаудың тәртібін және оларға қойылатын елеулі талаптарды белгілеп отыр. Аталған өзгерістер жол-көлік оқиғалары бола қалғанда шұғыл оперативтік қызметтердің жедел әрекет ету уақытын мейлінше қысқартуға және де шұғыл оперативтік қызметтер зардап шеккендерге медициналық жәрдемді уақтылы көрсету есебінен ЖКО салдарларының ауыртпалығын кемітуге бағытталады.

ЕЭК Техникалық реттеу және аккредиттеу Департаментінің директоры Василий Бойцов өз сөзінде: «Бұл өзгерістер Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттерде жол апаттары кезінде шұғыл әрекет ету жүйелерін құруға және оның қызмет жасауына жағдайлар туындатты. Ол көптеген автокөлік құралдарын жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулықтарын сақтап қалуға мүмкіншілік береді» -деп баса айтты.

Бір айта кететіні, Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне енгізілетін өзгерістерді әзірлеуге Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары, соның ішінде Ресейдің Өнеркәсіп және сауда министрлігі, Беларусь Республикасының Мемстандарты, Қазақстан Республикасының ІІМ, сондай-ақ Ресей аумағында құрылып отырған шұғыл оперативтік қызметтерді шақыру жүйесін жасау және енгізу бойынша жұмыстарды жалғыз ғана орындаушы болып табылатын коммерциялық емес «ГЛОНАСС» серіктестігі – барлығы да осы іске белсене қатысқандарын айту керек. Бұл ретте В.Бойцов қазіргі уақытта Тараптар осы аталған жүйенің элементтік базасын Кеден одағына мүше мемлекеттерде де жасап шығару мүмкіндігі қаралып жатқандығын атап өтті.

Аталған талаптардың енгізілу мерзімдері белгіленді.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап (Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне енетін күн) М санатындағы (жеңіл автокөліктер мен автобустар) және де N санатындағы (жүк автокөліктері) көлік құралдарын жарақтандыру бойынша талаптар көлік құралдарының барлық жаңа типтеріне (яғни осы техникалық регламентке сай сәйкестілік бағалауынан өтпеген немесе талаптар енгізілгенше немесе ұлттықтан жоғары деңгейде Кеден одағына мүше мемлекеттерде талаптар енгізілгенше) таралады.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жолаушыларды коммерциялық тасымалдау үшін пайдаланылатын, 6 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды арнайы тасымалдауға арналған және де қауіпті жүктерді, тұрмыстық қатты қалдықтарды және қоқысты тасымалдауға (қоқыс тасығыштар) арналған M және N санатындағы көлік құралдары, сондай-ақ қауіпті жүктерді тасымалдағыш тіркемелерді жетекке алуға пайдаланылатын тартқыштар шұғыл оперативтік қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыруға жатады.

2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап айналымға шығатын қалған барлық M және N санатындағы көлік құралдары шұғыл оперативтік қызметтерді шақыру құрылғыларымен жарақтандыруға жатады.

Аталған өзгерістерді тиімді түрде іске асыру мақсатында Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің жол апаттары кезінде шұғыл әрекет ету жүйелерін үйлестіру бойынша жұмысты одан әрі жалғастыру орынды болады.